​«Құдағиым үшін ұялып кетемін»: тараздық әйел жалғыз баласының қайынжұрттан жолы болмағанына өкінеді

0
2 309

«Келінімді ол адам тумаған сияқты, екеуі екі бөлек әлем»


​«Құдағиым үшін ұялып кетемін»: тараздық әйел жалғыз баласының қайынжұрттан жолы болмағанына өкінеді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Адамның кім екенін көргің келсе, досына қара» дейді ғой. Расында солай, араласатын ортаға көп нәрсе байланысты. Сол себепті мен бұрыннан жақсылармен жүздесуге, жақсы адамдармен дәмдес болуға, пікірі, ой-өрісі өзіммен тең адамдармен араласқанды ұнатамын. Ұл-қыздарыма да соны үйреткем. Кішкентайынан кімдермен дос, қандай адаммен араласады, бәрін қадағалап, ақылымды айтып отырушы едім. Бірақ барлық балаңа бірдей ақыл айтасың-ау, соны бәрі бірдей тыңдай бермейді екен», - дейді Раиса есімді ана.


Төрт қызын тұрмысқа беріп, жақында кенже ұлын үйлендірген оқырманымыз өзін мазалаған бір мәселесін ERNUR.KZ оқырмандарымен бөлісуді жөн көріпті.


«Асып-тасып кетпесек те, өзімізге жарасар өміріміз бар. Адал еңбекпен нан тауып, бес перзентті күйеуім екеуміз жеткіздік. Құдайға шүкір, мақтанғанымыз емес, балаларымыз жақсы тәрбиеде өсті. Төрт қызымызды ұзатып, «тәрбиелеген ата-анасына рахмет» деген сөзді есітіп келеміз.


Жақында бір түйір баламыз үйленетінін айтты. «Үш жылдан бері сөйлесіп жүрген қызым, жақсы, өзіме ұнайды. Бірақ әкесі жоқ, мамасымен баяғыда ажырасып кеткен екен. Сол себепті тәтті шай, анау-мынау демей, алып қашып әкеле саламын. Сіздер де әуре болмайсыздар» деп өзінің жоспарымен бөлісті.


Жалғыз ұлымды ырғап-жырғап үйлендірем деп армандап жүрген маған бұл онша ұнай қоймады. «Руы кім, шешесі не жұмыс істейді, басында үйі бар ма, негеұзатып бермейді, қалыңмалды жақсылап апарамыз ғой» деп балама айтып көрдім. Бірақ сөзіме ыңғай білдірмеді. «Олай болса суретін көрсет, тым болмаса түрін көрейік» деп қоймадым. Былайша, қыз өте сүйкімді, қабағы ашық, күлімсіреп қалған екен. Екеуі бір-біріне ұқсайтындай көрінді. Бізден қолдан не келер дейсің, «мейлі, қалағаның болсын, келінді әкеле ғой» деп рұқсатымызды бердік.


Бір аптадан кейін балам достарымен думандатып келіншек әкелді. Төрт қызым күйеу балаларыммен қоса тік тұрып қызмет қылып, беташарды өткізіп алдық. Кешірімге туыстарды жұмсап, тоғызын, қалыңмалын, өлі-тірісін, бәрін беріп жібердім. Ең қызық сәт хабаршылардың келіп, жаңа құдалар жайлы айтқаны ғой. Үйге кіргеннен сұрақтың астына алдық. «Қалай екен, қалай күтіп алды?» деп сұрақты бастырмалата жөнелдім. Күйеу балам «Жақсы, құдағи ашық-жарқын кісі екен, бірақ заманауи, енді сіздерден біраз жасқа кіші ғой. Жақсы күтіп алды» деп қысқа қайырды.


Обалы не керек, келінім жақсы. Аяқ-қолы жылдам, тірлікті тап-тұйнақтай етіп істейді. Бірақ осы уақытқа дейін құдағиыма көңілім толмай-ақ қойды. Алғаш көргенде-ақ «келінімді точна осы әйел туған ба» деп таңғалғам. Жастай күйеуге тиіп, осы қызын туған соң ажырасып кеткен екен. Қайта тұрмыс құрмапты. Бұрындары енем марқұм ажырасып кеткен әйелдерді көрсе «адамға жұғымы жоқ» деп жақтырмайтын еді. Құдағиыма қарата айтылғандай екен.


