«Төркінге сенген қыздың төбесі ойық» деген бар»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Ілгеріде «шешесі тұрып қызы сөйлегеннен без» деуші еді. Ал бүгінде кейбір үйлерді қыздары билеп-төстейтінін көріп жүрміз. Қыз төркінге жанашыр шығар, бірақ тұрмысқа шығып кеткесін ата-анасының, бауыры мен келіннің ұсақ-түйек шаруасына араласып, килігіп кетуі сырт көзге өте ерсі», - дейді Қарақат есімді әйел.
ERNUR.KZ сайтының тұрақты оқырманы төркінінің тұрмысына араласатын қыздарға қатысты пікір білдіргісі келген екен.
«Бір ағайындарымыз «келінінің құдалығын өткізіп жатырмыз, көмекке келіңдер» деп шақырған соң барғанбыз. Құдаларды жақсылап күтіп, шығарып салғасын өзіміз отырып, құдалықтың қызығын айтып шай ішейік десек, дастарханды тып-типыл етіп тазалап қойыпты. Абысыным «біз шығып бара жатқанда қыздары жалмаңдап жыстырып жүрген» деп сыбырлады.
Тағы бір туысымыздың жинында байқағаным, келіндерді маңайларына жуытпай, дастарханды да, жұрттың әкелген сөмкелерін де күйеудегі қыздары жайғастырып жүр. «Шыққан қыз шиден тысқары» дегендей, кеткен қыз неге өз жөнімен жүүрмейді? Шешелері күйеудегі қыздарын неге келіндерімен жағаластырып қояды? Мен осыны түсінбей жүрмін. Қызын ұзатып, ұлын үйлендірген әрбір ана қызына «Ендігі осы үйдің қазан-ошағының иесі осы келін, сен қызсың, өз жөніңді біл. Тыныш келіп, тыныш кет» деп айтуы керек.
Өзім келін болып түскен шаңырақтың қыздары онша-мұнша тірлікке араласа бермейді. Бірақ... төркінінен тасуды әдет қылған. Өзіме анам бойжете бастағаннан «Төркінге сенген қыздың төбесі ойық» деген бар, қызым. Күйеуге шыққан соң бізден бірдеңе дәметпе және бізге бірдеңе әкелем деп әуре болма! Өзіңмен өзің болып, у ішсең де руыңмен жүре бер» деп ақыл айтып отыратын. Соның әсері ме екен, өзім күйеуімнің үйінен бірдеңені әке-шешеме қарай тасыған емеспін. Төркіннен де ештеңе дәметпедім.
Бірақ менің енем қыздарын өте қатты жақсы көретін. Үйдегі бар тәтті мен жақсыны қыздарына сақтап отырады. Үйде екі сиыр бар, таң атпай тұрып сауып, оны пісіреміз. Ішкеннен қалғанын айран қыламыз. Сосын май пісіп, бір уақ бала-шағаның ішегі майлансын деп күтесің ғой енді. Сонда енем ашып-қышып кеткен айранды бес литрлік желім ыдысқа құйып, қалада тұратын қызына асырып жіберетін. «Апа, ашыған айранды қайтеді?» деп жақтырмай сұраймын ғой, «нең бар, мен тірі тұрғанда осы үйде не бар, соның бәрін берем» деп отырушы еді.
Үлкен шаңырақпыз, келімді-кетімді кісі көп. «Біреу келіп қалса...» деп кәмпит-сәмпит тығып қоям. Біреу келсе алдына тоса саласың ғой. Ол қонақ оны жемейді де. Бірақ соларды шығарып салуға шыққан кезде енем ыдысымен төңкеріп пакетке салып алатын. Оны да жинап-жинап қыздарына береді. Бір жолы киімдерін реттестіріп жүріп құрттап кеткен кәмпиттерді тауып алғам. Бізден ұрлап, тығып, кейін ұмытып кеткен ғой сонда.
Әлі есімде, бір жолы кішкентай балам добын жоғалтып алды. Жап-жаңа, енді ғана алған-тұғын. Өзі әбден жылап, мазаны алды. "Көршілердің үйінде қалдырып кеткен болар" деп үлкендерін жіберіп, әбден іздеттік. Табылмады. Сөйтсек енем ұрлап алып, киімдерінің арасына тығып қойыпты. Арада біраз уақыт өткенде ауылға жиендер қыдырып келіп еді, енем «ойнаңдар» деп әлгіні алып шығып берді. Сонда күйіп кетіп, енеммен ұрысып қалғаным бар.
Ауылда тұрамыз. Жаздың аптап ыстығында өрік пен шие теріп, тосап қайнатамыз. Қызанақтан салат жабамыз, қияр тұздаймыз. Күнімен тыным жоқ, сылп-сылп жүрістен кей күндері өкшем ауырып кетуші еді. Бір жағында бесіктегі балаң жылап жатады, екінші жағынан нан жауып, тамақ әзірлеп үлгеруің керек. Соның арасында банка жауып, қонақ күтесің. Сенесіздер ме, сол жапқан банкалардың бірде біреуін жегізбей, енем қыздарына бөліп-бөліп беріп жіберетін. Сол үшін де талай мәрте ұрыстық. Ақырында енемнің мұндай тірліктеріне шыдай алмай, бөлек шығып кеттім. Негізі қара шаңырақта біз қалуымыз керек еді. Әлгіндей жағдайлардан кейін арамыз суып кетті. Ол өзінікін дұрыс көрді, ал мен кеткен қыздарды тойдырудан шаршап, шыдамадым.
Біз кеткесін енем ерегісіп, қолына жиендерін алып оқытты, оларды күйеуге берді. Әбден қартайған шағында ауылдағы қайынағам қара шаңыраққа көшіп барды. Бүгінде атам да, енем да марқұм болып кеткен. Әлгі біз банкамен асыраған қайынбикелер де қыз ұзатып, келін түсіріп, өздері ене болды. Десе де төркінінен тасуды қоя алмады. Абысыным күйіп-пісіп отырады. Үлкен үйге қыдырып келсе «Бір піскен майыңнан бер, құртыңнан сал. Күйеу балаға сыбаға деп ет салсайшы» деп тіленіп тұрып алады екен. «Кемпір болса да сұрауын қоймады бұлар» деп жақтырмай отырады абысыным.
Қызылордада тұратын қайынбикем жеміс-жидек піскенде Түркістанның бір түкпіріндегі төркінге барып, жеңгесіне банка жауып бер дейді екен. Ойлаңызшы, Қызылордадан Түркістанға келу үшін қанша ақша кетеді? Сосын құры қол келмесе керек, кемінде 2-3 мыңға сөмке жасап келеді. Сонда анау екі жәшік қызанақтың ақшасы 2-3 есе болып шығып кетпей ме? Әрі-беріден кейін өзінің келіндері, қыздары бар ғой, қартайғанда төркініне келіп банка жауып алғаны ұят емес пе?
Жалпы, аналар қыздың жатжұрттық екенін, ал келіннің ұрпақ өрбітер өз адамы екенін түсінсе жеймін. Ене келінді бауырына тартып, мейірімін көрсете білсе, келін кері кетпейді. Мен осыны ұқтым».