​«Салақтығын мойындамайды»: алматылық әйел қыз-келіншектерге тазалық сақтауға кеңес берді

0
1 024

«Ата-енесін, күйеуін аяп кеттім...»


​«Салақтығын мойындамайды»: алматылық әйел қыз-келіншектерге тазалық сақтауға кеңес берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Күйеуім күн көрсетпеді», «енем ажырастырып жіберді» деп жылайтын келіншектерге баяғыда жаным ашып, соларға болысып кетуші едім. Бір жағдайдан кейін «енем, күйеуім» деп жамандайтындарға біртүрлі, күмәнмен қарай бастадым. Кейде кінә келіншектердің өзінен де болады екен», - дейді Сандуғаш есімді әйел.


Алматылық оқырманымыз басқаларға сабақ болсын деген оймен өзі көрген, көңілге түйген оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Бір жақын сіңлім күйеуімен ажырасып, осы Алматыға келді. Алдын да бір-екі мәрте хабарласып, енесін, күйеуін жамандаған. «Оңай жерде бақыт жоқ қой, шыдасайшы. Күресе білу керек. Барған жерің жақсы деп естігем. Әлі жассыңдар ғой, уақыт өте келе бәрі басылады» деп бар білген ақылымды айтып көрдім. Біздікі шамасы келгенше отбасын сақтаса екен деген әпкелік ақыл еді. Бірақ оны қазіргі жастар тыңдай қояр дейсің бе, «еее» деп көне кетпейді.


Сонымен, не керек, екі айдан соң әлгі сіңлім «Тәте, сіздің үйіңізде тұрсам бола ма? Заңды түрде ажырасқанша ауылға қайта алмаймын» деп өтініш білдірді. Айтқан әңгімесінен аяп, енесі мен күйеуін жек көріп, сіңлімді қанатымның астына алдым. «Тұра бер, қайта маған серік боласың, қызым тұрмыста ғой, анда-санда бір келеді» деп үйге кіргіздім.


Айтайын дегенім, біз тұрмысқа шыққанда енді дүниеге келген қыз ғой. Мінезін де, қыр-сырын да онша біле бермейміз. Әйтеуір әке-шешесін танитын болғасын босағамнан аттаттым. Бірақ ол туралы ойым бірге тұра келе 180 градусқа өзгерді. Енді бұл қызды емес, ата-енесін, күйеуін аяй бастадым.


Өзім таңертеңнен кешке дейін жұмыстамын. Кешке үйге келсем шай ішетін кесенің сауы жоқ. Бәрі кір. Үстел үстінен бос орын таппайсың. Өмірі ыдыс тұрмайтын раковина лық толған. «Ее, күйзелісте жүр ғой, өз-өзіне келіп алсын» деп бір аптадай өзім жуып, жинап жүрдім. Бұның рахатын көрем бе десем, бұл менің рахатымды көретін түрі бар ғой деп іштей жыным келді. Сонда да үндемедім.


Кеше үйдегі ыдыстар ерекше тарсылдап кетті. Өзім шаршап әрең келгем. Бәрін жуып, сүртіп, орын-орнына жайғастырып болып, шелек толы қоқысты тастауға шығып бара жатсам әлгі сіңлім «Бүгін көңіл-күйіңіз жоқ сияқты ғой» деп тұр. Менің бір кенже қызым секілді. Ала көзіммен бір қарап шығып кеттім.


Бірнеше күннен кейін шыдамым шегіне жетті. Еркелігін көтере алмайтынымды айттым. «Сен сонда қандай келін болдың, қарапайым нәрселерді істемей күні бойы үйде жатасың?!» деп сөйлеп едім. Мен жоқта киім-кешегін жинап, кілтті көршіге тастап, үйімнен кетіп қалыпты. Демек, айып өзінде. Басынан сөз асырғысы келмейді. Құдай біледі, күйеуінен де көкіректігі үшін кеткен шығар...


Өзім бір-ақ қыз тәрбиелеп өсірдім. Бес жасынан мен үйге кіргенде ойыншықтарын жинап, тыпырлап кететін. Жалғыз екен деп аямадым. Тірлікке пісіріп, тазалықпен дос болғанша жұмсай бердім. Қазір енді үлкен әулеттің қара шаңырағында қызмет етіп жүр. Құдағиым барған сайын мақтауын асырады. Марқайып қайтам.


Айтайын дегенім, таяқтың екі ұшы бар деген рас. Әйтпесе әлгі сіңлімнің барған жері өте ауқатты, абыройлы кісілер екен. Енді осылай ұқсата алмаған соң, ішкен ыдыстары жуылмай, үйлері «ағып» бара жатқан соң енесі бір-екі ауыз айтқан шығар. Күйеуі де «артыңды жинап жүр» деп күңкілдеген болар. Не керек, сіңліме айтар сөз таппай қалдым. Олақтығынан тағдыры сынды. Сонда да өзіне шық жуытпайды.


Қыздар, Құдай үшін, бетті әрлеп, бренд кимесеңдер де ас үй мен жуынатын бөлмені таза үстап үйреніп жүріңдерші. Бұл аналық, құрбылық, әпкелік ақылым деп біліңдер. Тазалық пен тәтті тағам бар жерден, тыныштық орнаған шаңырақтан ешбір еркек кетпейді. Қайынжұртқа тек ісіңмен, ілтипатыңмен, құрақ ұшып көрсеткен қызметіңмен ғана сиясың. Сондықтан жинақы, пысық, ең бастысы – тазалық болу керек.


Тағы бір мысал айтайын, бір құрбым бар. Өте сұлу, әңгіменің майын тамызып айтатын. Үсті-басы мұнтаздай, талғамы мықты, тек қымбат киімдерді киеді. Сол құрбымды күйеуі тастап кетті. Бір күні күйеуін көріп қалдым. «Не болды, не жетпейді, гүлдей әйелің бар еді ғой» десем, «Шаршадым. Жұмытан шаршап келсем не тамақ жоқ, жұмысқа киетін таза жейде таппаймын. Самса мен пирожки, жұмыртқа жеп өлетін болдым. Оның сұлулығын қайтем? Қарап болдым, сұлулығына әбден тойдым» деді. Сөйтіп басқа бір әйелге үйленіп кетті. Қазір бақытты.


Сондықтан отбасы татулығының 80 пайызы, әйелдер қауымы, өзімізге де байланысты. Тазалыққа құмар келінді ене де бекер түртпектемейтін шығар. Өзімізді тәрбиелейік, әдемілікке, жақсылыққа, тазалыққа үйін болайық!»