«Сүйрей беріп шаршадым»: алматылық әйел күйеуін табысты етудің жолын іздеп жүр

0
1 470

«Еркекке айналып бара жатырмын»


«Сүйрей беріп шаршадым»: алматылық әйел күйеуін табысты етудің жолын іздеп жүр
иллюстрациялық фото ашық дереккөзден алынды



«Әр мықты еркектің артында мықты әйел тұрады» немесе «Еркектің басын төрге де, көрге де сүйрейтін – әйел» деген сөзді жиі есітіп жатамыз. Қоғам осы арқылы әйелдердің иығына үлкен жауапкершілік артып қойған жоқ па? Төрге қанша сүйресең де ілеспейтін, мықты болуға талпынбайтын еркектер үшін әйелі жауап бере ме?»


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Әйгерім есімді келіншек әңгімесін осылай деп бастады. Айтуынша, ол күйеуін табысты етемін, түзетемін деп әбден шаршапты.


«Айдар деген ағайын ағам бар. Алматыда сот болып істейді. Ауылға жылына бір келгенде ағайын-туған аяғын жерге тигізбей күтіп алатын. «Айдаржан келінмен бірге келіпті», «Осының бәрі Айдардың үйіндегі келіннің арқасы ғой, жарының бабын жасап, мерейін асырып, үйіндегі шаруасын дөңгелетіп отыр. Көңілі тоқ еркек өспегенде қайтеді» деп үлкендер жағы әңгімелесіп отыратын. Енді бойжетіп келе жатқан кезім, болашақ жарымды көз алдыма елестетіп, өзімді Айдар ағамның әйелі сияқты сезініп, «Менің де күйеуім табысты болады, бар өмірімді отбасыма арнаймын, балаларын бағып, өсіремін» деп ойладым.


Алланың қалауымен құрбымның ағасына тұрмысқа шықтым. Көп жүрген жоқпыз, ата-аналарымыз бірін-бірі таныған соң «Уақыт оздырып қайтеміз, екі жастың басын қосайық» деп өздері кірісіп кетті. Бір қарағанда сымбатты, қарапайым отбасынан шыққан, жұмысы бар жігіт, «жаман болмаспын» деп ойлап, тұрмысқа шықтым.


Әуелгіде ата-енемізбен бірге тұрдық. Менің жүйкем сол кезден тоза бастады ғой. Күйеуім мамасының айтқанынан шыға алмайды. Айдың соңында айлығын бір тиынын қалдырмай сол кісілерге ұстатады. Әйел болған соң керек-жарағымды алғым келеді, «Ақша берші» десем, «Мамамнан алсайшы, айтсаң береді ғой» деп құтылады.


Біздің еншімізді алып, бөлек шығатынымыз о бастан белгілі еді. Үйленейін деп тұрған қайным бар. Соны ойлап, күйеуіме «Айлығыңды жинайық, ипотекамен үй алуға кірісейік немесе жер сатып алайық» деймін ғой. Ол жағына еш бас қатырғысы келмейді. «Осы үйдің тамағын ішіп жүрген соң, айлығымды бермеймін деп айта алмаймын. Үй мәселесін еншімізді алғанда көреміз» деп тоқтатып тастайды.


Арада үш жыл өткенде біз қалаға көшіп келдік. Дайын тұрған үй жоқ, пәтер жалдап тұрамыз. Екі баланың бақшасы бар, киімі мен тамағы бар, тапқанымыз өзімізден артылмайды. Сөйте тұра енеміз апта сайын хабарласып, «Тапқандарыңды тамақтарыңа қылғыта бермей, ақша жинап, үй алудың қамын жасамайсыңдар ма? Тарта жесең, тай қалады, қоя жесең, қой қалады. Қоймай жесең нең қалады?» деп мақалдатып шыға келеді.


Күйеуім мемлекеттік қызметте, тәп-тәуір жұмысы бар еді, «Айлығы аз, бүйтіп күн көре алмаймын» деп шығып кетті. Бастапқыда «Күйеуім қандай шешім қабылдаса да қолдаймын, мұның бәрі уақытша қиындық қой» деп үндемейтінмін. «Сенікі дұрыс, өзің білесің» деп келдім. Бірақ оның өсетін түрі жоқ, кері кетіп барады.


Қазір өзім декреттік демалыстамын. Баланың әдеті ғой, тәтті-тәтті нәрселер, көкөніс, жеміс-жидек жегісі келеді. Ал күйеуім қашан көрсең «Оған ақша жоқ, болмай жатса қайтемін» деп құтылады.


Тұрмысқа шыққан алты жылдың ішінде күйеуіме бірде-бір рет «Көйлек әперші» демеппін. Себебі «Ақша жоқ қой, қоя тұршы» деп айтатынын жаттап алғанмын. Керегімді өзім ептеп-септеп аламын. «Осыған жалынбай-ақ қояйыншы» деумен үйде отырып та жұмыс істеймін, тапқан табысымды тамаққа жұмсаймын. «Балалар тоқ отырсын» деген ой ғой. Сөйтсем оған да үйреніп алған сияқты. «Үйде тамақ жоқ па не?» деп ұялмай сұрап отырады.


Ауылға қыдырып барсақ, ол жақта да бастық көп. «Үйде отырып табыс тауып отырсың, оны не істеп жатсыңдар? Депозитке саласың ба, күніне қанша табасың» деп тергеуге алады.


Ел қатарлы отбасы болып қыдыруды да білмейміз. Қашан көрсең «Ақша жоқ, қыдыру біздің не теңіміз?» деп тыйып тастайды. Не өзі қыдырмайды, не мені жібермейді. Күйбең тіршіліктен жалыға бастадым. Балаларым жас кезде неше түрлі ойын-сауық орталықтарына апарғым келеді, ертең естерінде қалатындай балалық шағы болса деймін. Бірақ кертартпа күйеуім ондайғы дым қызықпайды.


«Күйеуімді адам етемін, табысты болсын» деп жүріп үйдің еркегіне айналып бара жатқанымды енді түсіндім. Мойныма дым қажеті жоқ жауапкершілікті арқалай беріппін. Енді осыны қалай түзетерімді білмеймін».


Отбасылық өмірінен сыр шерткен Әйгерім «Күйеуімді қайтсем түзетемін, оны табысты етудің қандай да бір әдіс-тәсілі бар ма?» деп, өздеріңіздер кеңес сұрап отыр.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

«Үйімізді тартып алып, қуып шықты»: шымкенттік азамат туған ағасы далада қалдырса да кешіргенін айтты


«Қызымды туа сала біреуге беріп жібердім»: жамбылдық әйел өткені үшін қатты өкінетінін айтты