​«Тойымызда бөтенмен аймаласып...»: түркістандық келіншек күйеуіне тағы бір мүмкіндік бергенін айтты

0
2 404

«Ата-анамды емес, жүрегімді тыңдадым»


​«Тойымызда бөтенмен аймаласып...»: түркістандық келіншек күйеуіне тағы бір мүмкіндік бергенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жүрекке әмір жүрмейді» дегенді үйлену тойымыз боп жатқан кезде шын түсінген адаммын. Себебі күйеуім тойдың үстінде көзіме шөп салып, ауруханадан бір-ақ шықтым» деп хат жазыпты ERNUR.KZ редакциясына Меруерт есімді оқырман.


Той үстінде көпшілікке күлкі боп, өсекке қалса да сағы сынбай, күйеуін кешірген әйелдің айтары көп екен.


«Арманмен төрт жыл кездесіп, тұрмысқа шықтым. Мен оны жанымнган артық сүйдім. Өкінішке қарай, ол біздің той күнімізде жүрегімді жаралады. Той аяғы таяп, қонақтардың алды қайтып, тек жастар қалған кез-тұғын. Асаба сыныптас-достарға сөз кезегін беретін боп, Арманды таппай қалдық. «Олай болса, Арманға апарар жол» деген ойын ұйымдастырайық, жабылып іздейік, тапқан адамға сыйлығымыз бар!» деп микрофонмен хабарлады. Ауылдағы тойханада тығылатын жер де жоқ қой, бәріміз сыртқа шығып, айқайлай бастадық. Дала қараңғы ештеңе көрінбейді. Бір кезде дәрет қысып, ұзын ақ көйлегімді сүйреткен күйі әжетханаға беттедім. Ішіне кіріп барсам...


Маған сол кезде қаншалықты ауыр болғанын білсеңіз ғой. Әжетханада құрбыммен аймаласып, жартылай жалаңаш тұрған күйеуімді көргенде есімнен танып, құлап қалдым. Шошығаннан қатты айқайлап жібергем-ау, ата-анам, інім, Арманның бір-екі досы да жүгіріп келіп, болған жағдайды көріпті.


Есімді ауруханада жидым. Басымда әкем отыр екен, «Мен ол оңбағанға сені сеніп тапсырып қоя алмаймын. Өлесі мас, аяғынан әзер тұр, сөйтіп алып қатын іздегенін көрмейсің бе?» деп кіжініп отыр екен. Арман мені іздеп ауруханаға келген көрінеді, бірақ әкем кіргізбей, ұрып-соғып қайтарып жіберіпті. «Ажырасасың, енді менің көзіме көрінбесін!» деп шарт қойды әкем. Анам да «мұндайды кешіруге болмайды, бір рет үндемей құтылсаң, басыңа шығып, білгенін істейтін болады, өмір бойы сорлап өтесің» деп отырып алды.


Бірақ шындықты көзбен көрсем де, жүректегі сезімнің оты сөнбеді. Ата-анам негізі Арманды бұрыннан-ақ жақтырмайтын. Қалауым сол болғасын келісімін беріп еді. Енді мына тірліктен кейін менің маңыма жолатпай біраз жүрді. Кешірім сұрап күн құрғатпай келе берген соң бір мүмкіндік беруді жөн көрдім. «Есімді білмеймін, оллаһи» деп ант-су ішіп, алдымда тізерлеп кешірім сұрады. «Онда бұл бала біздің үйде тұрады» деп әкем құдаларына шарт қойды. «Қызымды қорлауға жол бермеймін, көз алдымда жүреді» деп отырып алды.


Екі отбасы бір шаңырақ астында еркін өмір сүру қиын екен. Үйде тағы ержетіп қалған інім бар. Өз үйі болса білінбес еді, Арманға да қайын атасының үйінде тұрып жатқаны қатты бататын. Сөйте тұра әкем әркез «Сенің қолыңнан түк келмейді, сенің жасыңда мен үй салып, көлік мініп алған едім» деп сөзбен түйреп отыратын.

Былайша жатыпішер жалқау емес, бір орыс кәсіпкердің автосервисінде механик боп істейтін. «Кетейікші, пәтерде тұрсақ та сені асыраймын» деп қанша айтты. Бұл кезде кішкентай баламыз бар, қыс ауасында қалай кете салам, «көктемге дейін шыдайықшы, сосын кетеміз» деg әрең көндірдім.


Құдайдан күні-түні «абырой бер, отбасымның ынтымағын, ауызбіршілігін бер» деп тілеуші едім. Сізге өтірік, маған шын, сәуір айында күйеуімнің бастығы аяқ астынан Ресейге көшетінін, жұмысын арзан бағаға сататынын айтыпты. «Өзіңе тапсырайын, жарты ақшасын қазір, қалғанын кейін салып жібересің, сосын құжаттарды атыңа аударып берем» деп келісіпті. Сол күннен бастап күйеуімнің құлшынысы артып, күн-түн демей еңбек етті. «Пәтерге көшпейміз, осында тұра берейік, мен әкеңнің барлық сөзін көтеруге дайынмын» деді. Мен де қуанып қалдым.


Тұп-тура бір жарым жылдан соң күйеуім екі бөлмелі пәтердің кілтін қолыма ұстатты. «Енді бөлек өмір сүрейікші» деп жүрегі жарылардай қуанды. Сол күні-ақ үйдің ішін реттестіріп, көшіп алдық.

«Бұл әлі бастамасы, сен әлі ханшайымдай өмір сүресің, саған уәде берем» деді маған. Сол сөзінде тұрды. Қазір үш қабатты жеке үйіміз бар. Маған машина әперіп қойған. Шағын оқыту орталықтарын ашып, соларды басқарамын. Әр күніме шүкір айтуды ұмытпағам. Кезінде ата-анамның сөзіне еріп, сүйгенімнің бір қателігін кешірмей, одан ажырасып кетсем не болар еді?


Арманыма ризамын, он теңге тауып келсе де ренжімей, мотивация беріп, қолдап отырғаным үшін қазір қайта-қайта рахметін айтады. Үйге гүлсіз кірмейді. «Маған бүкіл әлем қарсы шыққанда қолдағаның үшін, қатемді кешіргенің үшін» деп алақанына салып аялап отыр. Мен де өткенді ұмытқам, бетіне баспаймын, өкпе-ренішті ауруханаға тастап кеткем.

Айтпақшы, үйленгенімізге 10 жыл болғанда ең жақын деген туыстарымыздың басын қосып, екеуміз үйлену тойымызды қайта жасадық. Көпшіліктің көзінше "өмір бойы сені сүйіп өтем" деп уәде беріп, қымбат сыйлық сыйлады. Артынан бал айы деп Түркияға демалысқа кеттік.


Қандай жағдай болмасын жүректің қалауын орындау керек. Мен өз оқиғаммен «еркек қателік жасаса кешіре беру керек» дегенді меңземеймін. Шын сүйсеңіз неге бір мүмкіндік бермеске? Бірақ бір мүмкіндігіңіз бірнешеуге ұласып кетпесін. Өзіңізді де бір уақ ойлап қойыңыз».