«Қазір туыстан да, таныстан да ақша аламын, тегін өнер көрсетпеймін»
Әнші Дана Кентай «Қызықты уикенд» бағдарламасына берген сұхбатында қыз ұзатуға 1 миллион теңге алатынын айтты.
"Менің жұмыс күндерім жұма, сенбі, жексенбі күні болады да, ал дүйсенбі, сейсенбі күндері адамдар жұмыс істеп жатқанда біз демаламыз. Жұмысым түстен кейінгі уақытта басталады. Екі-үш тойға қатарынан кіріп шығамыз. Ертерек бітірсек ары қарай студяға барып ән жазамыз. Сөйтіп жүргенде таң атады ғой.
Көбіне ұзату тойында "Қыз ұзату", "Бақытты жар», «Сүйіктіме» әнін сұрайды. Шығыс стиліндегі билейтін әндерді жаздырып тастағам, соларды айтамын. Ұзатуды халықтың сұранысы бойынша қатты қымбат қылмадық. Басында 1 миллион деп бастағанбыз, бүкіл тойды атқарып шығу үшін. Қазір енді бәрінде қымбатшылық, өмір сүру оңай емес. Қарапайым халықтың арасынан шыққасын, жұрт секілді барлық қиындықты бастан кешірген, тәй-тәй басып өзімді өзім көтеріп келе атқан жан болғасын алыс жерлерге 1 миллион, кейде одан жоғары ақы сұраймыз. Себебі мен жалғыз бармаймын, жанымда көмекшілерім бар. Оның ішіне ұшағы, жататын орнының ақысы кіреді. Ал енді қаланың ішінде ұзату керек болса, ән айту керек болса 500 мың теңге деп жатырмыз. Арасында «кіріп кетіңізші, екі ән айтып беріңізші» деп сұрайтындар бар. Оларға 200 мыңнан жоғары кетеді» деді Дана Кентай.
Журналистің «Дана, айналайын, тегін ән айтып берші» деп өтінгендер болды ма, жалпы, тегін тойға барасыз ба?» деген сұрағына, әнші «Тегін той деген осы уақытқа дейін көп болды. Осы екі жылдан бері ондай нәрсені тоқтаттық. Өзіміздің достар, таныстар, туыстар болса да мен қазір ашық түрде «Бізде продюсермен 50/50 ақыға келісеміз, сондықтан белгілі бір мөлшерде ақымызды төлейсіз» деп айтамын. Қазіргі адамдардың көзі ашық, көкірегі ояу ғой, айтсаң түсінеді, төлейді» деді.