​«Қайынағам қызғанып қол жұмсады»: алматылық әйел түсініксіз жағдайда қалғанын айтып берді

0
635

«Ең жақыным, жанашырым солар еді, арамыз суып кетті»


​«Қайынағам қызғанып қол жұмсады»: алматылық әйел түсініксіз жағдайда қалғанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Күйеуге тигеніме он бес жылдың жүзі болды. Кейде мен күйеуіме емес, қайынжұртқа тұрмысқа шыққан сияқтымын. Себебі күйеуім мені қызғанбайды, ал енем, қайынағам, абысыным соңымнан аңдып, жаныма маза берер емес», - дейді Ақжарқын (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді).


Оқырманымыз жақында болған бір оқиғаны ERNUR.KZ оқырмандарымен бөлісуді жөн көріпті.


«Өмірімде бір рет ғана көрген жігіт алып қашып, сол үйге келін болып қалдым. Қазір төрт баланың анасымын. Енемнің мінезі шатақ, сонда да үйімнің берекесін қашырмайын деп барынша шыдап, көніп келемін. «Ә дегеннен енесін жамандай бастады» деп сөкпеңіздерші, көңілім қалған соң айтып отырмын. Ол кісі баласына басқа қызды әперетін боп жүрген екен, мені келген күннен жақтырмады. Отырсам опақ, тұрсам сопақ болып, талай рет қол жұмсап, үйден қуып жіберген күндері де болды. Күйеуім де шешесінің сөзіне еріп талай мәрте қол жұмсаған. Бірақ киім-кешегімді жинап, кетіп қалуға ар-намысым жібермегендіктен бәріне шыдап келемін.


Ең жақсы тұратын адамдарым – қайынағам мен абысыным. Солармен тату тұрғанымды енем көре алмайды. Абысыным қонақ шақырса, той-жиын жасаса, енем мені жібергісі келмей ұрыс-керіс шығарып жібереді. Ал мен ештеңеге қарамай абысыныма жәрдем беріп келем. Қайынағаммен де жақсы араласатын едім, ақыл-кеңес сұрап тұратын адамым да сол кісі болатын.


Күндердің күнінде күйеуімнің қалтасынан мүшеқап тауып алдым. Қатты ызам келіп, күйеуімнің бетіне лақтырып жібердім. «Менікі емес, жолдас баламның заты, машинасында тұрған соң қызық көріп ала салғам» деп бет бақтырмады. Не керек, екеуміз сол күні оңбай төбелестік. Әлгі затты көріп тұрып қалай үндемей қаласың, ішіме жиналып қалған өкпе-реніштің бәрін ақтардым. Ол соны естуге шыдамай, мені өлімші етіп сабап тастады.


Есімді ауруханада жинадым. Төркінімнен мамам келген екен. «Қашанғы шыдайсың, күйеуіңнің үстінен арыз жаз да, ажырас. Сенен айырылып қалатын шамам жоқ» деп қоймады. Мен бірақ олай істей алмадым. Себебі ауруханаға абысыным мен қайынағам келіп, кешірім сұрады. «Балаларың үшін бір мүмкіндік берші» деп жалынғасын жоқ дей алмадым. Күйеуім келіп мені үйге алып кетті.


Одан кейін де небір жағдайлар өтті ғой. Соның бәрінде қайынағам мен абысыным менің сөзімді сөйлеп, араша түсіп жүретін. Ол кісілердің сол көрегендігіне риза болып, рахметімді қызметіммен, ілтипатыммен қайтарып жүруге тырыстым. Нендей қуанышы болса да тік тұрып қызметімді қылушы едім.


Жалпы, мен тірліктен қашпайтын адаммын. Әсіресе, той-томалақта дастарханды жайнатып, неше түрлі тәттілерді пісіріп тастай салу түк емес. Соны білген қайынәпкем өткенде баласына сүндет той жасайтын болып, мені көмекке шақырды. Дастарханды дайындап болдық, қонақтар келген соң оларды күтуге көмектестік. Қонақ күтіскеннен кейін бір-екі стакан арақ-шарап жүретіні белгілі ғой. Мас емеспін, есімді жақсы білем. Тойда бір кісі қайта-қайта биге шақырды. Көпшіліктің ішінде анау кім еді, мынау кім деп адам таңдап жүрмейсің ғой. Әйтеуір бір жекжаты шығар деп көңілін қалдырмай ортада биледім.


Музыка аяқталған соң сыртқа шығып келейін деп есіктен шыға бергенім сол еді, соңымнан қайынағам келіп бетіме шапалақпен салып қалды. «Сен есіңнен адасайын дедің бе? Байсырап жүргендей әнебіреумен жабысып билегенің не?!» деп ұрысып тұр. Бұрын ол кісіден ондай сөз естімегенмін, не айтарымды білмей, аң-таң боп тұрып қалдым. Осы сәтте күйеуім келіп қалды да, «жүрші, билейміз» деп мені ертіп, ішке кіріп кеттік. Осыдан кейін көңіл күйім түсіп кетті. «Ана кісінің мұнысы несі?» деп сұрағыма жауап таба алмаған күйі үйге кеттім.


Ертеңіне абысыным телефон соғып тұр. «Сен кеше билеген жігітпен сыртта сүйісіп тұрғаныңды қайынағаң көріпті. Олай етуге қалай дәтің барды?! Қайынағаң сені жақсы көруші еді, енді көңілі қалып отыр» деп әңгіме айтсын. «Мен мас емеспін, есімді жақсы білем. Ондай нәрсе болған жоқ» деп ашуландым. Сол жағдайдан кейін біздің арамыздағы ізет-құрмет бұзылды. Үйлеріне аяқ баспайтын болдым.


Абысыным қайта-қайта телефон соғып «Жасың кіші ғой, сен келіп кешірім сұрай салшы. Ол әлгі жігіт екеуіңді анық көріпті» деп айта береді. Ал мен өзімнің ақ-адал екенімді білген соң, қайынағамның алдына барып кішірейгім жоқ.


Бұрын менің қайынағаммен, абысыныммен тату-тәтті тұрғанымды көре алмайтын енемнің жаны кіріп қалды. «Сауап болыпты, ырылдарсың, қаппассың, менен жақсысын таппассың» деп айта береді. Бір күйетінім, сол тойда күйеуім де жүрді ғой. Бірдеңе істесем бірінші боп сол қызғанар еді ғой. Айдаладағы қайынағамның қызғанышы, тағы келіп маған қол жұмсауын әлі түсіне алмай жүрмін».