Қысқасы, ол қалай киініп, адамдардың ортасында өзін қалай ұстау керектігін білмейді. Баламызға дүркіретіп той жасадық. Жалғызқызының тойына құдағиымыз иығы «лямка», етегі қысқа көйлек киіп келіпті. Қарадай қысылғаным-ай. Тойда үлкен кісілер бар, келген жұрттың бәрі өзіне қарайтынын білмей ме? Құдағи деген атқа лайықты боп келсе қайтер еді? «Абасын ағарып алдыңда жүрмесін» демекші, ернін сылпылдатып, күлгендердің біріншісі өзімнің абысын-келіндерім болды. «Құдағиың не киіп алған, ұят-ай, қандай-қандай адам өзі» деп бетіме басты.


Сөзге шыққанда не айтарым білмей, бір сөзін екі рет қайталап, арасында микрофонға естірте күліп, мыңқ-мыңқ етті. «Мынау қандай адам өзі» деп күйеуім де бүйірімнен бір түртііп үлгерді. Жақтырмай тұрғанымызды асаба да түсінді-ау, өлеңдетіп, қолындағы микрофонды алып, маған ұстата салды. Жалғыз қызының тойына келетінін біледі, сөзін жұптап, мәнд, мағыналы бір тілек айтса болады ғой. Тойда сыр білдірмеуге тырысқаныммен, бірақ қатты ренжідім.


Жақында үлкен қызымыздың ата-енесі «құдаларға есік көрсетеміз» деп бәрін тамаққа шақырды. «Жаңа құдағи да келсін, жақынырақ танысайық» деген. «Келін, мамаңа айт, жақсылап дайындалып келсін» дегенімді келінім түсініп қойды ма, шешесіне етек-жеңі ұзындау көйлек кигізіпті. Бірақ сөйлеген сөзі, айтқан әңгімесі құлаққа түрпідей тиеді екен. Кім не айтса да араласып, килігіп, білмесе де білгендей әңгімені соға береді екен. Арасында телефонына біреу хабарласып еді, дастарханда өзінен басқа адамдар бар екенін ұмытып кетті ме, бес минуттай әлгі адаммен айқайлап сөйлесіп, қонақтардың көзінше тағы ұялтып қойды. Басқа кісілер бір-бірімен сыбырласып, кекетіп, күліп отырғаны жаныма қатты тиді. Үйге келген соң күйеуіме жылап алдым. «Жалғыз баламыз қайынжұрттан қағылыпты. Енесінің түрі – анау» дедім. «Қайтесің, анда-санда бір көретін адам ғой, жасы келе желігі басылатын шығар» деп сабырға шақырды.


Құда болғанымызға бір жылға жақындап қалды. Құдағи әлі бізге «есік көрсету» салтын жасамады. Қайда тұрады, тұрмысы қандай, білмейміз. Жақында тағы да үйге құдалардың бәрін шақырдық. Келінімнің шешесі де келді, бірақ жалғыз емес. Қасында түр-әлпеті келіспей қалған бір еркек бар. Бастапқыда бауырларының бірі шығар деп ойлағам. Сөйтсем құдағиым дастархан басында «Мына жігіт менің болашақ күйеуім, енді сіздердің құдаларыңыз болады» деп тырқылдап күліп салды.


Ойпырмай, кірерге тесік таппай кеттім. Адам деген мұншалықты арсыз болар ма? Ондай жаңалықты көпшілікке жария етудің не қажеті бар еді? Айтарға сөз таппай, қипақтап қалдық. Ондай жаңалықты келінім де күтпеген-ау, шай тасып жүрген еді, көзіне жас толып, бізден ұялып залдан шығып кетті.


Біздің жағдай – осындай. Баламның бақыты үшін бәріне көз жұма қарауға тура келіп отыр. Дегенмен де басқа әйелдерге сабақ болса екен, құдағи болғасын кішкене алды-артыңды ойлаған, сөйлер сөзіңді аңдаған дұрыс екен».