​«Ана сүтін» бермеді»: шымкенттік әйел жастардың бақытын дүниемен өлшемеуге шақырды

0
1 082

«Қызым жетім баланы жақсы көріп қалыпты»


​«Ана сүтін» бермеді»: шымкенттік әйел жастардың бақытын дүниемен өлшемеуге шақырды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қазақта не көп, дәсүр мен кәде-жоралғы көп. Әсіресе қыз беріп, ұл үйлендіргенде сондайдың түр-түрін табуға болады. Баяғыда «ана сүті» деуші еді, енді оған «ата күші» деген нәрсе қосылды. Құлаққа да, ақылға да қонымсыз дүниені тықпалап әуреміз. Тіпті соның кесірінен қазір құда-құдағилардың арасындағы иба-әдепке, жастар арасындағы махаббатқа сызат түсіп жатыр», - деп бастады әңгімесін Зарипа есімді ана.


Қоғамдағы бір проблемаға қатысты болған оқиғаны Зарипа ханым ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Пәлен жыл ауылда тұрып, жақында баламның жұмыс бабымен қалаға қоныс аударғанбыз. Әлі көрші-қолаңды онша танымаймын,тек көрші подъезде тұратын әйелмен әңгімеміз жарасып кетті. Күнде таңертең айран-сүтке бірге шығамыз, жасымыз да шамалас екен, келе-келе екеуміз құрбы болып алдық. Сол құрбым бір күні үйіне тамаққа шақырды. Бізбен қатарлас тағы бір-екі әріптесін шақырып, бәрімізді қонақ етті.


Сол жерде әңгімеден әңгіме шығып, қыз ұзатуға келіп тірелдік. Құрбымның бір танысы «Жақында сіңлім қызын ұзатты, өзі екі дипломы бар, жігіттерді шертіп жүріп таңдайтын шамасы бар қыз еді, әкесі жоқ бір балаға ғашық боп, ақыры соған қосылған. Бірақ құдағиының шығымы жоқ біреу екен. Қалыңмалдың өзін жарытпады. «Ана сүті», «ата күші» деген атымен жоқ. Сіңлімнің аузы батыр ғой, құдағиына өкпесін айтыпты. Ол кісі де қарап отырмаса керек, әйтеуір не керек, жиен сіңлім үйіне келіп қалыпты. Осындай-осындай майда шүйдеден екі жас ажырасты» деді.


«Жесір әйел екен» деген жері жаныма қатты тиді. Себебі өзім де жастай жесір қалып, үш баланы жеткіздім. Күйеуі жоқ әйелге қыз ұзату да, келін алу да оңай емес, өз басымнан өткізген соң жаңағы дастархандас әйелдің сіңлісіне жыным келді. Қызының бақытынан бес-он тиын артық болғаны нендей өкінішті еді...


Қалыңмалды әркім өзінің шамасының жеткенінше әкеледі. «Мынанша бер» деп сұрау қызын саудалағанмен тең нәрсе. Ал әлгі жыр болған «ана сүті, әке күші» дегенге ақша бермеді деу нағыз ақымақтың ісі. «Ана сүтінің» ақысын құда-құдиғи емес, күйеу бала ақтауы тиіс. Түсінікті болуы үшін өз басымнан өткен жағдайды айтып берейін.


Менің жалғыз қызым әкесі жоқ жігітке тұрмысқа шықты. Мамасы аурушаң екен, баланың өзі алдыма келіп, еш қысылмастан жағдайын айтты. «Қызыңызды сүйем, алақаныма салып, барымды беруге дайынмын. Бірақ қазір сізге беретін қалыңмалым да жоқ» деді. Екеуі бірін-бірі сүйіп тұрса «қалыңмалды тауып кел» деп қалай айтасың. Аналық ақ батамды беріп, екеуін шығарып салдым. Қызымды ұзатам деп дайындалып отқан жерім жоқ, құдағиым тағы бір-екі туысы келіп, дастарханымнан дәм татып, қызымды алып кетті. Қолына бір сумка өзінің киіп жүрген киім-кешегіне бір-екі орамал мен халат қосып салып жібердім.


Олар кетіп бара жатқанда ішім әлем-жәлем болды. Күйеуім тірі болса қызымды үкідей үлпілдетіп шығарып салар едім-ау деп қамығып, жылап қалдым. Сөйтіп Құдайдан «Екі жетімді өзіңе аманат еттім, өзің пана болып, бірін екі ете гөр» деп жалбарындым.


Айтсам сенбессіз, үш жылдан кейін күйеу балам мемлекеттік бағдарламамен үй алды. «Апа, сүйінші» деп келгенде азын-аулақ жинаған қаражатым бар еді, «ішіне төсеніш, кілем алыңдар» деп қолдарына ұстаттым. Тағы бірер жылда ескілеу болса да көлік сатып алды. Бипылдатып есігімнің алдына келіп еді, тігіп, дайындап қойған көрпе-төсегімді «қызымның жасауы» деп артып жібердім. Кейін тапқанымды тапқандай жинап, ыдыс-аяғын түгендеп бердім. Солай-солай үй боп кетті. Обалы не керек, күйеу балам сөзінде тұрды. Қазір ісі өрге домалап, бірнеше пәтер ауыстырып, кеңейтіп алды.


Жақында қызым төртінші баласын дүниеге әкеліп, құдағи кішігірім ас берді. Сол жерде көпшіліктің көзінше «Біздің жағдайымызды түсініп, бір ауыз сөз айтпай қызыңызды балама сеніп тапсырғаныңыз үшін, ибалы, инабатты қыз тәрбиелеп өсіргеніңіз үшін, келінімнің маған осындай тәтті немерелерді сыйлап, қас-қабағыма қарап отырғаны үшін сый жасағым келеді» деп қолыма алтын екі білезік салды. Ал қызыма комплект тақты. Көпшіліктің көзінше сыйлық жасағаны былай тұрсын «Жақсы қыз өсіргенің үшін рахмет» дегені «ана сүтінен» мың есе артық құрмет болды. Ананың ақ сүтін ақтады деген осы емей немене?! Ақ сүтіңді сый-құрметімен, ізетімен тек өз балаң ғана ақтайды. Барған жеріне сіңісіп, атыңа кір келтірмей жүрсе ақ сүтіңнің ақталғаны – осы.


Негізі жас жұбайлардың үй болып кетуі көп жағдайда қыздың анасының қолында. Ақылды ана қызының анау-мынау еркеліктерін, өсектерін тыйып тастап, жөн сілтеп отыруы керек. Ал құдағидың киіт-пиітін әңгіме етіп, ұсақ-түйек шаруаларына араласса, қызының қолтығына су бүркіп отырса, онда олар түбінде ажырасып тынады».