​«Әпкеме келін болдым»: түркістандық әйел құда баласымен бас қосқан

0
1 268

«Күйеулеріміз бауыр-бажа атанды»


​«Әпкеме келін болдым»: түркістандық әйел құда баласымен бас қосқан
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Құдашадан құр қалғанды Құдай ұрады» деген сөз бар ғой қазақта. Менің күйеуім осыны мықтап ұстанған, сөйтіп туған құдашасы, мені өзіне жар етіп алды. Мен сіздерге екеуміздің үйлену тарихымыз жайлы айтып бергім келеді», - деді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Әсел есімді әйел.


Оқырманымыздың күйеуімен отандасқанына биыл 20 жыл толады екен. Осыған орай жастық шағын еске алып, басынан өткен оқиғасымен бөлісуді жөн көріпті.


«Жасырып не керек, мектепті жақсы оқымадым. Бірақ үй тірлігіне келгенде алдыма жан салмайтынмын. Киім тігуге де құмар едім. Аттестатым толы үштік баға, сондықтан жоғары оқу орнында оқу туралы үміт үзілген. «Енді не істейсің?» деп сұраған әкеме «Шаштараздың оқуын оқып аламын, күнделікті ақша түсіп тұрады» дедім. Сөйттім де аудан орталығында тұратын әпкемнің үйіне көшіп бардым. Шаш қырқуға ебім бар екен, лезде үйреніп алдым.


Бір күні үйге жездемнің қалада оқитын інісі келді. Университетке өз күшімен түскен екен. Кірген бойда жездем мен әпкеме қарап «Бүгін болашақ келіндеріңіздің туған күні, соған мына жүзікті сыйламақшымын» деп бәрімізге әп-әдемі алтын жүзікті көрсетті. Сөйтсек сүйіктісінің туған күніне қымбат сыйлық беру үшін сабақтан соң жүк түсіріп ақша тауыпты. «Үшінші курсты бітірген соң үйленемін, бәрін келісіп қойдық» деген. Мен сол кезде құда баламның өз бетінше шешім қабылдай алатынына әрі романтик екеніне қызыға қарап қалып едім.


Арада біраз уақыт өткенде Дарханның сүйіктісін басқа біреулердің алып қашып кеткенін естідік. Кейін белгілі болғандай, оны сол университетке, дәл құда баланың кураторы боп келген жас мұғалім алып қашып кетіпті. Дархан содан күйзеліске түсіп, оқуын тастап, ағасының үйіне келіп алды. «Жұмыс істеймін, екі қолға бір күрек табылар» деді. Сөйтіп почтаға жас маман боп орналасып алды.


Ол мен дайындаған тамақты сүйсіне жейтін. Әпкеме «Сіз дайындаған тамақ неге Әселдікіндей тәтті болмайды?» деп сұрайтын. Әпкем де сөзге шешен ғой, «Бұның аты Әсел ғой, тамағына бал қосады» деп қағытатын. Кешкі тамақтарын беріп, барлығы ұйқыға жатқанда мен тігін машинасына отырып, бір түнде өзіме әдемі көйлек тігіп алушы едім. Дарзан соның бәрін көріп, біліп, бақылап жүретін. «Паһ, шіркін-ай, әттең туған құдашамсың, әйтпесе сендей пысық қызға өзім-ақ үйленіп алар едім» деп жездем мен әпкеме естірте мақтаушы еді.


Сөйтіп жүріп құда баланы құлай сүйіп қалғанымды байқамаппын. Енді ол жұмысынан кешіксе, достарымен қыдыруға кетсе кәдімгідей мазасызданып, іштей қызғанып қалушы едім. Ол да соны сезді ме, мені киноға шақыра бастады. Достарымен таныстырды, жиі бірге қыдырып жүріп, одан аяғымның ауырлап қалғанын сезбеппін. Кейін бұл жағдайдан әпкем мен жездем хабардар болды. Әпкемнің шарт-пұрт мінезі бар, естігенде ашуланып, асханадан оқутауды алып, мені сабамақ еді, Дархан құтқарып қалды. «Әркім өз әйеліне жауап берсін, аға! Әйеліңді алып кет, әйтпесе жеңгем екен немесе қайынбикем екен демеймін. Әселді оның таяғының астына беріп қоя алмаймын» деді. Жездем әпкемді сыртқа алып кетті, ал мені Дархан төргі бөлмеге кіргізіп жіберді.


