​«Ей, қатын» атанып кеттім»: түркістандық әйелдің енесіне деген өкпесі қара қазандай

0
1 307

«Енемнен тығылып тамақ жейтін күнге жеттім»


​«Ей, қатын» атанып кеттім»: түркістандық әйелдің енесіне деген өкпесі қара қазандай
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Мақтанғаным емес, бірақ басқа әйелдер мендей келінге зар. Ағайын апалар «Келінімнің қолтығынан сен сүйеші, саған тартсын» деп ырымдап жатады. Кейде құрдас келіншектер «сен неге енеңді жамандамайсың осы, біздің әңгімеге қосылсайшы» деп күледі. «Жамандағанда не істеймін, жақсы енеге айырбастайтын мүмкіндік жоқ қой бәрібір» деп әзілдейсің, амал жоқ. Бірақ бүгін енем жайлы «толғамасам» болмайтын сияқты. Ішіме жинай беріп шаршадым», - дейді Жанна есімді келіншек.


Үш бала тәрбиелеп отырған оқырманымыз енесінің қылығынан, әңгімесінен шаршағанын айтып, шағымданып отыр. Мәселесін ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Студенттік шақтан жүрген жігітіммен бас құрадық. Былайша жақсы әулетке келін боп түстім. Атамыз өте жуас, қақ-соқпен ісі жоқ, ауыл-аймаққа сыйлы кісі. Енем де бір қарағанда Қыз Жібектей сызылған, биязы мінезді адам боп көрінеді. Бірақ ішіндегі «запыранын» тек маған төгеді.


Келін боп түскеніме он жылдан асып кетті. Осы уақыт ішінде бірде-бір мәрте енеме сөз қайтарып, «мұныңыз не» демегенмін. Сөйлеп жатса да, ашуланып ұрыс шығарса да үндемей құтылам. «Бетіміз ашылып кетпесінші» деп бәріне кешіріммен қарауға тырысам. Бірақ, сол, мен үндемеген сайын ол кісі басынып барады.


Өзім енді келін боп түскенде үйге көрші апа келген. Келгеннен «Анау қатын бүгін тамақ істемепті, қалаға кетіп бара жатыр...» деп әңгімесін бастады. Кейін түсінгенім, «анау қатын» дегені өзінің келіні екен. Сол кезде енемнен «Мама, анау апа келінін неге «қатын» деп сөйлейді, ұят емес пе?» деп сұрағам. Енем «олар келіні екеуі ит пен мысық сияқты ғой, әбден ұрыса беріп беттері ашылып кеткен» деп жауап берген еді.


Міне, он жылда мені де енем «ей, қатын» деп шақыратын болды. Не жазып қойғанымды білмеймін, «Нұрланның қатыны келді», «Ей, қатын, мына бала-шағаңа қара», «Әй, қатын, тамағың дайын болса әкел» деп сөйлейтін болған. Осы сөзі өзіне ұнай ма, менің көңіліме тиеді деп ойламай ма, қазір енді қыздарына да «мынау қатын...» деп мені көзімше жамандап отыра беретін болды.


Тек мені ғана сөйтіп айтса мейлі ғой, қалада тұратын абысынымды да сыртынан «сыбап», қатын қылып отырады. Ол кісі өткенде осыны есітіп, шалқасынан түсе жаздады. Қайынәпшемізге «Анау, Нұржанның қатынына айтыңдар...» деп сәлемдеме айтыпты. Оны қайынәпшем абысыныма сөзбе-сөз жеткізген. Абысыным маған звондап «Енеміздің мынау сөзі не бәле? Біз оның қатынымыз ба? Әлде балаларына қатын күйінде алып берген бе еді, неге тілін тартып сөйлемейді?! Бетіме айтсын оңдырмаймын» деп күйіп-пісіп отыр.


