​«Уайымнан өшіргішті шайнап тастадым»: Өктем Алтаев ұлына жан тебірентерлік жазба арнады

0
1 468

«Сен туғанда тоқтамай бес күн тойладым»


​«Уайымнан өшіргішті шайнап тастадым»: Өктем Алтаев ұлына жан тебірентерлік жазба арнады


90-жылдардың хит әндерін шығарған әнші, сазгер Өктем Алтаев ұлына - белгілі виолончелист Бағжан Октябрьге жан тебірентерлік жазба арнады.


«Бағжантай, туған күніңмен! Әлі есімде, мамаңның кешкі сағат ондарда толғағы басталған екен. Оны білдіртпей, суы кетіп жатса да ешкімге айтпапты. Ол кезде мен үйде жоқпын, жаңа синтезатор алып, соны үйренуге кеткем. Кештеу келсем толғағы қатты қысып жатыр. Дереу көлік шақыртып (ол кезде жедел жәрдем жоқ, машина жоқ) перзентханаға жеткіздім.


Содан түнімен ұйықтамай телефонның алдында таңды атырдым. Таңғы 8:30, роддомның номерін теріп жатырмын ғой қолым қалтырап. Сонда көкейде тұрған бір ғана сұрақ: «Ұл болды ма екен, қыз болды ма екен?!» Қатты қобалжығаным соншалықты, тісімді қаршылдатып жағымды ауыртып алдым, алақаным терлеп... «Қой, тістерімді сындырып алмайын» деп бір жерден кәдімгі қате жазуды өшіретін дәу (резина) өшіргіш тауып алдым да, аузыма салып құм қылып шайнап тастадым. Тұңғышым қыз болған ғой, не де болса нар тәуекел деп телефонның бұрамасын бұрап, қоңырау шалдым. Перзентханаға гудок кетіп жатыр, кетіп жатыр, ешкім көтермейді. Әйтеуір бір уақытта кезекші мейірбике алды-ау. Мамаңның атын айтып, жағдайын сұрап болған соң «босанды ма» деп едім. «Иә, сүйінші! Ұл туды! Ұл туды!» деген дауысты естігенім есімде. Ары қарай не болғаны есімде жоқ, көзім қарауытып жерге отырып қалдым.


Тоқтамай бес күн тойладым. Ол кезде біз Қазығұртта, Ахмет Жұбанов атындағы көшеде тұратынбыз. Әжең бар, ата-апаларың ,бүкіл әулетімізбен, көрші-қолаң, дос-жаранмен түгел қуанған болатын. Не керек әжеңнің, ата-апаларыңның, әке-шешеңнің қамқорлығында өстің ғой, балам. Қалған қызықтарын тағы бірде айтып берермін. Биік болсын тұғырың, ұзақ болсын ғұмырың! Туған күніңмен, Құдай бере салған балам!» деп жазды Өктем Алтаев.


«Терапия души» концертімен бүкіл Қазақстанды бірнеше мәрте аралап, зал толы көрермендерді әдемі композицияларымен таңғалдырып жүрген, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Бағжан Октябрь бүгін 27 жасқа толып отыр. Осыған орай оның тыңдармандары ақжарма тілектерін арнады.

«Өмірде де, өнерде де бағы жанған Бағжанның туған күні құтты болсын! Бастысы денсаулығы мықты, өмір-жасы ұзақ болсын!», «Бағжанның өнерін үш жылдан бері жіті бақылап келемін. Өте қатты ұнайды, сүйікті музыкантым, аман бол!», «Мықты әкеден мықты ұл туған екен, Екеуіңіздің де өнерлеріңіз өрлей берсін!», «Бағжан, берекелі шаңырақтың иесі бол, бір басың екеу болсын!», «Өктем ағаның Бағжанның әкесі екенін енді біліппін, қандай керемет!» деп жазды көпшілік.