Ресей шекарасында орналасқан Атырау облысының Көптоғай ауылы көшірілуі мүмкін. Себебі мұндағы үйлер қызыл белдеуде орналасқан.
ERNUR.KZ. Әкімдік әрқайсының үй құжатын сұратып тексере бастапты. Осыған алаңдаған жұрт туған жерімізді тастап ешқайда кетпейміз деп отыр. Шекара шебінде тұрған ауылдың болашағын жергілікті билік өкілдері де болжай алмайды. Себебі бұл мәселе үкіметтік деңгейде шешілген, деп жазады Inbusiness.kz.
Осыдан екі жыл бұрын шу шыққан Көптоғай ауылы. Ресеймен шекаралас орналасқан. 2021 жылы қазақстандық шекарашылар ауыл іргесінен сым тарта бастағанда көптоғайлықтар жаппай қарсы шыққан еді. Өйткені мал-жан су ішетін Қиғаш өзені қоршудың арғы бетінде қалады. Осыдан кейін шекарашылар аумақты қоршау жұмысын тоқтатты. Бірақ жақында әкімдік өкілдері іргедегі жиырмадан астам үйдің құжатын сұратып, қызыл белдеуде тұр дегенді айтыпты. Мұны естіген көптоғайлықтар елді жаппай көшіріп жебере ме деп қорқып отыр.
"Әкімшілік қоғам жұмыскерлерін жіберіп үйлердің құжатын алған. Фотоға түсірген, соны жинақтап жатыр. Неге десе, түсіндіріп дұрыс халыққа айтпайды да. Өмір бойы тұрғандар бар. Зейнеткерлер бар, жалғызбастылар бар. Кім өзінің жылы мекенінен қозғалғысы келеді? Ешкім", - дейді ауыл тұрғыны Сырым Баженов.
"24 үй кіріп тұр, соны мәліметін, жер кадастрын, мемлекеттік актісін, шешімін сұрадық, болды, басқа ештеңе сұрамадық. Бұл кісілерге көшіріледі, не болмаса, жерлеріңіз алынады деген ақпарат таратылған жоқ. Ондай қарастырылған да жоқ, айтылған да жоқ", - дейді Көптоғай ауылының әкімі Бауыржан Нұрланұлы.
Көптоғайлықтардың бұл наразылығына Құрманғазы ауданы әкімі де жауап берді. Ол ауылда шу шыққанда арнайылап барып келгенін, бірақ үйлердің көшіріліп-көшірілмейтіндігіне қатысты нақты жауап бере алмай отыр.
"Шекара белгілерінің орнатылуы, оның қозғалуы деген сұраққа біздің шекара қызметінің қатысы жоқ. Бізге шекара сызығын қалай белгілеп берді, қай жерге белгілер орнатылды, біз сол жерде күзет орнатамыз. Шекара аймағындағы режиімнің сақталуын қамтамасыз етеміз", - деді ҚР ҰҚК ШҚ Атырау облысы департаменті бастығының бірінші орынбасары Айдар Қаженов.
Шекара қызметінің айтуынша, Қазақстан мен Ресей елдері өкілдерінен құралған комиссияның шешіміне сай, 2009 жылы Атырау облысындағы шекаралық аумаққа белгілер толық орнатылған. Құрманғазы ауданының құрлықта 365 шақырымы, сумен 88 шақырымнан астамы Ресей елімен шектесіп жатыр. Осылайша жергілікті атқарушы органдар қызыл белдеуде тұрған үйлерді көшіруге қатысты ештеңе ашып айта алмады. Ал жер кодекісінде шекаралық белдеуде орналасқан жерлер жекеменшікке және уақышта пайдалануға берілмейді делінген.