Полицейдің 3 жыл бұрын жол-көлік апатынан алған жарақатының ізі оның тұлғасын анықтауға мүмкіндік берген.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысының Шу ауданында полиция майорының мүрдесі табылды. Кеуде тұсынан пышақ жарақатын алған полицейдің денесі өртелген екен, деп жазады Stan.kz.
Басылым мәліметінше, белгісіз әйел Жайсаң аулының шетінде мүрде жатқанын телефон арқылы хабарлаған. Оқиға орнына жеткен полицейлер өздерінің әріптесі – Қордай аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің ұйымдастыру-сараптамалық жұмыстар тобынының 30 жастағы инспекторы, екі баланың әкесі Бағдат Мәмілеевтің өртенген денесін көріпті.
Оның жеке куәлігі мен қызметтік куәлігі тұлғасын куәландырды. Сонымен қатар құжаттар жатқан пакетте ұялы телефон, қуаттандырғыш, аздаған ақша, джинсы шалбар, екі жейде және ауыстыратын киімдері болған. Заттар салынған пакет мүрдеден 10 метр жерде жатқан.
Сондай-ақ, полицейдің 3 жыл бұрын жол-көлік апатынан алған жарақатының ізі оның тұлғасын анықтауға мүмкіндік беріпті.
Басылым мәліметінше, полицейдің өліміне ұрлық немесе қарақшылық себеп болуы мүмкін емес. Керісінше жағдайда, қылмыскер ұялы телефон мен ақшаны ұрлап кетер еді.
«Онда қанды қылмысқа не себеп болды? Полицейді пышақтап, артынша өртеп, мүрдесін адамдар көретін жерге тастап кетуде әлдеқандай қарсылық білдіру бар. Жамбыл облыстық полиция басшылығы пікір білдіруден бас тартып отыр. Десе де бұл оқиғаны ашуға барлық полиция күштері жұмылдырылғаны анық», - делінеді басылымда.