Заңсыз құрылыс: Алматыда урбанистика басқармасының басшысы ұсталды

0
676

Ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары үш көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен.


Заңсыз құрылыс: Алматыда урбанистика басқармасының басшысы ұсталды

ERNUR.KZ. Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді, деп жазады zakon.kz.

Агенттіктің мәліметінше, ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары үш көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен.

"Нәтижесінде мемлекетке 307 млн теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілді", деп жазады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

Бұдан басқа, 2020 жылы медициналық орталық пен ХҚКО-ның құрылысын заңсыз келісе отырып (инвестициялық жобаларды іске асыру түрімен), мүдделі тұлғалардың жеке меншігіне жер учаскелерін төмен құны бойынша одан әрі негізсіз беруге ықпал етті.

Ведомствоның нақтылауынша, шығын 180 млн теңге болған.

"Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр, басқа лауазымды адамдардың қатысы бар-жоғы тексерілуде".ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Бұған қоса Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.