​«Қалыңмалды өзі алып, қашып кеткен»: ақтаулық бойжеткен құрбысының алаяқ құрбаны болғанын айтады

0
2 373

«Неге олай істегенін 8 айдан соң ғана білдік...»


​«Қалыңмалды өзі алып, қашып кеткен»: ақтаулық бойжеткен құрбысының алаяқ құрбаны болғанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Бұл оқиға осыдан төрт жыл бұрын болған. Екі аптадан кейін ұзатылғалы отырған қыз қалыңмалымен бірге қаладан кетіп қалған еді. Қайда жүргенін, кіммен жүргенін туыстарына айтпаған. Тек қана хабарласып, «аман-есенмін, уақыты келгенде бәрін түсіндіріп берем» деген. Содан кейін күйеу жігіттің туыстары «ақшамызды қайтарып беріңдер» деп шу шығарған.


Қашып кеткен қалыңдықтың құрбысы жағдайдың жай-жапсарын ERNUR.KZ тілшісіне хабарлады.


«Мен Сандуғаштың ең жақын құрбысы болдым. Оның Еркебұланмен қалай танысып, қыз бен жігіт боп жүргенін, шынайы сезімдерінің куәсімін. Екеуі екі жыл қол ұстасып жүрді. Үйленуге де шешім қабылдағанда, Еркебұланның сүйіктісіне сөз салу кешінде де бірге болғанмын. Екеуі ең тамаша жұп болады деп бәріміз күттік. Себебі Сандуғаш жігітін ерекше жақсы көретін.


Үйленетін боп екі жақ келісіп, алдын ала танысып, құдалық болатын күн белгіленіп қойған. Сандудың әке-шешесі тойхана іздеп, құдаларға киіт алып, алтын таңдап шабылды. Осы сәтте айта кетейін, тәтті шай үстінде Еркебұланның ата-анасы «сіздерге қалыңмалдың ақшасын ертерек бере салайық, бір-екі күнде Сандуғаштан беріп жібереміз, керек-жараққа жарата беріңіздер» деген екен. Уәде еткендей Сандуғашқа Еркебұлан «мынаны папамдар беріп жіберді» деп екі миллион теңгені ұстатып, үйіне дейін шығарып салған.


Ертеңіне Сандуғаш маған хабарласып, «Мен Алматыға баратын болдым, киімдерімді сол жақтан әкелем» деді. «Бірге барайық, шыға аласың ба» деп сұрады. Жұмыстан шыға алмадым. Содан Сандуғаш Алматыда тұратын нағашы әпкесімен бірге артынан апаратын дүниесын түгелдемекші боп жолға шыққан. Еркебұланға да «Үш күнге Алматыға барып келем, уақыт болса «Харгосқа» барып, сырт киім алуым керек» депті.


Мамасы Сандуды пойызға шығарып салғанын айтты. «Алматыға жеттім, апайымның үйіне бара жатырмын» деп бір рет қоңырау соққан. Содан телефонын сөндіріп, із-түссіз жоқ боп кетті. Ата-анасының сол кездегі уайымдағанын айта алмаймын. Алматыдағы туыстарының бәріне звондап, іздеу салып, мені сұрақтың астына алып, кәдімгідей қорқытты.


Болашақ құдалар әңгіме арасында «Сандуғаштан ақша беріп жіберіп едік, алдыңыздар ма?» деп сұраған ғой. «Ойбай-ау, алмадық, ол бізге ақша туралы ештеңе демеді. Біз оған өз қалтамыздағы қаржыны салып беріп, жібердік» деп шыр-пыр болған ғой.


Содан үшінші күн дегенде полицияға арыз тастап, адам жоғалғанын жария етті. Бірақ сол күні Сандуғаш Алматыда тұратын апайына хабарласып, «мені уайымдамаңыз, Алматыға келіп тұрып, Астанаға өтіп кеттім. Аман-есенмін. Үйдегілерге мені іздемесін, кейін бәрін өзім айтып берем» депті. Содан арызды қайтып алып, Сандуғаштан хабар күттік.