Шынтуайтына келгенде абысыным екеуміз енем үшін «екінші сорт» адамбыз. Біздің қалауымыз, көңіліміз, жасап жатқан қызметіміз ол үшін «көк тиын». Үш қызы бар, солар десе шығарға жаны бөлек. Үйдегі бар жаңаны, тәттіні, сақтап қойған құрт-майды үш қызына теңдей бөліп беріп жібереді. Ал бейнеттің бәрі менің мойнымда, таңғы төрттен тұрып төрт сиырды сауып, оны құрт-майға айналдырам да, рахатын өзім көре алмаймын. «Мама, майды сатып, үстіме халат алайыншы» десем бәлеге қалам. «Саған киім не керек, тапқаныңды үстіңе жапсырғаннан басқаны білмейсің» деп ұрыс шығарып жібереді.


Енемнің ең сүйіктісі – кіші қызы. Басқа қалада тұрады. Бірақ шешесімен бес уақыт намаз сияқты «қаза қылмай» хабарласып отырады. Сондағы әңгімесі – енесі. «Бүгін былай деді, жаңа ғана бүйттік, сөйттік» деп енесін жамандайды. Содан бастап енемнің аузы тынбайды. «Құдағи қызымды аямайды, аузына келгенін айтыпты...» деп бастап, давлениесі көтеріліп, бір-ақ тоқтайды. Ондайда «Мама, сіз келініңізге не істесеңіз, сол қыздарыңызға қайтады. Бұл өмір бумеранг қой, несіне ренжисіз» деп айтқым келеді, тілімді әрең тістеп қаламын. Осы күні құдағиын жамандай бастаса орнымнан тұрып кете салам.


Өткенде сол қайынсіңліміз екі аптаға үйге қыдырып келді. Үшіншісіне аяғы ауыр екен, «кел, біраз күн күтін» деп шақырып алған. Онысы да екі баланың анасы болса да әлі бала сияқты. Түске дейін ұйықтайды. Енем азанымен құйрық тұшытып, соны аузына құйып келеді. Бір уақытта көршінің үйінен саумалы қымыз әкеліп, оның бір кесесін ішкізіп келеді. Артынан бөдененің жұмыртқасын шикідей жұтқызады. Жағдайын әбден жасап бақты. «Жүр, сені кафеге апарып келейін» деп қызын, екі жиенін алып кетеді. Менің бала-шағам да бала ғой, «біз де барайықшы» деп бажылдап жылаған күйі қалып кетеді. «Сендерге төлейтін ақшам жоқ» деп оларды бірге ертпейді.


Шынтуайтына келгенде сол әулеттің ұрпағын өрбітетін біздер, келіндер ғой. Неге ене деген «баламның баласын туады ғой» деп бізге солай қарамайды?! Мысалы, мен де жерікпін. Қалауымды жегім келеді. Бірақ оны айтсам «ерікпеші, жеріктік дегенді өзіміз білмей-ақ бес бала тапқанбыз» деп тоқтатып тастайды. Осы күні күйеуіме айтып жүріп, қалауымды ата-енеден, бала-шағадан тығып жейтін жағдайға жеттім.


Келін боп түскелі өзіме арнап қымбат киім алмаппын. Алам десем арзымайтын ақша береді, оған қырғыздың арзанқол көйлектері ғана келеді. Ал басқа уақытта үлкен қайынсіңлім мен қайынәпшемнің жаратпай тастаған киімдерін қанағат тұтамыз. Олар апта сайын базар аралағыш, ақша көп болған соң бетіне қарамай ала береді.


Өз қыздарын енелері қызындай көріп, аялап отырған соң енем неге бізді де солай ұстамайды? Шындап келгенде ертең басына күн туса, аузына су тамызып, асты-үстіне біз түсіп қараймыз ғой. Соны неге ене деген ойламайды екен?! Қашанғы осылай күшті, қуатты боп отырам дейді, бір күні оның да дәурені бітеді ғой. Бірақ оған дейін менің көңілім суып, бір жапырақ «етім» өліп кетпесе жарар еді...»