​«Пәтерім керек болып іздеп келіпті»: шымкенттік әйел енесін үйінен қуып шыққан

0
1 585

«Қайғыдан қан жұтып отырғанда келіп, көңіл айтуға жарамаған»


​«Пәтерім керек болып іздеп келіпті»: шымкенттік әйел енесін үйінен қуып шыққан
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өмірде бәрін есептеп, тек өзінің бас пайдасын ойлайтын адамдар болады. Олар кейде өз жағдайын жасау үшін ар, намыс, ұят деген нәрсені екінші орынға ысырып қоя салады. Менің бұрынғы енем сондай адам екен. Баяғыда оны дұрыс танымаған екем. Әлде жас болып, көп нәрсені дұры байқай алмадым ба? Қазір ондай енеден, оның баласынан ертерек құтылып кеткеніме қуанамын», - дейді Назира есімді әйел.


Оқырманымыз отбасылық өмірде қорлықты күйеуден емес, енесінен көп көргенін айтады. Осылайша ол екі баласымен ажырасуға мәжбүр болған. Басынан өткен оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Бір үйдің жалғыз қызымын. Анам ертеректе қайтыс боп кеткен, кейін әкем екінші мәрте үйленіп, өзімен өзі болды. Ал мені әкемнің күйеуге тимеген жалғыз қарындасы өз қолына алып, асырап-бақты. Әпкем болса да мен ол кісіні «апатай» деп атадым, себебі анамның орнын басқан бауырым ғой. Жатқан жері жайлы болсын, өмірін маған арнады. Анамның аруағына деген құрметі шығар, бәлкім.


Өмірінің ақырына дейін мектепте мұғалім болып, бастауыштан сабақ берген апатайым менің де мұғалім болғанымды қалады. Сөйтіп мен мектеп бітірген соң грантқа оқуға тапсырып, бірнеше университетті белгілеп көрсеттім. Апатайым да, мен де өзіміздің Шымкенттің бір университетіне түсетін шығармыз деп үміттеніп едік. Бірақ маған грант Алматыдан бұйырды. Сөйтіп алғаш рет апатайымнан жыраққа, студенттік өмірді бастауға бет алдым.


Жігіт атаулыға жақын болмадым. Апатайымның құлағыма құйып жібергені бар, төртінші курсқа аяқ басқанша сабақтан бас алмадым. Тек бітірер жылы артымнан қалмай сөз салған бір жігітке келісімімді бердім. Түбі Шымкенттен екен. Әкесі қайтыс болған соң анасымен, екі әпкесімен Алматыға жұмыс істеп, ақша табу үшін келген көрінеді.

«Әзірше үш бөлмелі пәтерді жалға алып тұрып жатырмыз» десе де оған риясыз сеніп, етегінен ұстадым. «Ойланып тірлік қылып жатсың ба, Шымкенттен де табылар еді ғой сондай жігіт» деп апатайым қанша айтса да құлақ аспадым.


Біздің тойымыз болмады. «Жағдайым жеткенде өзім жасап берем» деген күйеуімнің сөзіне сеніп, жалдамалы пәтерде екі қайынәпкем, енем, бәріміз бірге тұрдық. «Дипломымды алдым, енді мен де жұмыс істейін» дегеніме үйдегілер үзілді-кесілді қарсы болды. «Мына үйге де бір адам керек» деп қазан-ошақтың басына жіпсіз байлап тастады.


Мақтанғаным емес, бірақ үйдің отымен кіріп, күлімен шығатын едім. Жолдасымның жағдайынан бұрын, үйдгі қыздардың, енемнің жағдайын көп жасайтынмын. Киім-кешектеріне дейін жуып, үтіктеп беретінмін. Сонда да жақпаймын. Таңертең тұрып қатталып тұрған тола киімнің арасынан үтіктелмегенін киетін боп, сол үшін ұрыс шығаратын. «Азаннан кешке дейін үйдесің, осыларды істемей не бітіресің» деп әңгімені бастайды, аяғында жатыпішер жалқау, арамтамақ, масыл адам боп қалатынмын.


«Апатай, енді не істеймін» деп басым қатқанда ақыл сұрасам, «не болса да көнесің енді...» деп күрсініп қалушы еді. Бәріне көндім. Ұл да, қыз да туып бердім. Олар өмірге келген соң үш бөлмелі үй бізге тарлық етті. Балалардың жылағанын, шулағанын екі қайынәпкем көтере алмай, үйде жиі ұрыс болатын. «Онда біз бөлек кетейікші» деп күйеуіме айтып көрдім. «Жындысың ба, бұларды тастап қайда барам» деп мені тыңдағысы келмеді.


