​«Күйеуің алқаш екен, алып кет»: алматылық әйел құрбысының опасыздығын ұмыта алмағанын айтты

0
6 200

«Екеуі бір жыл отасты»


​«Күйеуің алқаш екен, алып кет»: алматылық әйел құрбысының опасыздығын ұмыта алмағанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Басқа емес, ашқұрсақ студенттік шақта бір нанды бөліп жеп, жатақханада бір бөлмеде тұрған құрбымның менен кек алу үшін оңтайлы сәтті күтіп жүргенін білгенде күйіп кеттім», - дейді Айсәуле есімді әйел.


Ең жақын құрбысынан сатқындық көрдім деген оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне болған оқиғаны баяндап берді.


«Айгүл менің студенттік шақтан келе жатқан жан құрбым еді. Ол Шымкенттен, мен Қызылордадан келіп, университеттің жатақханасында бірге тұрдық. Айгүлдің мінезі салмақты, көп сөйлей бермейтін, бірақ көңілі келсе әңгімені майын тамызып тұрып айтатын қыз еді. Соған қарамастан тез тіл табысып кеттік. Ашықауыздығым ба, әлде ақкөңіл мінезімнен бе, ауылдағы итім мен мысығыма дейін жасырмай айтып отыра беруші едім. Ал ол үндемей тыңдап қоя салатын. Пікір білдіріп, қоштап, қолпаштап кетуі сирек-тұғын.


Кейін қатарымызға Ақжарқын деген қыз келіп қосылды. Ол да мен сияқты самбырлап қалған қыз еді. Екеуміздің әңгімеміз таусылмайтын. Сонымызды Айгүл онша жақтырмай, «кеше келген Ақжарқынмен жараса қалыпсың» деп қызғанып отыратын.


Үшінші курсқа өткенде Айгүл ашыла бастады. Араласатын ортамыз кеңейді. Ортақ достарымыз пайда болды. Анда-санда вешірлерге барып, көңіл көтеруді естен шығармадық. Ондайда Айгүл менен көйлек сұрап киетін. «Менің де фигурам сенікіндей болғанда ғой, анау шалбарыңды киіп алатын едім» деп толықтау Ақжарқын армандап қалатын. Олардан ештеңемді аяған емеспін. Қайта менің құрбыларым ретінде жанымда жарқырап жүргенін қаладым.


Бірде көрші бөлмедегі группалас қыз әпкесінің үйінде туған күнін жасап, бізді шақырған. Үшеуміз барымызды киіп, жасанып шықтық. Отырысқа басқа университеттің жігіттері де қонақ боп келген екен. Ішінде гитарамен ән айтатын бір жігіт ерекше көзге түсті. Бірақ Айгүл «Анау жігітте дәмелерің болмасын, ол менікі» деп ескертіп үлгерді. «Ал, көрейік, қалай сындырар екенсің» деп қыздармен күліп, сырттай бақылап тұрғанбыз. Айгүл жігітті айналшықтап, бір-екі мәрте биге шақырып еді, жігіт бастартты да, мені биге шақырды. Мен одан қашқақтаған сайын қыр-соңымнан қалмады. Сол кештің соңында ол бізді жатақханаға дейін шығарып салды.


Шынымды айтсам, сол күні Айгүлден қатты қысылдым. «Кешірші, мен емес, өзі ғой...» деп ақталғанымды қайтерсің? «Әрине, көзіне түсу үшін мынандай көйлек киіп барсаң, қарамай қайтсін!» деп бұртиып, бірнеше күн сөйлемей жүрді. Бірақ танысқан жігіт қайта-қайта жатақханаға іздеп келіп, мені өзіне қаратып алды. Сабаққа апарып тастайды, қайтарда жатақханаға жеткізіп салады, күнде гүл, күнде балмұздақ... Қысқасы, алматылық жігітпен жарасып кеттік.


Университетті бітірген жылы Медет екеуміз отбасын құрдық. Қызылордаға құда түсіп баруға шыдамы жетпей, алып қашып кетті. «Мамам мен папамның батасын ала алмадым» деп жылағаным есімде. Оның үстіне той жасап, ұзатылу менің арманым болатын. «Соншама нәрсенің бәрі бос әурешілік. Үлкен тойымыз міндетті түрде болады. Бара салатын, келе салатын жақын жер емес қой» деп ақыры көндірді.


Сонымен не керек, екеуміз үйленіп, дүркіретіп тойымызды жасадық. Менің отбасылық өмірім басталды. Бір жылдан кейін тұңғыш сәбиіміз дүниеге келді. Біз өте бақытты отбасы едік. Көп ұзамай қызды болдық. Медет балалары десе, ішкен асын жерге қоятын. Бала-шағамызбен табиғат аясында демалғанды ерекше жақсы көретінбіз. Отасқанымызға 7 жылға жақындағанда мені өліп-талып сүйген Медетім өзгере бастады. Бұрынғыдай елпілдемейді, жұмысынан кешігетін болған. Анда-санда ішетін болды... Ішкен адам оңсын ба, жұмысынан шығып, тарыға бастадық. Ондайда оқу бітіре сала мектепке кіріп алмағаныма өкінетінмін. Осы күні айлығымды алып, ас-судан тарықпас едім деп ойлайтынмын.


Ондайда баяғы құрбым Айгүлге мұң шағам, «Медет өзгеріп жүр, шаршап кеттім» деп жылап алам. Ол да түк болмағандай «Қайтесің енді, өмір ғой, қартайғанша индийский махаббат бола бермейді» деп жұбатып қоятын.


Осылай ырың-жырыңмен алты айды артқа тастадық. Бір күні Медет «мен кетем, басқа адамды жақсы көріп қалдым» деп ескертті де, ұрыспай-таласпай үйден шығып кетті. «Балаларға өзім қарасып тұрам, уайымдама» деп ескертті. «Іше беріп есі адасып қалды ғой, жоқшылық та қажытып, демалғысы келген шығар. Ашуы басылса келеді ғой» деп күнде есікке телміріп, күтуші едім. Бір күні Айгүлдің «статусынан» екеуінің құшақтасып түскен суретін көріп, талып қалдым. Кәдімгідей есімді жоғалтып алыппын. Ұлым келіп, су шашып жүріп «тірілтіп» алды...


Сүйіктім менің жан құрбым маған осылай опасыздық жасады. Қай жерден қателестім, неге бұлай болды деген сұрақтар менің жанымды жегідей жеді. Бірақ амал бар ма, пешенемізге жазылғанға көніп, тіршілігімізді сүріп жатырмыз.


Күйеуім мен құрбым бір-ақ жыл бірге тұрды. «Мына байыңды шақырып ал, табыс таппайтын, алқаш күйеу керек емес маған» деп звондағанын қайтерсің?! Ақырында өзі үйінен қуып шығыпты. Жүні жығылып, тауы шағылған Медет үш рет алдыма келіп, жығылып, кешірім сұрады. Басқа әйелге кетсе кешірер ме едім, жан құрбыммен көзіме шөп салғанын сол күйі ұмыта алмадым. Қазір әке-шешесі мен інісінің қолында тұрып жатыр. Анда-санда балаларына келіп тұрады...»