"Атымнан каспий голд ашып, несие алғанын кейін білдім"
Иллюстрациялық сурет: deels.ru
"Әнеукүні әлеуметтік желіні парақтап отырып әлдекімнің «Ажырастырған – кредит деген кесапат» деген сөзін көзім шалып қалды. Сол бір ауыз сөзді оқып алып, үйдегі келіннің кредиттері есіме түсіп бір уһілеп алдым", - дейді ERNUR.KZ редакциясына қоңырау шалған оқырман апамыз.
Кейіпкер өз аты-жөнін жариялағысы келмеді, тек Түркістан облысындағы аудандардың бірінде тұратынын айтты.
"Сондай әйелге шыдап жүрген ұлыма жаным ашиды. Шынымды айтсам, мен де әрең шыдап келем бұл келінге. Амал жоқ, бірге тұрған соң, басқа барар жерім болмағаннан кейін тілім қысқа. Әрине, басқа келіндер бар ғой, бірақ олар қалада тұрады, ал мен ауылға үйренген жанмын.
Оның келін боп босағамды аттағанына он екі жыл болды. Осы уақыт аралығында қыздарыма да, ұлдарыма да несие алдырып, бәрінің несие тарихына кір келтіріп үлгерген. Несиені несие алып жапқанын көргенде ұрысқанмын. Тыңдар құлақ болмады. Үнемдеуді, жағдайға қарай қадам жасауды үйрете алмадым. «Айта-айта Алтайды Жамал апай қартайды» дегендей, ай сайын сол несие тақырыбы қозғалып, ұрысамыз да отырамыз. Ұлдарым мен қыздарыма әр банктен қоңырау шалып «Несиеңізді уақытында төлемепсіз» дегенде олар да ашуланып, жеңгесіне ұрсады. Осылай ағайынды алтау қазір қара шаңыраққа бұрынғыдай жиі бас сұқпайды, несиеге батырған жеңгесіне ренжулі. Мен де шаршадым, мен де ашулымын.
Менің де атымнан несие алып тастаған ғой бұл келін. Мен телефонды түсіне бермеймін, атымнан каспий голд ашып, несие алғанын кейін білдім. Енді зейнетақымды толық ала алмай жүрмін.
Соңғы жылдары қатты қартайдым. Көңілі әрқашан алаң, жүрегі тыныш емес адам бақытты сезіне де алмайды екен. Күлуден, қуанудан қалғанмын. Өйткені келінімнің ақшаны ойланбай, есепсіз жұмсайтыны жүйкемді жұқартып біткен. Біреуін айтайыншы.
Қыста үйге студент қызым келді демалысқа. Мемлекеттік грантпен оқиды, стипендия алады. Пәтерақысын сол стипендиядан төлеп, ешкімге салмақ салмай жүрген кенжем. Аяқкиім алатын боп қалаға кетті. Үш сағаттан соң бір қорап суши, екі пицца, екі сусынымен үйге кіріп келді. «Қызым-ау, ақшаңды үнемдесейші. Кетеріңде саған жолақы тауып бере алмайтынымды білесің ғой, зейнетақымды түгел несиеге құям. Көп ақша жұмсаған шығарсың?» дедім. «Жеңгем қайта-қайта қоңырау шалып, алмасыма қоймады. Суши алдың ба, ұмытпа деп смс те жаза берді. 16 мың теңге екен осы тұрысы» дегенде ашуым келді. «Бұны қазір-ақ жеп тауысамыз. Одан да ол ақшаға бір қап ұн мен 5 литр май алғанда болар еді ғой. Суши жемей жүр дейсің бе бұларды. Қаладағы ағаң келе жатырмын десе, әпкең келем деп хабар айтса да «суши әкеліңіз» дейді деп күрсіндім.
Асүйде ыдыс жуып тұрған келін естіп, «Сіздің ақшаңыз кеткен жоқ қой, не болды сонша» деп шап ете қалды. «Үйде азық-түлік жоқ деп күнде балама қоңырау шалып, ұрыс шығарып жүрсің, одан да ұн алсақ болмас па еді» деп түсіндірмек болдым. Ал ол «Осы менің балаларымнан бәрін қызғанасыз. Бұндай тағамды күнде жеп жатқан жоқ» деп ұрысуға дайын тұр. Үндемедім. Әйтпесе, менің де айтатын сөзім көп.
Осы келіннің кесірінен алтындарымнан да айырылғанмын. «Апа, сырғаңызды ломбардқа қойып ақша алайықшы. Өзім төлеп алып берем» деп, қызының туған күнін кафеде істеуге ақша алған. Ақылы бар адам енесінің алтынын ломбардқа қойып, туған күн өткізе ме? Соның айтқанына көніп алтынымды бере салған өзім де ақымақ боп отырмын. Сол күйі алтынның ақшасы төленбеді. Бір ол емес, әр құдалықта маған тағылған алтын солай ломбардқа кеткен. Зейнеткер әрі ұл-қызы есейіп кеткен адамның алтынсыз жүргені ыңғайсыз екен. Жиындарда көрші апалардың мойны мен қолындағы алтындарын көріп қызығам. Ал мен жұрт алтыны жоқ деп айтпасын деп, алтынға ұқсайтын арзан сары бужитериялар тағып жүрмін. Кейде құрдас әйелдер «Ой, мынауың әдемі екен, шешші тағып көрейін» дегенде, не дерімді білмей қалам. «Үзіп аласың, қайтесің» деп, әйтеуір ешкімнің қолына ұстатпауға тырысам.
Ақшадан қиналғанда екінші қызымнан ақша сұраймын. Басқаларға қарағанда жағдайы жақсы. Бірде тағы екі жілік еттің ақшасын төлеп берші деп ақша сұрадым. Ол «Үйлеріңізге ай сайын әжептеуір кіріс кіріп жатыр. Неге үнемі ақша жетпейді. Мама, міне қараңыз...» деп кірісімізді есептеп берді. Расында да, менің зейнетақымды қосқанда, келін мен ұлдың жалақысы, одан бөлек келіннің бес балаға алатын жәрдемақысы, май-құрттан түсетін ақшамен қарызсыз өмір сүруге болады. Бірақ киімді де, басқаны да бөліп төлеуге ала салатын, тапсырыспен тамақ алуға құмар, басында бірнеше несиесі бар келін тұрғанда менің көрген күнім осы, өзгермейді деп ойлаймын.
Ұлым үйдің бетін көрмей қара жұмыс істеп жүр. Бір күні денсаулығы сыр берсе не болмақ? Оны ойлап жатқан келін жоқ, тек одан ала берсем дейді. Ажырастырып жіберейін десем, ортада бес бала бар. Күнде құдайдан «Келініме сана бер, ақыл бер» деп дұға жасағаннан басқа қолымнан келер дәңене жоқ."
Осылай деп мұңын шаққан апа "Қартайғанда бала-шағаның бейнетін емес, зейнетін көрсең ғой, шіркін" деп арманын айтып күрсінді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: