​«Той істемесең бала тумаймын»: түркістандық азамат әйелінің осындай шарт қойғанын айтты

0
5 669

«Келіннің талабы да орынды. Ақ көйлек киіп, жүзінің жарық болғанын қалаған ғой...»


​«Той істемесең бала тумаймын»: түркістандық азамат әйелінің осындай шарт қойғанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өмірдің кейбір сәттері дәл сол мезетінде қайғылы, шешілмейтін проблема сияқты боп көрінгенімен, кейін, араға біраз жыл салып күліп еске алып отырасың. Сонысымен де өмір қызық шығар. Мысалы, мен қазір өзімнің үйленген кезімді қазір күліп еске алам. Сол кезде «бекер асығыстық жасадым ба» деп басымды тауға да, тасқа да соғып ем. Бәрі өткінші екен», - дейді Әміржан есімді азамат.


Екі ұл, бір қыз өсіріп, отбасының ұйытқысы боп отырған түркістандық оқырманымыз үйлену тойы жайлы ерекше естелігін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Студент кезім еді, жасым небәрі 20-да. Достарымызбен отырыс жасап, бір пәтерде бас қостық. Сол жерге группалас қыз құрбысын ерте келген екен. Жайлап сөзге тартып, әңгімелесіп отырдым. Мінезі ашық, бірақ сөздері нық, сұрақ қойсаң нақты-нақты жауап беретін қыз екен. Тік мінезділігі бірден ұнап, екеуміз араласа бастадық.


Диананы жүргенімізге үш ай болғанда әпкеммен таныстырдым. Әпкем «мына қыздың мінезі тік екен, сен де оңып тұрған жоқсың, екеуің ертең шарт-пұрт кетпейсіңдер ме? Қаланың қызы, мынауың әйел боп жарытпайды» деді де қойды. Бірақ мен оның сөзін елемей, ренжіп ешкімге айтпастан Диананы алып қашып, үйге апардым.


Үйдегілер абдырап қалды. «Есің дұрыс па, алдымен бізбен ақылдасып тірлік қылмайсың ба? Әлі жап-жассың» деп мама мен папам ұрысып, не керек ақырында Диананың басына орамал салып, үйге кіргізді. Ертеңіне беташар өткізіп, бәрі көндігіп, Диана екеуміз бір бүтінге айналдық. Қуғыншы боп келгендерді де барымен базарлап, ризашылықтарын алып, шығарып салдық.


Диана басында тәп-тәуір боп жүрді. Әке-шешеме ас-суын беріп, сәлемін салып, бақытты боп жүрген. Кейін не болғанын білмеймін, өз-өзінен қырсығып, арасында себепсіз жылап қалатын әдет шығарды. Сөйтсем той жасамай жатқаныма ренжіп, онысын маған айта алмай жүрген түрі екен. «Ақшадан қиналып жүрсеңдер банктен кредит алып істесеңдерші, менің төркінімнен ұят болады» деп жылай салды. Ондайды күтпегем, менің де көңілім түсіп кетті.


Кешкісін Диананың айтқанын мамама жеткізіп ем, «Сауап болыпты, естиін деген сөзің осы ма еді?! Өзіңнен көр, саған ешкім ерте үйлен деп қинаған жоқ. Той істейтін шамамыздың жоғын көре тұра әкелдің ғой. Ол жағын енді әкең шешеді, соған айт!» деп ренжіді. Мына сөзден кейін әкеңе қалай барасың, үндемей, бәрін жылы жауып қоя салдым.


Дианаға «сәл шыдашы, өзім жұмыс істеп, ақша табам, сосын қалаған тойыңды істеп берем» деп өзімше түсіндіріп жатырмын. Тыңдайтын түрі жоқ, «сен ақша тауып, той істеймін дегенше мен бала туып, быт-шыт болам. Тойымда ішім шығып, шермиіп тұрайын енді» деп киімдерін жинап, үйде ешкім жоқта кетті де қалды. «Сен той жасамасаң бұл үйге келмеймін де, тумаймын да» деп сөйлеп кетті, құры кетпей...


Кешкісін әке-шешем жұмыстан келген, үйде келін жоқ. Жағдайды міңгірлеп отырып жеткіздім. «Болды, мен онымен ажырасам, жағдайымызға қарамай, кетіп отыр. Маған ондай әйел керек емес» деп қосып қойдым.

Әкем біраз уақыт үндемей отырды да, «Балам, үйлену оңай, үй болу қиын екенін енді түсінген шығарсың?! Әке-шешеңнің айтқан тілін алмасаң арты осындай болады. Сол қызды жақсы көріп, отбасы болам деп алған жоқсың ба, бір сөзге бола ажыраса салайын деп пе едің? Келіннің талабы да орынды. Ақ көйлек киіп, жүзінің жарық болғанын қалаған ғой. Той жасау сенің емес, менің міндетім. Күзге қарай, жиын-терім аяқталған соң асықпай жасармын деп ойлап жүр едім. Келін асығып отырса ертерек қамданайық» деді.

Сөйтіп ертеңіне банкке барып, 1 миллион теңге несие алып, тойханамен келісіп, той күнін белгілеп қойды.


Мына жаңалықтан соң алып-ұшып Дианаға бардым. Оның да ақылы бар екен, үйден жинап кеткен киім-кешегін құрбысының үйіне тастап, әке-шешесіне «қыдырып келдім» деп барыпты. Жеке отырып сөйлестік. Бірақ «жаным, күнім, кешірші» деп алдында иілмедім. Арасында әкемнің жуан даусына салып, ақылымды айтып, өзіммен ертіп кеттім. Оның да ақылы бар ғой, әке-шешемнен кешірім сұрап, баяғы тірлігін жалғастырып кетті.


Әке-шешеме мың рахмет, тойымызды істеп, Диана екеуміздің үй боп кетуімізге барын салды. Төрт жыл бірге тұрып, інім үйленгесін еншімізді берді. Айтпақшы, әкем алған несиенің жартысын өзім төлеп, жауып бердім. Қазір әйелім екі ұл, бір қыз туып берді. Бақыттымыз, шүкір. Әйелім де бұрынғыдай ерке емес, бәрін ақылға салып, сабырмен шешеді.


Кейде бұрынғы әйелімнің еркелігі есіме түсіп, өз-өзімнен тиісіп, күліп алам. Сен енді «ұлдарыма сүндет той жасамасаң кетем» деп айтатын шығарсың» деп әзілдеймін. «Қой, енді кетіп қайда барам, той істейсің бе, қоясың ба, шаруам жоқ. Өз тойымды өткізіп алғам» деп ол да қағытып қояды. Біздің бастан осындай қызық өткен».