«Концертіме көйлек киіп келмесе, кіргізбей қояды»
Актирса, продюсер, тележүргізуші Баян Алагөзова «Хабар лайк» бағдарламасына сұхбат беріп, екінші күйеуі Тұрсын Алагөзовтен маһрге не сұрағанын жайып салды.
«Тұрсын мырза Баян ханымға маһрге кеңсе сыйлады. Басқа қыздар сақина, алтын сұрап жатады ғой. Мен одан үлкен-үлкен кеңсе сұрадым. Ол орындап, өзім қалағандай кеңсені тарту етті.
Тұрсын туған күніме Меладзеден бөлек тағы да өте жақсы сыйлық берді. Ол – машина. Маркасы – Ролс Ройс. Бірақ оны әлі мінген жоқпын, шамасы, түсі көк пе, көгілдір ме, сондай. Әлі көрмедім, көруге уақытым жоқ. Келген қонақтардың да сыйлығын ашпадым. Тұр, айтып отырмын, мүлдем уақытым жоқ» деді Баян Мақсатқызы.
Ол сондай-ақ наурыз айында болатын өзінің жеке шығармашылық кеші жайлы айтты.
«Әнші өз концертінде әнін айтады, әртіс рөлге кіріп ойнайды. Ал мен продюсермін, «не көрсетем» деп көп ойладым. Сөйтіп бұрын-соңды болмаған шоу жасайтын болдық. Бұл кешке билет алған адамдардың бәрі арнайы дресс-кодпен келуі керек. Есікте адамдар тұрып, тексеріп кіргізеді. Ер кісілер смокингпен, ал әйелдер мен қыздар ұзын, кешкі көйлекпен ғана кіре алады. Осы жерде айта кетейін, менің шоуымды көру үшін қазір шетелдіктер билет алып жатыр» деді ол.
Продюсер өзі негізін қалаған «Кешью» тобының құрамына да тоқталып өтті.
«Топтың құрылғанына 18 жыл болды. Қаншама адам келді, кетті, біразы күйеуге тиді, біразы ажырасып үлгерді. Шынымды айтсам, кімдер екенін айта алмаймын, кейбірінің аттары да есімде жоқ. Біз топқа әнші қабылдағанда ең бірінші сұлулығына, сосын дауысы мен харизмасына қараймыз. Қолы мен аяғы ұзын болуы керек. Тіпті саусақтары мен құлағына да назар саламыз. Адаммен қалай сөйлеседі, өзін қалай ұстайды, оны да бақылап, жүздеген қыздың ішінен іріктеп аламыз. Қазіргі қыздармен жасаған келісім-шарт уақыты бітті. Екеуі кетеді, солардың орнына екі қызды дайындап отырмыз» деді Баян Алагөзова.