Сөйтіп жүргенде мен апатайымның жаман ауруға шалдыққанын естідім. Әкем хабар берді. «Апатайың саған айтпай жүрген. Бірақ жағдайы мәз емес, неғылса келіп, қасында біраз болсайшы» деп өтінген соң күйеуімнен сұранып, екі баламды алып, Шымкентке жолға шықтым. Менен басқа қарайтын ешкім жоқ. Келсем жағдайы тіпті нашарлап кеткен. Қайта-қайта ауруханаға апарып, уақтылы дәрі-дәрмегін беріп қарау керек. Күйеуіме жағдайды айтып едім, «жарайды, біраз уақыт қасында бол» деп рұқсатын берді.


Бірақ оны енем түсінбеді. «Сенің денің сау ма, байы бар адамсың, мына жақта тамақты кім істейді, қайт үйге!» деп күнде хабарласатын. Болмаған соң апатайым жағдайды түсіндіріп айтты. «Құдағи, тағы бірнеше күн болсыншы, бұл қыз маған да керек боп жатыр. Жағдайым нашар, қалай боп кетерімді өзім де білмеймін. Бір дидарына тойып, мауқымды басайын» деп айтып көрді. «Жарайды» деп көнген сыңай танытқанымен, былай шыға бере күйеуімді маған айдап салып, екеуміз телефонмен күнде ұрысатын жағдайға жеттік.


Ақырында апатай «Үйіңе бара ғой енді, мен саған ризамын» деп жолыма ақша ұстатып жіберді. Пойызға отырып, Алматыға түскен сәтте апатайымның ақтық демі үзілді деген хабар келді. Жағдайды сол сәтте күйеуіме айтып, вокзалдан билет алып кері қайттым. Жылап-сықтап жүріп апатайымды ана дүниеге шығарып салдық. Жаныма батқаны, күйеуімнің қайғылы жағдайды естісе де анасын, әпкелерін ертіп келіп, көңіл айтпағаны болды. Тіпті телефонмен де жағдайымды сұрамады. Ондайды көре тұра Алматыға қалай барам?!


Бір айдан соң күйеуімнің ажырасуға арыз бергенін білдім. Сырттай ажырастық. Киім-кешегімді, басқа да заттарымды енем біреулер арқылы Шымкентке салып жіберіпті. Керегі болмай қалған иттей қылды. Жылай-жылай көзімнің жасы таусылды. Қызым мен ұлым үшін еңсемді көтеріп, апатайымнан қалған екі бөлмелі пәтердің барына шүкір етіп, тіршілігімді қайта жалғастырып кеттім.


Содан, бері арада алты жыл өтіпті. Үлкенім бесінші сыныпта, кішісі бастауышта оқиды. Осы уақыт ішінде не енем, не күйеуім «Балалар қалай?» деп бір рет хабарласым немесе қаржылай көмек берген емес. Өз күшіммен екеуін сүйреп келем. Бірақ оны ешкімге міндет етпеймін. Не істесем де өзім үшін, бәрі...


Жақында үйдің қоңырауы соғылды. Кім екен деп есікті ашсам, кіші қайынәпкем мен енем тұр. Түк болмағандай жалпылдап, екі баламды кезек-кезек сүйіп, төрге озды. Аң-таң боп қалдым. Сөйтсем енем тура менің апатайым сияқты онкологиялық ауруға шалдығыпты. Содан біреулер «Шымкент жақта мықты емші бар» деп айтып, соны іздеп келген беті екен. «Басқа аялдайтын жеріміз болмады, оның үстіне балаларды көрейік дедік...» деп енем мүләйімси сөйлегенде атарға оғым болмады.


«Серік үйленген, бірақ әйелі кесапат адам боп шықты. Қазір екі баласымен басқа пәтерде тұрып жатыр» дегенде еріксіз күліп жібердім. «Кесапат болды ма әлде сіздердің айтқандарыңызбен жүрмей қойды ма?» деп беттеріне тесіле қарадым. Бірақ қысылатын, ұялатын олар жоқ. Кешірім сұрауды да білмеді. Тым құрығанда апатайымның шаңырағына келіп отыр ғой, Құран бағыштап көңіл айтуды ойламады. Ондайда мен не істеуім керек?! Әрине, екеуін де шай берместен қуып шықтым. «Менің пәтерім сендерге қонақүй емес, ақшаларыңа жалдап, сонда барып тұрыңдар» дедім. «Қатыгез екенсің, ауырып тұрған үлкен кісіні сыйламадың. Сен де анасың ғой, ертең осы жағдай өз басыңа келсе не істер едің» деп қайынәпкем қарғап-сілеп шығып кетті. Олардан бұдан басқа не күтуге болар еді?!


Менің тағдырым – осындай. Құдайдың есебі тура, менің апатайым ауырып, хал үстінде жатқанда мысқылдай күлген енем қазір тура сондай халде жүр. Енді өзі біреудің қамқорлығына мұқтаж. Бірақ оны өзі әлі түсінбеген. Тәубесіне келе қоюы да екіталай-ау...»