​«Күйеуім мен баламның біреуін таңдау керек»: шымкенттік келіншек тығырыққа тірелгенін айтады

0
8 588

«Үлкенімді ойлап кішісін әкесінен айырғаным дұрыс па?»


​«Күйеуім мен баламның біреуін таңдау керек»: шымкенттік келіншек тығырыққа тірелгенін айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әйелдің бақыты еркекте емес екен, әйелдің бақыты – бала. Әлде менің ұстанымым ғана осындай ма? Мысалы, қазір таразының бір басында балам, екіншісінде күйеуім тұр. Екеуінің біреуін таңдау керек, сол үшін күйеуіммен ажырассам ба деймін. Бірақ бұл шешімімді бауырларым қолдамай отыр», - дейді Әйгерім есімді оқырманымыз.


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан келіншек көпшіліктен ақыл-кеңес сұрап отыр.


«Отбасымызда екі қыз, бір ұлмыз. Әкем мен анам ажырасып, әкеміз Ресейге көшіп кеткен. Ал анам інім мектеп бітірер жылы өмірден өтті. Бізді ары қарай әжем бақты. Құдайға шүкір, анамыздың көзі кетсе де ештеңеден тарықпадық. Керісінше оқуды жақсы аяқтап, анамның атына сөз келтірмеу үшін барымды салдым.


Екінші курста оқып жүргенде бір жігітпен көңіліміз жарасты. Ол менен екі жас үлкен еді. Менімен тағдырлас, әкесі қайтыс болған, анасы бар. Тіпті мені бауырларымен таныстырып, мен университетті бітірген кезде үйленеміз деп уәделесіп қойғанбыз.


Қолыма дипломымды алып, жұмысқа тұрған соң жігітім отбасымен біздің үйге келіп, әжемнің рұқсатымен құлағыма сырға тағып кетті. Екі айдан кейін ұзатылатын боп шешкенбіз. Бірақ бір айдан кейін жігітім көлігімен апатқа ұшырап, ауруханаға апара жатқан жолда жан тапсырды. Естігенде мен де есімнен танып қалдым. Бауырларым ауруханаға жеткізген екен, сол жердегі дәрігер маған уайымдауға болмайтынын, жүкті екенімді айтты.


Шынымды айтсам, жігітімнің қайғысынан бойымды тіктеуіме ішімдегі бала себеп болды. Күйеуге тимей жүкті боп қалғанымды білген әжем көп ұзамай өмірден өтті. Үсті-үстіне келген қайғыны кәрі жүрегі көтере алмады-ау. Айналдырған бір айдың ішінде екі жақынымды жер қойнына тапсырып, қайғыдан қан жұтып қалдым. Аяғымның ауыр екенін білген жігітімнің анасы жылап, «менің қызым боп үйімде тұршы» деп жалынды. Барғым келмеді, оларды көрсем жігітім еске түсіп кете беретін.


Не керек, ай-күнім жетіп, дүниеге ұл әкелдім. Неше түрлі стресс, үсті-үстіне болған қайғы баламның денсаулығына да әсер етпей қоймапты. Балам жүрек тесігімен туылды. Бұрынғы жылағаным аздай, енді баламды ойлап түн баласы көз ілмей шығатынмын. Осы уақыт ішінде әпкем мен інім жаныма жалау болды. Екеуі екі жақтап жұмыс істеп, балам екеумізді асырады, емдетті, көңілімізді аулады.


Балам екі жасқа толғанда бақшаға беріп, жұмысқа шыққам. «Енді ешқашан тұрмысқа шықпаймын, балам үшін өмір сүрем» деп махаббат тақырыбын өзім үшін жауып қойып едім. Бірақ жүрек бой бермеді, ақыры бір жігітке сезімім ашылып, отбасын құрдық. Күйеуім бұрын үйленбеген, менің баламды біліп, түсініп, өз қалауымен алды. Басында әпкем «балаңды маған қалдырып кет, жаңа өмір баста, апта сайын келіп, көріп тұрасың ғой» деп айтқан. Бірақ мен олай етпедім, ұлымды ешкімге бермедім.


Үйленгелі бері күйеуімнің балама қырын қарайтынын байқаймын. Бес жасар балада қандай қулық бар дейсің, кейде байқамай күйеуімнің үстін кір қолымен ұстай салады, еркелегісі келіп алдына отыра салады. Ондайда «баршы ары, шаршап тұрмын, кет бөлмеңе» деп күйеуім бетін қайтарып тастайды.


Балам әкесіне тартқан, ешкімге зияны жоқ бала. Өте сабырлы, ақылды. Кішкентай болса да бәрін түсініп, біліп тұратын сияқты сезілетін. Осындай баланың өзінен мін тауып алуды шығарды. Мультфильм көріп отырса қолынан пультті жұлып алып, басқа арнаға ауыстыра салады. Айта берсем көп енді.


Күйеуге тиіп тағы бір баланы өмірге әкелдім. Қазір оның жасы екіде. Ол өмірге келгелі күйеуімнің мінезі тіптен қатты өзгерді. Өз баласына жанын беруге дайын. Ал үлкенімізді сол күйі қабылдамады. Інісіне жақындап кетсе жаны шығып кете жаздайды. Кейде тіпті нұқып, жұлқылап алады. Осы күні балам «мен сендерге керек емеспін» деп жылайтын болды. Есі кіріп келе жатыр, іштей өзін жек көретінін сезеді-ау.


Күйеуіммен бұл туралы ашық сөйлестім. «Мен сенің балаңды өз баламдай жақсы көріп кете алмаймын. Оның себебін өзім де білмеймін. Жүрегім жылымайды. Мен оны өзгерте алмаймын» деп кесіп айтып отыр. Қазір ғой, балам кішкентай, онша-мұншаны ұмытып кете беретін шығар. Ал ертең өсіп, өтпелі кезеңге келгенде екеуі жауласып, дауласып кетсе мен қайтпекпін? Күйеуге тиіп тым асығыстық жасаппын деп өкініп отырмын.


Бұл жағдай менің жүрегімді ауыртады. Екі ұлымның алдында аналық борышым бірдей. Екеуін бір-бірінен айырмаймын. Ал үлкенім інісі десе шығар жаны басқа. Ішкен асын жерге қояды. Үлкенім үшін кішісін әкесінен айырғаным қалай болады? Қысқасы, шарасыз күйде тұрмын. Ақыл-кеңестеріңіз болса, ойыма ой қоса отырыңыздаршы».