​«Тай апарған туысым қой әкелді»: түркістандық әйел тойды есеппен жасау керектігін айтты

0
10 231

«Инфляцияны да ескеру керек қой?!»


​«Тай апарған туысым қой әкелді»: түркістандық әйел тойды есеппен жасау керектігін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бұрынғы қазақтар «тапқаның тойға шашылсын» деп тілек айтатын. Қазіргілер тойды апарғанын жинап алу үшін істейтін сияқты. Сөзім дәлелді болу үшін өзім куә болған бір оқиғаны баяндап берейін», - деді Роза есімді түркістандық әйел.


ERNUR.KZ сайтының тұрақты оқырманы сіңлісі мен күйеу баласының басынан өткен жағдайды егжей-тегжейлі баяндап берді.


«Былтыр күзде сіңлім мен күйеу балам үйге келіп, сүндет той жасайтынын айтты. Төрт қыздан кейін көрген жалғыз ұлы бар. Оны осыдан алты жыл бұрын сүндеттеп қойған. Бойы да сорайып, өсіп, жасы 13-ке келіп қалғанын да жақсы білеміз. «Балаң атқа қалай мінеді, дым жараспайды ғой. Сразу үйлендіре салмадыңдар ма?» деп күлдім әзіл-шынын араластырып.


«Ой, сен де біздің жағдайымызды білмейтіндей айттың ғой. Ол кезде үй салып, кредиттен кредитке өтіп жүрген кезіміз еді. Енді той істесек жарасады, оның үстіне пәлен жылдан бері өткізгеніміз бар ғой, шүкір. Соларды қайтарып алсақ па деп отырмыз» деді өзіммен құрдас күйеу балам. Осы кезде әңгімеге күйеуім араласты. «Бажа, өткізгенің көп пе еді?» деп күлді ол. Екеуі бірнеше адамға тай апарғанын айтты.


Той жасайтын адамның әуресін бір кісідей білем ғой. Сіңлім мен күйеу балам той белгілеген күннен бастап шабылды. «Қалада істейтін болдық, ауылдың тойханалары дым ұнамады» деді сіңлім. «Көрпеңе қарап көсіле берсейші» дегенімді құлағына қыстарған жоқ. Қаладағы адам басына 10 мың теңгеден төлейтін тойханаға «заклад» беріп кетіпті. Одан кейін асаба, әнші, бишілерін сайлады. Сосын әулеттің үлкендеріне жабатын шапан-шаттығы бар, келгендерге үлестіретін тойбастар, өздеріне киім-кешек, әке-шешемізге жабу, алтын... қып-қызыл шығын ғой бәрі. Дастарханға қоятының мен етіңнің өзі қалтаңды әжептеуір қағады. Қойшы, әйтеуір екеуі «өткізгендеріне» сеніп біраз шашылды.


Біздің төркініміз де, күйеу баланың өз жұрты да ауылда тұрады. Олар қаланың мәдениетін, әр орынның есептеулі екенін ұқсын ба, бәрі қастарына 1-2 баланы жетектеп келген. Анау той маған дым ұнамады. Құдалардың құдасына дейін шақырған екен, той жиналыс сияқты өтті. Асаба жас бала екен, қонақтарды игеріп алып кете алмады.


Біраз күн өткесін күйеуім екеуміз үйлеріне арайы бардық. «Қалай, «өткізгендерің» қайтты ма, не түсті тойларыңа? Жақсыны -көрмекке, қане, әңгімеңді баста» дедім сіңліме. Сөйтсем күйеу баланың көңіл-күйі жоқ, «қайдағы, біз тай апарған ағайынның бәрі қой әкелді. Осыдан он жыл бұрын, ол кезде ақшаның құны бар еді ғой, Пәленшеге 10 мың апарғам. Кеше сол ұялмай-қызармай әйелі екеуі, бір қызын ертіп келіп 10 мың теңге беріп кетті. Адам деген инфляцияны неге ескермейді? Өткізгенімді қайтарып алам деген біздікі бос әурешілік екен» деп күйіп-пісті.


Айтпақшы, осы тойда бір бөле әпкеміз күйеуі, келіні, өзі такси жалдап келіпті. Әпкеміз де қызық қой, шопырына «жүр, кір» деп айтыпты. Сөйтсе тіке сөйлейтін күйеу балам есік алдында әлгі жігітті тоқтатып қойып, «бауырым, орын есептеулі еді, шлпыр болсаң сыртта күтесің-ау, әйтпесе астында кафе бар, соған кіріп тамақтанып ал» депті. Бұл сөз шопырдың намысына тиген болса керек, әкелген клиенттерін күтпей, ауылына тіке тартқан. Той соңында әлгі бөле әпкеміз өкпелеп, сіңлім мен күйеу балама айтпағанды айтыпты.

«Қызық па, адам деген сәл ойланбай ма? Әкелгендері 20 мың, оған үшеуі келіп отыр. Ұялмастан шопырын кіргізгені несі? Ол сәл ойланып, «танымайтын жер ғой, қалай кірем» деместен тіке тартып келе жатыр» деп күйеу балам болған жағдайды айтып берді.


«Бажа, мұның ұят бопты. Сүндет тойды адам жиған-тергенін шашу үшін жасайды» деді күйеуім. Бірақ мен оның сөзіне қосылмадым. Баяғыдай есік алдындағы той болса мейлі, кім келсе де ығысып отыра беретін. Қазір заман басқа, заң басқа, әр орын есептеулі ғой. Ондайда тойға бара жатқан адам сәл-пәл ойланып, тойанасын есептеп шығуы тиіс-ау. Әсіресе шопырын ішке ертіп кіретіндердікі тіпті дұрыс емес сияқты. Ол да ақыға жалданып келген адам ғой, тегін тамақтан ішіп-жеу үшін танымайтын дастарханға лап бергені орынсыз сияқты. Осыны айтып сіңлім мен күйеу балама кішкене демеу бердім. Ал сіздің бұған байланысты айтарыңыз бар ма?"


Той-жиыннан көрген-білген қызықтарыңыз, ерекше оқиғаларыңыз болса,

8-771-669-36-69 нөміріне жазып, бізбен бөлісе отырыңыз.