Президент журналистердің қудалануына қатысты оқиғаны тексеруді тапсырды

0
690

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті.


Президент журналистердің қудалануына қатысты оқиғаны тексеруді тапсырды

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы белгісіз адамдар тарапынан қудалауға ұшыраған қазақстандық журналистердің ісіне қатысты арнайы тапсырма берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті.

«Президенттің атына жолданған «Әділ сөз» халықаралық қоры мен Қазақстан Журналистер одағының әйел-журналистерді қорғау туралы өтініші назарға алынды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қатысты заңға қайшы әрекеттер жасаған адамдарды жауапқа тарту үшін болған оқиғаларды тергеу тиісті мемлекеттік органдарға тапсырылды», - деп жазды ол.

Айта кетсек, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры мен Қазақстан Журналистер одағы журналистердің қудалануына қатысты мемлекеттік органдарға жүгініп, өтініш жолдаған болатын. Хатта YouTube желісіндегі ElMedia арнасының редакторы Гүлжан Ерғалиева мен Orda.kz порталының бас редакторы Гүлнар Бажкенованың үнемі психологиялық шабуылға және белгісіз адамдар тарапынан қорқытып-үркіту әрекеттеріне ұшырайтыны жазылған. Сонымен қатар құқық қорғаушылар 2022 жылдың шілдесінде Атырау қаласында «Дорожный контроль» ақпараттық порталының тілшісі Олеся Вертинскаяның соққыға жығылғаны туралы оқиғаға назар аударуды сұраған.