Арада бір сағаттай уақыт өткенде бәріміз ашуымызды басып, дастархан басына қайта жиналдық. Әңгімені жездем бастады. «Қанша ашуға салғанмен, одан келер пайда жоқ. Титтей баланың обалына қаламыз. Одан да үлкендерге хабарлайық. Ертең осы іспен айналысамыз» деді жездем.


Ертеңіне Дархандар әке-шешесіне жаңалықты айтқан екен. Шешесі баласына кір жуытпапты. «Бәріне қағынған құдаша кінәлі, тәлпіштеніп, ырбиып жүріп баламның басын айналдырып алған» деп ұрыс шығарған. Оны кейін өзіме де айтты. Бірақ ләм-мим деп не мен, не әпкем жауап қатпадық. «Сен осындай арсыз тірлікке бармағанда мына сөзді естімес едім» деп санымнан шымшып қалды. Бірақ іште бала болғасын бәрі сабасына түсіп, маған құда түсіп келіп, екеумізді үйлендірді. Енемнің өзі бетімнен сүйіп, басыма орамал салды.


Сөйтіп біздің үйге хабаршыларды жіберді. Көп күттірмей қуғыншылар келді үйге. Мамам бастап келген екен, «Ей, оңбаған, менің моп-момақан қызымды жолдан тайдырып үйленіп алғаның қай тірлігің?! Сен неге сіңліңе қарамайсың?!» деп мамам әпкем мен Дарханның жер-жебіріне жетті. Әпкем де қарап тұрмай «Неменеге айқай шығарып тұрсыз?! Біреу зорлап па бұларды? Екеуі келісіп, осы тірлікті жасаған ғой» деп бастырмалатты.


Содан қырғын айқай-шу, мамам жылап, «Елге не бетімді айтамын?! Еркек құрып қалғандай бір үйдің ұлдарынан басқа біреу көздеріңе түспеді ме? Мені тірідей көмдіңдер ғой» деп әбден ұрысты. Мың жасағыр енем сыры мәлім құдағиын арқасынан қағып, үйге алып кірді. Содан бері міне, жиырма жыл уақыт өтті, әпкем екеуміз абысынбыз, ал күйеулеріміз бір-біріне бауыр-бажа болып жүр.


Мен бұл әңгімеммен Дархан екеуміз дұрыс жасадық деп айтпаймын. Ата-ана мен аға-жеңгені, әпке-жездені ыңғайсыз жағдайға қалдыру дұрыс емес. Лажы болса арадағы құдаша мен құда бала сыйластығын сақтаған жөн. Бірақ бізді махаббат жеңді. Бір сәтке де Дарханмен бас қосқаныма өкінген емеспін. Ол сондай мейірбан, балаларына үлгілі әке болып отыр. Әрдайым жүрген жерінде менің мақтауымды асырып, мерейімді тасытып отырады.


«Осы жолды өздерің таңдадыңдар, енді біз сендерден сыбыс естімейтін болайық. Екі рулы елдің тағдыры сендердің қолдарыңда!» деп жездем ақыл айтқан. Соның үдесінен шығуға тырысып-бақтық. Қазір Дархан жеке кәсіпкер, мен де өз салонымды ашып алғанмын. Біреуден кейін, біреуден ілгері ғұмыр кешіп келеміз. Айтпағым, сезім, махаббат, сыйластық болса, бәрін де жеңуге болады екен. Бірін-бірі сүйген жандар бақытты болсын!»