Коммуналдық төлемдерді кешіктіргені үшін өсімақы пен айыппұл есептелмейді, қарызы бар тұтынушылар жарық пен судан ажыратылмайды.
ERNUR.KZ. Алматы тұрғындары наурыз бен сәуір айларында коммуналдық қызметтер үшін ақша төлемейді. Әкімдік монополистермен келісіп, екі айдың төлемін кейінге қалдырып отыр, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Алматы әкімі коронавирустың таралуын мүмкіндігінше тезірек тоқтату үшін қалада қатаң шектеу шаралары қолға алынғанын атап өтті.
"Сауда орталықтарының, киім-кешек базарларының, мектептер мен балабақшалардың, кафелердің, түрлі салондардың және басқа да қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындардың жұмысын уақытша тоқтатуға тура келді. Біраз жұрт ақысыз еңбек демалысына кетуге, енді бірі қысқартуға ілікті. Бұл жағдай аз қамтылған және жұмыссыз жүрген жандарға ауыр тиді", - деп жазды қала әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Айтуынша, әкімдік қиын жағдайға тап болған алматылықтарды қолдау үшін монополистермен, лифт пен қоқысты шығаруды қоса алғанда, барлық коммуналдық қызмет бойынша төлемдерді кейінге қалдыру туралы келісімге келген.
"Наурыз және сәуір айларына келген түбіртектерді жыл соңына дейін төлеуге болады. Бұл ретте кешіктіргені үшін өсімақы мен айыппұл есептелмейді", -деді қала басшысы.
Сондай-ақ, карантин кезінде берешегі бар тұтынушылар электр, су, жылу, газ және телефон байланысынан ажыратылмайды.