"Өзімнің ұсқыныма жыным келетін": Танымал журналист бойындағы комплекстерден қалай арылғанын айтады

0
5 874

Ол өзінің қалай өзгергенін халықпен бөліспек.


Танымал продюсер Мақпал Қаратайқызы бұрын өзінің ұсқынына жыны келгенін, тіпті бала кезінде "сұлулығымды сиқырлап тастағандықтан, айналама түрім жаман болып көрінеді" деп ойлағанын жасырмады.

Талай жыл телевизияда еңбек еткен журналист соңғы кездері эфирге шығып, онлайн курстар жүргізіп жүргені белгілі. Бірақ жүргізушіге сын айтатындар бар екен. Олар көбінде "Салмақ тастаңыз", "Киіну стиліңізді өзгертіңіз" дегендей хаттар жазатын көрінеді. Осы сұрақтарға бір постпен жауап берген журналист жеке парақшасына төмендегідей жазба қалдырды.

Мақпал Қаратайқызы: "Мен өзімді осы 38 жасыма дейін дәл қазіргідей қабылдап, құрметтеп, жақсы көрмеген екенмін. Жас кезімде, кейінгі жылдары да айнаға қарап, өзімнің ұсқыныма жыным келетін. Ал кішкентай кезімде «мен негізі өте сұлумын, бірақ менің сұлулығымды сиқырлап тастағандықтан, айналама түрім жаман болып көрінеді» деп ойлайтынмын. Өзімді табу үшін қанша еңбектендім, қаншама кітапты кемірдім. Талай жылдар бойымдағы осы комплекстің кесірінен өзгенің өмірін сүріппін. Талай ортада төменшіктеп, тұқырдым. Жылтырағы көптің жанында талай мәрте жүнім жығылған. «Ақшам көп болса, өмірім өзгерер, маған деген құрмет, маxаббат артар» деп адастым. Ал қазір ше? Аллаға күн сайын осыншалық сұлу қылып жаратқаны үшін алғыс айтамын. Адамдардың мен үшін бәрі сұлу. Олардың сұлулығын көре алғаныма қуанамын. Өзімнің ешқандай мінім жоқ деп есептеймін. Бәрі жарасымды бойымда. Күн сайын жанымның сұлулығын жоғалтып алмауды ойлаймын. Өмірді, адамдарды, бүкіл әлемді сүйетін құштарлығымды одан әрі терең арттырғым келеді. Қандай жанның алдына барсам да, өзімді одан я төмен, болмаса жоғары санамаймын. Бәріміз өмірге уақытша келген қонақ екендігімізді ұмытпаймын. Адамдардың сұлулығын киген киімімен, таққан жақұтымен, сыртқы сымбатымен өлшемеймін. Жанының тазалығымен таразылаймын. Қолында билігі барға емес, кеудесінде қазынасы барға басымды иемін".


Сондай-ақ соңғы кезде өзін дамытумен айналысып жүрген журналист жуық арада өзін өзгерткісі келетіндер үшін тренинг ұйымдастыратынын да тілге тиек еткен.


Фото: makpalkaratai

ERNUR.KZ