«Соңғы екі жылын Мақпалдан бөлек өткізгенін кеш білдім...»
Заманбек Нұрқаділовтің қызы, белгілі дизайнер Құралай Нұрқаділова «Білген дұрыс» бағдарламасына сұхбат беріп, жеке өмірі, әкесінің өлімі, Мақпал Жүнісовамен қарым-қатынасы жайлы ашып айтты.
«Менің фамилиям, әкемнің саясаткер болғаны жеке өміріме де, бизнесіме де әсер етті. Күйеуіммен ажырасуыма да менің Заманбектің қызы болғаным, саясат, кесірін тигізді. Әкем қатал саясаткер болды. Айналасындағы адамдарды екі топқа бөлінетін, жақсы дос немесе дұшпан. Сол жылдары ұйымдасқан қылмыстық топтар, мафиялар көбейіп кеткен кез еді ғой, бір күні әкемнің көмекшісі хабарласып, «Приемныйға кел» деп шақырды. Барып едім, маған «ТТ» пистолет берді. Сосын қалай пайдалану керегін түсіндірді. «Сен сақ бол, папаң қазір бір адаммен жау болды. Саған қауіп төнуі мүмкін, абайла» деді. Ол кезде аяғым ауыр еді. Содан бастап әр сөзімді ойланып сөйлеймін. Сақтықпен қадам жасаймын. Бұл туралы ертеректе айту мүмкін емес еді, балаларым жас болды. Өмір сүріп, ел қатарлы табыс табу үшін көп нәрсені ішімде сақтап келдім. Айтайын дегенім, менің осындай тағдырыма кез келген еркек шыдай алмайтын. Күйеуім - солардың бірі. Одан кейін де «сен үшін бәріне дайынмын» деп келгендер көп болды. Бірақ мен ыңғай білдірмедім, бәрінен аулақ жүруге тырыстым», - деді Құралай Нұрқаділова.
Ол сондай-ақ, әкесінің мәрттігін пайдаланып, біраз адамның байып кеткенін жайып салды.
«Әкем екеуміздің 15 жылдай бет көріспей араласпай кетуімізге біраз адам себепкер болды. Оның арасында Мақпал да, әкемнің көмекшілері де бар. Мен өжет, кез келген нәрсені әкеме қаймықпай айта алатын қыз болдым. Алдына тіке барып «Папа, анау адамдар сенің атыңнан қол қойып, сені пайдаланып жатыр» деп айта салатынмын. Расында солай болды, «Мына адамға көмектесейік» деп әкемді сөзбен алдап, бүтін бір ғимаратты өз атына жаздырып алған көмекшілері бар. Мысалыға Наурызбай деген кісі болды, фамилиясын ұмытып тұрмын. Алдымен көмекші, кейін үлкен бастық болды. Қысқасы, сондай кісілер әкем екеуміздің арамызды алыстатып жіберді. Мен кіргеннен әкемнің қабағы түйіліп, жақтырмай отыратын. Тіпті айқайлап, ұрысып шығатын. Не үшін екенін түсінбеген күйі шығып кетуші едім. Мінезіміз ұқсас қой, бір-бірімізді түсінбей, кешіре алмай, уақыт өткізіп алдық» деді Заманбек Нұрқаділовтің қызы.
Дизайнер Құралай әкесі мен әнші Мақпал Жүнісованың махаббатын да сөз етті. Айтуынша, әкесі екі әйелін де жақсы көрген. Алайда Мақпал оған дәл солай жауап бере алмаған сыңайлы.
«Әкем соңғы екі жылын Мақпалдан жырақта өткізіпті. Екеуі екі үйде, бөлек тұрған. Бірақ мен оны әкем қайтыс болғасын білдім. Ертерек білгенде жанында болып, қиналған сәтіндеөқолдау білдірер едім деп өкіндім. Сырласып, өткен-кеткенді айтып үлгермедік. Білгенімде оны өзімнің үйіме алып кетіп, қорғайтын едім. Іштегі өкінішім – осы.
Әкем қайтыс болғасын оның жерлеуіне, жаназасын шығаруға да саясат араласты. Оппозицилонерлер жиналып, билікпен келіссөздер жүргізілді. Жаназаның соңы көтеріліске ұласып кетпеу үшін үлкен әңгіме болды. Әкемді жерлейтін кезде жаназасын шығаратын молда, әулеттің үлкендері, елге белгілі саясаткерлер тек бізге ғана бейіт басына барып, қоштасуға рұқсат етті. Мамам екеуміз еркектерге ілесіп, зиратқа бардық. Ал Мақпал бармады», - деді Құралай Нұрқаділова.