​«Той үстінде күйеуім қашып кетті»: астаналық әйел бірінші некесі жайлы құпияны жайып салды

0
2 695

«Ол маған ағасына ерегісіп үйленген екен»


​«Той үстінде күйеуім қашып кетті»: астаналық әйел бірінші некесі жайлы құпияны жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ел-жұрттың бетіне қарай алмастай масқара болып көргенсіз бе? Мен сондайды бастан кешірген адаммын. Тойымда күйеуім тастап кетті. Ақ көйлекті киіп алып, той төрінде жалғыз қалдым. Дәл сол сәтте күйеуім көрші үйге келген құдашаның тізесін құшақтап отырған еді. Арада неше жыл өтсе де сол оқиға әлі есімнен шықпайды. Өмірімнің бір парағы, маған берген сабағы боп қалды», - дейді Әлима есімді әйел.


Астаналық оқырманымыз қазір тұрмыста, төрт баланы тәрбиелеп отырған аяулы жар екен. Десе де алғашқы некесіндегі сәтсіздігін ERNUR.KZ оқырмандарымен бөлісуді жөн көріпті.


«Мен Шығыс Қазақстанның қызымын. Алматыға оқуға түсіп, бітіре сала сол жақтағы үлкен кәсіпорынға кеңсе қызметкері боп жұмысқа тұрғанмын. Бірінші күйеуім Мұхитпен сол жерде таныстық. Қағаз-құжаттарын ұстап, мөр бастыру үшін кеңсеге жиі келетін. Сөйтіп әңгімеміз жарасты. Жиі-жиі киноға, мейрамханаға шақырып, әріптестік қарым-қатынасымыз нығая берді. Бірте-бірте оған деген көңілім ауып, көрмесем тұра алмайтын жағдайға жеттім.


Бір күні ол мені «Күшті кино жүріп жатыр екен, кешке дайын отыр, келем» деп кетті. Кешкісін уәдесінде тұрып келді, бірақ аздап ішімдік ішіп алған екен. Досының көлігіне отырғызып алды да, досын сыртқа шығарып жіберіп, «Әлима, сенде әңігімем бар, сөйлесейікші» деді. Мен аң-таң болдым. «әлима, шыныңды айтшы, мен саған ұнаймын ба?» деп сұрақты төтесінен қойды. Мұндай сөзді күтпегем, сасып қалдым. «Жақсы жігітсің ғой, ұнайсың» деп шынымды айттым. Мұхит қуанып кетті де, досын шақырып «Кеттік, тіке тарт» деп бұйрық берді. Сөйтсем олар мені алып қашуға келген екен. «Мен саған, сен маған ұнайсың, көп созудың не керегі бар, біз бүгін үйленеміз» деп ай-шайға қаратпай, ауылына апарды. Әлгі жерде не күлерімді, не жыларымды білмей дал болдым да қалдым.


Мұхиттың анасы өмірден өтіп кеткен екен, әкесі, аға-жеңгелері улап-шулап күтіп алды. Обалы не керек, абысындарым өте қамқор боп шықты. Мені өте жылы қабылдап, өздеріне сіңісіп кетуіме бар жағдайды жасады. Мұхиттың да алғашқы айларда маған деген ықыласы басқаша болды. Тек екінші айда менің төркінім құдалық пен есік көрсету салтымен бізді шақырған кезде күйеуімді танымай қалдым. Аяқ астынан өзгеріп, достарымен қатты ішіп, менің қасыма жоламай, сөйлесуге талпынсам, тыңдағысы келмей, мені қатты састырды. Жағдайды абысыныма айтып едім, «Өзінің мінезі қызба, анасынан ерте айырылған ғой, еркелігін дұрыстап шығара алмаған. Үй болған соң ондай-ондай болады, көңіліңе алма» деп басу айтып қояды.


Пойызға билет алып, бәріміз құдалыққа дайындалып, жол жүретін күні Мұхит «Мен ешқайда бармаймын» деп ерегісіп отырып алса бола ма? Біткен жерім осы шығар деп ағыл-тегіл жыладым. Аға-жеңгелері, әпкелері жабылып жүріп оны көндіріп, көлікке салды. Сондағы менің күйімді айтып жеткізе алмаймын. Ауылда ата-анам құда келеді деп күтіп отыр, бүкіл ауыл-аймақ мені алып қашып кеткенін естіп алған. Күйеуім болса аузы арақтан құрғамай, менің ата-анаммен танысуға барғысы келмейді, тіпті маған үйленгісі келмейтінін айтып азар да безер болып отыр. Бұдан артық қасірет бар ма деп қатты уайымдадым.


