Вице-министр баласына вакцина салдырмай жүрген ата-аналарға үндеу жасады

0
625

Вице-министр қазақстанда Pfizer вакцинасының жеткілікті қоры бар екенін, елдегі барлық бала санына жеткілікті вакцина келгенін айтты.


Вице-министр баласына вакцина салдырмай жүрген ата-аналарға үндеу жасады

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният баласына вакцина салдыруға күмәнданып жүрген ата-аналарға үндеу жасады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Балалардың денсаулығы әр ата-ананың қолында. Балалар жас болғандықтан, әзірге өз денсаулығы үшін шешім қабылдай алмайды. Олар үшін бұл шешімді ата-ана қабылдауы керек. Баланы емдете ме, профилактикалық шара ала ма – бәрі ата-ананың қолында. Қазір де осы инфекцияның өте қатерлі екенін көріп отырсыздар. Уақытқа, мезгілге байланысты көптеген респираторлық вирустық инфекциялардың көп екенін, ал микс суперинфекцияның өте қатты асқынған түрде жүретінін айтқым келеді. Сондықтан, мемлекет әлемдегі ең жақсы, барлық клиникалық зерттеулерден өткен, ең тиімді вакцинаны әкеп отырғанда, бұл мүмкіндікті пайдаланғандарыңыз дұрыс», - деді деді Ажар Ғиният тілшілерге берген сұхбатында.

Вице-министр қазақстанда Pfizer вакцинасының жеткілікті қоры бар екенін, елдегі барлық бала санына жеткілікті вакцина келгенін айтты.

«Әрине, балалар вакцинациясы ата-ана шешіміне байланысты болғандықтан, екпеге түгел келмеуі мүмкін екенін топшыладық. Бірақ, дегенмен елдегі балалардың барлық санына жететіндей доза жеткізілді. Енді ата-аналармен бірге балалардың денсаулығын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейміз. Менің бүкіл де отбасым, барлығымыз вакцина алғанбыз. Басқа да туған-туыстарым мен достарымды кездескен сайын вакцинаға үгіттеймін, алып та жатыр. Халықтың қазір көзі жетті, аурудың қиын екенін, вакцина алмаған адамдармен толғанын көрді, көптеген жақындарын жоғалтты. Вакцинаның керек екенін халық түсінді деп ойлаймыз», - деді А. Ғиният.

Айта кетейік, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният пен Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова балалар вакцинациясын бақылау үшін елордалық №71 мектеп-лицейге барды.

Қазақстанда 3300 бала Pfizer вакцинасын салдырды және ешқайсысынан қатты жанама әсер байқалған жоқ.

Сонымен бірге, Ажар Ғиният балалар вакцинациясын мектепте жүргізуге қатысты пікір білдірген еді.