​«Көрші әйелден қалай құтылам?»: шымкенттік азамат отбасын сақтап қалудың амалын таппай жүр

0
2 011

«Екінші әйелің боп өз үйімде тұра беремін» деп отыр»


​«Көрші әйелден қалай құтылам?»: шымкенттік азамат отбасын сақтап қалудың амалын таппай жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Кейбіреулердің көңіліне келмесін, бірақ біз, еркектер, көп нәрсені таяз ойлаймыз. Соңы немен аяқталады, «осы маған керек пе» деп ойланып жатпаймыз. Былайша айтқанда, нәпсіге тез ерік беретін адамдармыз ғой. Мен де сау басыма сақина тілеп алғандардың бірімін. Енді соның емін іздеп әуремін. Ұйқы қашты, маза кетті», - дейді Медетбек (есімі өзгертілді).


Шымкенттік азамат бір жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен жаңа үйден баспана алған екен. Енді сол жерден көшіп кетудің амалын таппай отырған көрінеді. Оған себеп болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Жағдай былай болды. Әйелім екеуміз тапқанымызды тірнектеп жинап, банкке құйып, жас отбасыға арналған бағдарламамен үй алғанбыз. Өзі енді ғана жаңадан салынып, пайдалануға берілген екен. Бір мезетте бәріміз қоғадай жапырылып әлгі үйге көшіп бардық. Жаңа үй, жаңа көршілер, жаңа таныстар дегендей. Арада біраз күн өткен соң жаңадан қоныстанған көршілермен де таныс-біліс болып қалдық. Қазақ емеспіз бе, бір-біріміздің пәтерімізге «қоныс құтты болсын» айтып кіріп шықтық.


Бар бәле содан басталды. Есігіміздің дәл алдындағы пәтерге күйеуі жоқ, балалы келіншек көшіп келіпті. Әйелім қайдан естігенін білмеймін, әлгі көрші келіншек жайында «күйеуімен біраз жыл бұрын ажырасып кетіпті, ауруханада мейірбике болып істейді екен» деп бір өсектің шетін шығарып қойды. Оған таңғалған жоқпын, себібі қазір кім ажыраспай жатыр, дәм-тұзы жараспаған шығар деп ойладым, қойдым.


Сонымен, не керек, әлгі көрші келіншектің баласымен біздің бала айырылмас дос болып алды. Екеуі біресе біздің үйде, біресе сол әйелдің үйінде ойнап жатады. Ондайда «тамаққа кел» деп шақырып барасың. Барсаң алдыңнан көрші келіншек шығады. Жасы отызға әлі жетпеген, майысып қалған әйел. Сәлемдесіп, жағдай сұрасып, арасында баламды мақтап қояды. Одан әріге бармай біраз уақыт түзу жүрдік.


Бірақ бірте-бірте әлгі келіншек «аға ананы көтерісіп жіберіңізші, мына бір картинаны қағып беріңізші» деп келіп тұрады. Әдемі, басы бос келіншек қиылып тұрса неге көмектеспеске? Тау қопар десе де қопаруға болады. Сөйтіп жүріп арамызда жұмбақ бір сезім пайда болды. Күніне мен оны, ол мені көрмесек тұра алмайтын халге жеткен сияқтымыз.


Кейде көрші келіншек жөнінде әйеліммен дастархан басында әңгіме болса, қашқақтайтын болдым. Бір нәрсені артық айтып, бүлдіріп аламын ба деп қорқамын. Әйелімнің бетіне қарай алмай, «Сол келіншектен басқа әңгіме құрып қалды ма? Басқа әңгіме айтшы» деп өтірік жақтырмаған сыңай танытамын. Әйелім аптасына алты күн, күндіз жұмыста. Ал менікі ауысымдық жұмыс, екі күн үйде, бір күн жұмыстамын. Көрші келіншек те ауысыммен істейді, тура мен демалатын уақытқа жұмысын туралап алған ба, әйтеуір алдымнан кесе-көлденең шығып жүріп мені өзіне қаратты.


Аптасына бірер рет төсекте кездесе бастадық. Әйелімнің бетіне қараудан қалдым. Оның көзіне бүйтіп шөп саламын деп ешуақытта ойлаған емес едім. Жақсы көріп, сүйіп қосылған адал жарым еді. Шайтан түртті, теріс жолға түсіп кеткенімді байқамай қалдым. Көрші келіншекпен ашыналық қарым-қатынасым күнен-күнге күшейіп бара жатқандай.


Бір таңғалатыным, көңілдесім үйімізге емін-еркін кіріп, дастарханымыздан дәм татып, әйеліммен әңгімені соғып отыра береді. Түр бермейді ғой, шіркін. Құрбысы болып алған. Ондайда мен қипақтап, екеуінің әңгімесін аңдып, «сырым ашылып қалмаса екен» деп қара терге малынам. Әзірге әйелім ештеңені сезер емес.


Сөйтіп уақыт өтіп жатқан. Өткен аптада көрші келіншек үйіне шақырып алып «мен сенен екіқабатпын» деп жүрегімді зу еткізді. «Бәлкім менен емес, басқа біреуден шығар. Шыныңды айт» деп өзіне қарай атылдым. «Сенен басқа ешкімім жоқ. Кеше тексерілдім, үш ай болыпты. Сенбесең жүр, ДНК сараптамасын жасатамыз» деп өзіне сенімді сөйлеп отыр. «Қанша ақша берейін, алдырып таста, маған сенен бала керек емес, отбасым қымбат» деп қашуға әрекет жасап көрдім. Түк шықпады. «Үлкен срок, алдыра алмаймын. Басында ойлану керек еді. Қалай да бұл баланы туам, балама серік болып өсіп кетеді. Ал сен жағдайды әйеліңе ақырындап жеткіз, түсінуі керек. Білімді, ақылды адам ғой. Екі үйдің ортасында жүре бересің, несі бар» деп отыр.


«Сен мені құрттың. Қайдан ғана жолап едім, саған» деп айқайлап бұрылып кеттім. Негізінде азғырғанына ермей, тыныш отырмаған өзім кінәлімін ғой. Төсекке сүйрегенде бала жағын ойламаған өзім де оңбаймын. Әйелім мұны білсе ажырасуға арыз беріп, ағаларына айтып көзіме көк шыбын үймелететінін жақсы түсініп тұрмын. Менің әке-шешем де ондайды құптамайды, менен гөрі келіндерін қатты жақсы көреді. Енді мұндай жағдайда не істеуім керек?


Міне, жаңалықты естігелі бері бір апта болды. Басым қатты. Не әйелімнің бетіне қарай алмай, не көрші келіншекке нақты жауап бере алмай басым қатып жүр. «Тілеп алған аурудың емі жоқ» деген рас екен. Ойнасқа барам деп от бастым. Енді далбасалап өздеріңізден көмек, ақыл сұрап отырмын. Бәлкім басқа үйге көшіп кетсем бе екен, бірақ мемлекеттік бағдарлама болған соң сатуғада болмайды бұл пәтерді. Не істейін, айтыңыздаршы...»