Бұл аралықта Еркебұлан күйзеліске ұшырап, өмірі ішпейтін жігіт удай мас болып менің үйіме келіп, сұрақтың астына алатын. «Не жаздым мен, сүйгенімнен басқа не жазығым бар еді» деп жылайды ғой. Шынымды айтсам, аяп кеттім оны. Сандуғаштың опасыздығын түсіне алмай, Еркебұландай жігітті тастап кеткеніне ренжігенім рас.


Арада сегіз айдай уақыт өткенде Санду біздің қалаға келді. Бірақ үйіне бармай, маған хабарласып, кездесуге шақырды. «Болған жағдайды алдымен сен естуің керек» деді ол. Кездескенде ұққаным, ол Еркебұланға дейін жүрген жігіті Рысбекпен соңғы уақытта қайта хабарласып, сөйлесіп жүріпті.

Рысбек деген жылтыр сөзді жігіт еді, о бастан жақтырмаушы едім. Сандудың мамасы да «сол жігіттің көзін құрт» деп отыратын. Не керек, оңбаған жігіт Сандудың миын айналдырып, Алматыға шақырып алған ғой. «Мен сені сүйем, күйем, осында қашып кел, әке-шешеммен таныстырып, саған өзім үйленем» деп сендірген. Есі ауысып қалған құрбым киім аламын, жасауымды түгелдеймін деп Алматыға аттанып, жігітімен кездескен. Онысы аяғын жерге тигізбей көлігіне отырғызып алып, Астанаға бір-ақ алып кеткен.


«Ол Астанада жұмыс істейтінін айтқан. Әке-шешесінің де сонда екенін жеткізді. Алматыға мені күтіп алу үшін арнайы келіпті. Содан Астанаға бардық. «Ертең сені ата-анаммен таныстырамын» деген күні түнде пәтерімізге бетперде киген үш жігіт кіріп келіп, Рысбекті тепкілеп, мендегі бар ақшаны, телефондарымызды, құлағымдағы Еркебұланның мамасы таққан сырға мен сақинаны тартып алып кетті. Жедел жәрдем шақырып, полицияға арыз бергенімізбен ұрыларды сол күйі ұстай алмадық. «Мынандай күйде әке-шешемнің көзіне қалай көрінем» деп Рысбек сол күйі біздің үйленуімізді шегеріп қоя салды.


Екеуміз ерлі-зайыптылардай бір ай өмір сүрдік. Сол аралықта оның дым өзгермегенін, табыс таппайтын жалқау, өтірікті суша сіміретін біреу екенін біліп, бармағымды тістеп қалдым. Кейін одан бөлек кетіп қалдым. Артқа қайтатын жол жоқ, Еркебұланның ашуы тарқамаған, үйдегілер де мені қалай қабылдайды деп қорқып, Астанада қалып, бір кафеде даяшы боп жұмыс істедім. Болған оқиға – осы» деді Сандуғаш.


«Осы сенің ақшаңды Рысбектің өзі ұрламады ма?» деп сұрадым. «Кім білсін, киім-кешек алуға келе жатқанымды білді, бәлкім өзі ұйымдастырған да шығар» деп жылап жіберді. Еркебұлан екеуі сол күйі қосылмады. Ата-анасы құрбыма ренжіп, үйінде айқай-шу болды, бірақ өз баласын өзектен теппейді ғой, ақырында қабылдады. Сандуғаш елге келіп, жұмысқа орналасып алғасын Еркебұлан берген 2 миллион теңгені банктен несие алып, мен арқылы қайтарып жіберді.


Өмірде осындай да жағдайлар болады екен. Құрбым ақкөңіл адам ғой, алаяқтың арбауына қалай түсіп қалғанын сезбей қалды. Соңында өмірден таяқ жеп, жап-жақсы жігіттен айырылды. Сезімге ерік беруден сақтану керек екен...»