​«Қайным қасыма жоламай қойды»: жесір келіншек әмеңгерлікке келіскеніне өкінетінін айтты

0
2 616

«Ол болған жағдайға мені кінәлап, үйден қаша береді»


​«Қайным қасыма жоламай қойды»: жесір келіншек әмеңгерлікке келіскеніне өкінетінін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Құрметті ERNUR.KZ ұжымы! Мен сіздердің Отбасы, Оқиға айдарымен күн сайын шығатын мақалаларыңызды үзбей оқитын оқырманыңыз боламын. Есімім жасырын болып қалсыншы. Себебі танитындардың әңгімесіне арқау болғым келмейді. Дегенмен басымнан өткен жағдайды баяндап, көпшіліктен ақыл-кеңес сұрасам деймін».


Редакцияға хат жазған оқырманымыз әңгімесін осылай деп бастапты. Жастайынан жесірліктің ащы дәмін татқан келіншектің жазбасын назарларыңызға ұсынамыз.


«Тұрмысқа шыққаныма төрт жыл толар-толмас жесір қалдым. Жолдасым өз көлігімен апатқа ұшырап, тіл тартпай қаза тапты. Ауыл мен қала арасында такси болып, адам тасушы еді, қасындағы жолаушы да өмірден өтіп кетті. Содан бері басымнан бұлт, көзімнен жас арылмай-ақ қойды.


Күйеуіммен қыз бен жігіт болып көп те жүрмегенбіз. Қалада такси жүргізушісі болып жүріп танысқанбыз. Бас-аяғы 4 айда үйленіп, апыр-топыр той-томалағымызды өткізіп алғанбыз. Қазір ойлап отырсам, кейбір адамға Алла ажалын сездіреді ме екен, жолдасым менімен таныс сала үйленуге де, балалы болуға да, тезірек үйлі болуға қатты асыққан екен. «Ата-енемен көп тұрмайсың, уайымдама. Лажы барынша ақша жинап, үй алып, бөлек кетеміз» деп айта беретін. Сол себепті тапқан табысын тиындап жинады. Артық шығын, басқа жігіттер сияқты қыдыру, түнделетіп сауық құру деген оған жат қасиет еді. Бос уақытын маған арнайтын. Көбірек әңгімелескісі келетін, суретке, видеоға түсіруге әуес еді. Соның бәрі қазір тәтті естелік болып қалды.


Әлі күнге ойласам көзімнен еріксіз жас парлап кетеді. Әйтеуір күйеуімнің көзіндей болып 9 айлық ұлым қолымда қалды. Соған шүкір еттім. Былтыр күйеуімнің жылдық асын бердік. «Үй аламын» деп сонша жыл армандап жинаған ақшасы өзінің жаназасына, жылдық асына жұмсалғаны неткен өкінішті...


Күйеуімнің өзінен кейін інісі, екі қарындасы бар. Інісі екеуміз түйдей құрдаспыз. Бірақ ол қалада жұмыс істейді, үйіне аптасына бір келіп-кетеді. Ал мен күйеуім қайтыс болған соң енеммен бірге тұра бердім. Бұрын үлкен супермаркеттің кассасында істейтінмін. Ал күйеуім қайтыс болғанда декреттік демалыспен үйде отырғам. Қазір де үйдемін. Енемнің жұмысқа шығарғысы жоқ. Бәлкім, қалаға кетсе мүлдем қол үзіп қаламыз деп қорқатын шығар.


Жылдық асын берген соң төркініме кете салғым келген. Себебі күйеуім кеткен соң бір өзім жетімсіреп қалғандай күй кештім. Ата-енем де, қайынсіңлілерім де маған бөтен адамдай көрінді. «Мен қашанғы бұлай жүре берем, не өмір мынау» деп түнімен жылап, бірақ шешімімді енеме айта алмай жүргенде енем өзі әңгіме бастады. Ортаға менің мамамды салды. «Құдағи, баламнан қалған жалғыз тұяқты жатқа жіберу бізге де оңай емес. Көз алдымызда өссе дейміз. Келінді жіберсек, оның баланы әкететіні анық. Сондықтан мен оны кіші балаға қосуды жөн санап отырмын. Қыздың қайтып барғаны сіздерге де оңай соқпайды ғой. Оның үстіне таныс-біліс болып қалдық. Бізге сізден, сіздерге бізден артық құда-құдағи табылмас. Бала үшін осы қадамға барайық» деп ұсыныс білдірді.


Әмеңгерлік дегенді бұрын естімеген екем. Маған да, қалада әбден саяқ жүріп үйренген қайныма да бұл оңай тимеді. Қайным бұлтақтап қашты. «Сүйген қызым бар, үйлене алмаймын» деп айтқанынан қайтпай жүріп алды. Бірақ әке-шешесі ақыры дегеніне көндірді. Сөйтіп біздің некеміз қиылды.


Қазір енді жолдасым қайтқан кезден де қатты қиналып жүрмін. Себебі күйеуі бар деген атым ғана. Қайныммен үй болып кете алмадық. Жұмысын сылтауратып апталап ауылға келмейді. Келсе де «осының бәрін сен бастадың, мені «косякқа» тығып қойдың деп сөйлеп, бөлек бөлмеге кетіп қалады. «Менің не кінәм бар, бұл неке маған да ұнамайды. Бірақ атам мен апамның жағдайын ойласайшы» деп талай мәрте айттым. Түсінетін емес.


«Мен бәрібір өз сүйгеніме үйленем, сен осы үйде тұра бересің, бірақ саған жоламаймын» деп айтқанынан қайтпай отыр. «Мен олай өмір сүре алмаймын, одан гөрі кетіп қалғаным жақсы» деп көнбей жүрмін. Болмай кеткен соң ата-енеме «осы ауладан екі бөлмелі шағын үй салып бере салыңыздар, балаларыңыз өз сүйгеніне қосыла берсін» деп те айтып көрдім. Ешқайсысы қолдай қоймады. Сонымен қайным ала көзімен атып, үйден қашып жүр. Енді мен екі оттың арасында қалғандай күй кешіп жүрмін.


Ата-енемнің де мені жібергісі жоқ. «Кетер болсаң немеремізді тастап кетесің» деп шарт қойып отыр. Ал мен күйеуімнен бір, баламнан екі айырыла алмаймын. Барам десем төркінім де қарсы алып, паналатуға дайын ғой. Тек елдің сөзі мен көзінен, ата-енемнің көз жасынан, баламның болашағынан жіпсіз байланып отырмын.


Енемнің үгіттеуімен қайныма қосылғаныма, некемді қиюға рұқсат еткеніме қазір қатты өкінем. Енді қалай өмір сүрерімді, қандай шешім қабылдарымды біле алмай отырмын. Жол сілтейтін, ақыл-кеңес беретін жақсы адамдар бар ма?»