Құжат Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші Факультативтік хаттамасына сәйкес әзірленді.
ERNUR.KZ. Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылады, деп жазады Zakon.kz.
Биылғы 16 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қазақстанда өлім жазасын толығымен алып тастау керектігін айтқан болатын. Осыған байланысты заң жобасында өлім жазасы түріндегі жазаны алып тастау жөнінде түзетулер көзделіп отыр.
Құжат Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші Факультативтік хаттамасына сәйкес әзірленді. Енді еліміздің заңнамасындағы өлім жазасы түріндегі, оның ішінде соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстарға жазаны толықтай алып тастау ұсынылды.
Сенаторлар комитет отырысы барысында елімізде өлім жазасының толық жойылуы – адам құқықтарын қамтамасыз етуге және конституциялық ең жоғары құндылық – өмір сүру құқығына кепілдік беруге ықпал ететінін атап өтті.