Шығыс Қазақстанда қоршаған ортаға қамқорлық жасалады

0
239

Қоршаған ортаның проблемаларын реттеу үшін 10,4 миллиард теңге жұмсау жоспарланған.


Шығыс Қазақстанда қоршаған ортаға қамқорлық жасалады

Қазіргі уақытта елімізде қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәселелерді реттеу сынды бағыттар мықтап қолға алынып, көптеген іс-шаралар атқарылуда. Сондай қарқы істер қолға алынған өңірдің бірі – тұмса табиғатымен ерекшеленетін Шығыс Қазақстан облысы.


Мәселен, соңғы бес жыл көлемінде облыс орталығындағы атмосфераны ластайтын қалдықтардың шығуы алты пайызға немесе 3300 тоннаға азайған. Ал, жаңа жылу энергетикалық орталығын іске асырудың нәтижесінде ауаға тарайтын азот концентрациясы екі есе азайыпты. Бұл жайында өткен жылды қорытындылаған өңір басшысы мәлім еткен болатын.


Оның айтуынша, келер жылға дейін мырыш өндірісі бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда газды толықтай тазарту жабдықтары орнатылып, күкірт қалдықтары 1,6 мың тоннаға дейін азаймақ. Сонымен қатар, экологиялық іс-шараларды орындауға өндіріс орындарының қоршаған ортаға залал тигізгені үшін төлеген қаржылары бағытталатын болады. Дәлірек айтсақ, үш жыл ішінде қоршаған ортаның проблемаларын реттеу үшін 10,4 миллиард теңге жұмсау жоспарланған.


Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі елдімекендердің жасыл белдеуін ұлғайту бағытында бірқатар тапсырма берген болатын. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысында 5 жыл көлемінде 476 мың түптен аса ағаш көшетін отырғызу көзделген. Тиісінше, өткен үш жыл ішінде 375 мың түптен аса ағаш отырғызылып қойған.


Сонымен қатар, биыл ел көлемінде қолға алынған «Таза Қазақстан» акция өңірде тұрақты түрде жүргізілді. Мәселен, көктемде облыс орталығындағы «сол жағалау этногафиялық кешенінде» үш жүзден аса адамның қатысуымен көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Өңір тұрғындары одан бөлек биылға жоспарланған 120 мыңнан аса ағаш көшетінің жиырма мыңын отырғызды. 200-ге тарта қоғамдық орта мен саябақтар, жүз елуге жуық ескерткіштер тазаланып, арық-атыздар мен бұлақ көздері аршылды. Жыл басынан бері қарай үш жүзден астам мәдени-тарихи жәдігер мен мыңға жуық нысанның айналасы ретке келтірілді. Өңірдегі елді мекендерден отыз мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, қырықтан аса тұрғынүй жөнделді. Жалпы, республика көлемінде қарқын алған экологиялық науқанға 530-мыңнан аса азамат белсене атсалысып, алты жарым мыңға жуық техника қызмет көрсеткен. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.


Тағы бір айта кетерлік жаңалық – өңірдегі таңғажайып нүктелердің бірі де бірегейі саналатын Қатонқарағай ауданының туризмі дамымақ. Ол үшін арнайы жоспар түзіліп, аудан басшылығы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы және шетелдің «PKF hospitality Group» компаниясымен келіссөз жасаған. Аталған құжатты жасамас бұрын Катонқарағайды мәдени және экономикалық тұрғыдан дамыту мақсатында туризм және экономика саласына жіті талдау жүргізілген. Жалпы, бұл аудан Шығыс Қазақстан облысындағы ғана емес, Қазақстан Республикалсындағы фаунасы мен флорасы бай, табиғаты ғаламат мекен болып саналады. Сәйкесінше, мұндағы туризм саласы жыл сайын өркендеп келеді.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Бөлісу