Әйтеуір не керек, шешінген судан тайынбас деп Мұхиттың бұл қылығына да қарамай менің еліме бардық, ата-анам мені құшақ жая қарсы алды. Мұхиттың туыстары өте жақсы адамдар еді. Құдаларымен жақсы тіл табысып кетті. Ал күйеуім болса барғаннан жұмған аузын ашпай, қабағы қарс түйілген күйде отырды. Мен де, күйеуімнің туған-туыстары да оның бұл қылығын жуып-шайып, әйтеуір құдалықтың соңына дейін шыдадық.


Сол күні той күні белгіленді. Ол уақыттарда тойды қазіргідей мейрамханаларда жасамайтын. Үйдің ауласына дастархан жасап өткізетін. Мұхиттан басқаларымыз той қамына қызу кірісіп кеттік. Жаспын, өмірде еркелеп өскеннен басқа ештеңе көрмеген ақымақ басым өзіме бұрылып қарамайтын күйеуімнен кетіп қалсам болады ғой, қазір ойласам соған жыным келеді. Абысындарымның жұбатуына мәз боп, «әлі-ақ үйренісіп кетесіңдер» дегенге сеніп жүре беріппін.


Той күні ақ көйлегімді киіп алдым. Қонақтар да жиналып жатыр. Ал күйеуім ағайынның тойында жүргендей олпы-солпы үй киімімен қас қарайғанша жүріп алды. Бір уақытта әпкесінің жетелеуімен бөлмеге кіріп, дайындап қойған көйлегі мен шалбарын киіп, оған мен балаша қуанып... Не керек, «Жас жұбайларды ортаға шақырамыз» деп асаба сампылдап сөйлегенде Мұхитты таппай қалдым. Бәрі абдырап, сасқалақтап күйеуімді іздеуге кірісіп кетті. Мен ебіл-дебіл боп әлгі жерде жылап тұрмын. Бір кезде абысынымның үлкен ұлы жүгіріп келді, «Мама, көршінің үйіне Марал келген екен, ағам сол жаққа кетті» деп бар шындықты жайып салды. «Не боп жатыр, шындықты тура осы жерде айтыңдар» деп бәрінен талап еттім.

Әңгімелерінен түсінгенім, көрші үйдегі апайдың Марал деген сіңлісімен Мұхит қыз бен жігіт боп жүрген екен. Екеуі тіпті үйленуге уәделескен. Бірақ екі үйдің үлкендері қатты ренжісіп, Мұхиттың ағасы «Ол үймен құда болмаймыз, құдашаны келін қылмайсың» деп шарт қойған. Соған ерегісіп мені алып қашқан көрінеді. Ал енді әлгі қыз жігітті іздеп келген.


«Мен бұның бәрін Мұхиттың өзінен сұраймын» деп ақ көйлегіммен көрші апайдың үйіне жүгіріп бардым. Барсам екеуі зым-зия, кетіп қалған. Бір параққа «Маралдың менен аяғы ауыр екен, бізді іздемеңдер, ешкімге кедергі келтірмейміз» деп хат қалдырыпты. Менен кешірім сұрау жоқ, ойыншық сияқты той үстінде лақтырып кетті. Төркінімнен бір қауым ел келген, шындықты білген соң үлкен шу болды. Әкем «Қызымның тағдырымен ойнаған оңбағанды соттатам» деп еді, қайынағаларым мен абысындарым, атам кешірім сұрап, әрең басты.


Осы оқиғадан кейін өзіме-өзім біразға дейін келе алмай жүрдім. Екеуміз бір мекемеде жұмыс істеген соң әріптестердің де бетіне қарай алмай, жұмыстан кеттім. Сөйтіп Астанаға қоныс аудардым. Қазір енді Аллаға шүкір, сүйікті жарым, бала-шағам бар.


Ал менің бірінші күйеуім Мұхиттың өмірде жолы болмады. Әлгі Маралымен ақыры дәм-тұзы жараспай ажырасыпты. Қазір Алматыда жалғыз өзі тұрып жатыр екен. Баяғыда аздап ішуші еді, қазір салынып кеткен деп естідім. Бәлкім, сол кездегі менің періште көңілімді лайлағанына Жаратқанның берген жазасы осы шығар. Бірақ кейде аяп кетем, өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын қазақпыз ғой, аман болсын!..»