«Туған інісінің жаназасын жасырып қалған»: қызылордалық әйел әпкесінің ерсі қылығын әлі күнге ұмыта алмай жүр

0
1 214

«Өзі де баласымен қоштасып үлгермей қалды»


«Туған інісінің жаназасын жасырып қалған»: қызылордалық әйел әпкесінің ерсі қылығын әлі күнге ұмыта алмай жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бір анадан ала да, құла да туады» деп баяғы бабаларымыз қалай дәл тауып айтқан десеңізші. Титтейіңнен бірге өскен бауырларың да кейде тосын мінез көрсетіп, көңіл суитын кездер болады екен. Сондай жағдай менің де басымнан өтті», - дейді Әсемкүл есімді қызылордалық әйел.


Айтуынша, туған әпкесі осыдан он бес жыл бұрын кешірілмес қателік жасаған екен. Оқиғаның жай-жапсарын Әсемкүлдің өзі ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Өзімнен үлкен екі әпкем бар. Жастары қазір жетпіске жетіп қалды. Артымнан ерген екі інім бар еді. Соның ең кішісі осыдан он бес жыл бұрын белгісіз жағдайда қаза тапты. Сол кезді ойласам әлі күнге денем түршігіп кетеді.


Оқырманға түсінікті болуы үшін басынан бастайын. Самат деген інім өте өнерлі еді, ән-күйге жақын, домбыраның құлағында ойнайтын жігіт еді. Ауыл-аймақ той жасаса, Саматты әдейілеп алдыратын. Той-жиынның арақ-шарапсыз өтпейтіні белгілі, «алып қояйықтың» кесірінен інім де ішкілікке салына бастады.


Сондай күндердің бірінде бір әйелмен танысып, отбасын, үй-жайын тастап, ешкімге ескертпестен қалаға кетіп қалған ғой. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон жоқ, келінім аудандық почтаға барып, қалада тұратын маған телефон соқты. «Әпке, Самат ұрыспай-таласпай үйден кетіп қалды. Енді келмеймін, іздемеңдер деді. Не істерімді білмеймін» деп тосын жағдайды жеткізді. Дереу бауырларға хабар беріп, іздеуге кірістік. «Барады-ау» деген жерлердің бәрін шарлап шықтық. Еш дерегі жоқ. Полицияға да хабар бердік, жан-жақты іздестіріп жатыр. Бірақ нәтиже болмады.


Осы аралықта үлкен әпкем кіші ұлын үйлендіріп, құдалық тойын белгілеп қойған-тұғын. «Әпке, Самат табылсын да, сәл кейінге шегере тұрмадыңыз ба?» дедім. «Қайда кетер дейсің, әләуләйлімін айтып жүрген шығар, есін жиған соң келеді. Жақсылықты кейінге қалдыра алмаймын» деп тыйып тастады. «Салаттарды сен істеші» деп шақырған. Жалғыз қызымды тастап, әпкемнің үйіне бір күн бұрын бардым.

Ойымызда дым жоқ, бәріміз тойдың қамына кірісіп жүрміз. Әпкемнің үйіне қайта-қайта біреу телефон шалады. Тұтқаны әпкемнің өзі көтереді де, «жақсы, жақсы, кейінірек өзім хабарласамын» деп қойып қояды. Қызым да сол кезде жағдайымды білу үшін хабарласқан екен, «мамаңның қолы бос емес» деп тұтқаны бермепті. Оны кейін естідім ғой.


Қош, сонымен, әпкемнің үйіне телефон соғатындар жиілеген сайын жүрегім бірдеңені сезе бастады. «Тыныштық па, әпке, кім хабарласып жатыр? Саматтан хабар келді ма?» деп сұрақтың астына алдым. Сол сәтте тағы біреу телефон соқты. Тұтқаны әпкемнің қолынан жұлып алып едім, Саматтың үйіндегі келін екен. «Әпке, жүректеріңіз тас боп кетті ме? Саматтан айырылып қалдық десем де селт етпей отырғандарыңыз қалай? Ауылдағы ағайындар сіздерді іздеп, шулап жатыр...» деп еңіреп тұр. Маңдайымнан суық тер бұрқ ете қалды. Кешеден бері хабарласып жатқан өзіміздің Гүлмира келін екен.


Әпкем құдалықтың шырқын бұзбас үшін туған ініміздің өлімін бізге естіртпей отырыпты. Ішім өртеніп кеткендей болды. «Әпке, тас жұтып алдың ба? Бұл қай сасқаның? Бауырымыздан айырылып отырғанда қайдағы той? Ұялмайсың ба?» деп жылап жібердім. «Ұялмаймын! Өлетін адам өлді, енді жыласаң да, сықтасаң да қайтара алмайсың. Ал мен мынанша дастарханды ысырап ете алмаймын, құдалар жолға шығып қойды, шегінерге жол жоқ! Жаназаға барсаң өзің бара бер» деп есік жақты нұсқады. Дайын тұрған көлік те жоқ, «мейлі, балаңа айтшы, мені жеткізіп салсын» деп едім, балам да тойды тастап ешқайда бармайды, өзің жетіп ал» деп зірк етті.


Содан кейін мен әпкеммен талай жыл араласпай жүрдім. «Тас жұтып алдың ба?» деген бір ауыз сөзім оның жүрегіне ауыр тиіпті. Ал оның әлгі қылығы мені қатты ренжітті. Бірақ бауырдан алыстап кету өте қиын екен. Арғы жақта ол, бергі жақта мен қиналып, ақыр соңында татуластық. Дегенмен жүректің түкпірінде бәрібір болған оқиғаның ізі қалады екен.


Айтайын дегенім, әпкемнің осы жағдайда құдалығын тойлаған ұлы белгісіз жағдайда өмірден өтті. Басқа қалада тұратын еді. Келін мен оның төркіні «ата-енең келгенше мәйітті сақтау мүмкін емес» деп жерлеп қойған. Әпкем ұлының денесін көре алмай, арманда қалды. Осы жағдайды естігенде марқұм Самат інім есіме түсті. «Әпкесіне әруағы риза болмай, төркініміздегі ағайындардың наласы тиді ме екен?» деп ішімнен қайталай бердім.


Әпкемді табалаудан аулақпын, дегенмен бауыр бәрінен жоғары тұруы тиіс. «Бала – белде, әйел – жолда» деген сөз бар, ал бауырды қайта таба алмайсың. Бауырыңды бар кезінде бағалаңдар, адамдар!»