​«Өлетінін білгенде отасына ақша бермес едім»: жаназадағы жанжал ағайындарды ажыратқан

0
17 528

«Құдам мен қайынжұртымның ақшасын өзіме қайтарып беріңдер» деп шу шығарды»


​«Өлетінін білгенде отасына ақша бермес едім»: жаназадағы жанжал ағайындарды ажыратқан
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өлім мен той кімнің кім екенін, ағайын арасындағы ауызбіршілікті ашып көрсететін жиынның бірі екен. Олай дейтінім, таяуда туысқан ағамыз өмірден өтіп, сол жерде жағымсыз жағдайдың куәсі болдық. Бұл жағдай басқаларға да сабақ болса екен деген ниетпен өздеріңізбен бөлісіп отырмын», - дейді Еркебай есімді түркістандық азамат.


Жаназадан кейін болған оқиғаны оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Жақсы адам өмірден өтті. Аңқылдаған, бала көңіл адам еді. Айналдырған бес айда ауру шыр айналдырды да, алып кете салды. Артында ұлы мен үш қызы, жеңгеміз жылай-жылай қалды.


Асқар ағамыз онкологиялық сырқатқа шалдыққанын кеш біліп қалған. Дәрігерлер «ота жасап көрейік, ары қарайғысы бір Алланың қолында» дегесін ағайын-туыспен ақылдасқан. «Ондай отаны тек Алматыда істейді екен, біраз ақша керек боп тұр...» деп күмілжіген жеңгемізге бәріміз қолдау білдіріп, қолымызда барды бөліп бердік. Бір ағамыз 70, екіншісі 90 мың, енді отбасын құрған інішектер 20-30 мыңнан тастады. Қыздар жағы да шет қалған жоқ, әрқайсысы 50, 100 мыңнан тастады. Жеңгеміз ватсаптағы чатта алғысын жаудырып, «бірлігі жарасқан ағайындарымызға мәңгі ризамыз» деп көңілі босап қалған. Тек қара шаңырақта отыратын үлкен ағамыз ғана «Операцияға қажетті соманы жинап қойыпсыңдар ғой, сонымен істетіп келе берсін. Отадан кейін де химиятерапиясына ақша керек болар, біз атағанымызды сонда береміз» деп қалған.


Ота сәтті шыққанымен ағамыз химиялық емді көтере алмады. Тамақ ішуден қалып, күннен күнге азып-тозып, жүдеп бара жатты. «Мені енді ары-бері сүйреп, әуреге салмаңдаршы, тыныштық беріңдер» деп әйелі мен балаларына көнбей қойған ағамыз төсекке таңылып біраз жатты да, шын дүниесіне көшті.


Суыт хабар келісімен ауылға аттанғанбыз. Бәрі жиналып, жаназаны, жетісін, бейсенбілігін өткізудің қамына кірісіп кеткен екен. Үлкен ағамыз «жетісін бөлек өткіземіз» деп шешіпті. «Аға-ау, күн болса ыстық, жекжатты қайта-қайта әурелей бермей, жаназамен қосып жіберейік» деп інілер шыққан. «Үй болса тар, келген кісілерді қайда отырғызамыз? Бауырынан құтылғанша асыққан адам сияқты болмай, өз уақытында дәмханада өткіземіз» деп үлкен кісі соңғы шешімін айтқан.


Содан не керек, жаназаға келген жекжаттардың біразы «бата оқырға» деп ағамыздың қолына ақша ұсынбай ма? Оны тізімге жазып, ағамыз жинап отырған. Бәрі бітіп, ағайындар оңаша қалғанда қалада тұратын бір ағамыз әңгіме бастады. «Көке, менің құдам қанша әкепті?» деді ол. «Құдаң жиырма мың берді, қайынағаң он мың, бажаң жиырма мың тастады» деп ағамыз тізімге көз салды. Сөйткенше болған жоқ, қалада тұратын ағамыз «Онда соны маған бере салыңыз, ертең бірдеңе болса қайтаратын өзім ғой» десін. Отырғандар шулап кетті. «Әй, ол қай сасқаның, бәріміздің туысымыз, танысымыз келіп, «қол созып» кетті. Оның бәрін «өзім қайтарам» деп ала берсек, мына үйдің жағдайы не болады? Алда жетісі, қырқы, бейсенбіліктері бар» деп бәрі әңгіме айтқан.


Оған көнетін емес, «Айттым, бітті, менің қайынжұртым әкелген ақшаны өзіме беріңіздер. Онсыз да кеше ағамыздың операциясына ақша шығарып, бекерге ауаға жұмсадық. Өлетінін білгенде ота жасатпай қоя салуымыз керек еді. Сол кезде үлкеніміз боп өзіңіз бастап, ақша қосуға жарамадыңыз» деп бәріміздің төбемізден жай түсіргендей болды. Онысын таулы ауылда тұратын бір әпкеміз қоштай кетсін. Үйдің іші азан-қазан, у да шу болды.


Ағамыздың жалғыз ұлы мен жеңгеміздің жүрегі езіліп кеткен шығар, жылап жіберді. «Бәріңізге рахмет, алатын ақшаларыңыздың бәрін алыңыздар, ешкімнен ештеңе керек емес» деп жеңешем кемсеңдеп қалды. Ал баласы болса «Біраз күнде папамның зейнетақы қорындағы ақшаларды аламыз. Сол кезде бәріңізге операцияға берген ақшаларыңызды қайтарып берем» деп оқты көзімен бір қарады да, сыртқа шығып кетті.


Үлкеніміз ғой деген ағамыз да мына жағдайдан кейін есеңгіреп қалды. «Алдаштың сұрап отырған ақшасын беремін, енді көрмегенім сол болсын! Туған бауырыңның жаназасынан пайда көрмей-ақ қойсаң нең кетті» деп түрі өзгеріп кетті.


Қалада тұратын ағамыздың қызба мінезді, тиынға тіс сындыратынын бұрыннан білсек те, тап жаназаға түскен ақшаға көз тігеді деп ойламаппыз. Бәріміздің көңіліміз қалып кетті. «Қалған көңіл – шыққан жанмен тең» демей ме, жеті күндік асында ешкім онымен сөйлеспей қойды. Пейіліне бірдеңе көрінейін деген шығар, ондай болудан Құдай сақтасын...»