"Қиын таңдаудың алдында тұрмын"
Сурет: sun9-5.userapi.com
"Қиын таңдаудың алдында тұрмын. Бір шешімнің артығы мен кемін, ауыры мен жеңілін, дұрыс-бұрысын таразылай алмай басым қатты" дейді ERNUR.KZ порталының оқырмандарынан кеңес сұрағысы келетінін айтқан келіншек.
"Үш жыл бұрын екі жас үлкен әпкем о дүниелік болды. Артында жетімсіреп екі ұлы мен қызы қалды. Әрине, жездем аман-есен, ұл-қызының қасында. Бірақ, әпкемнің қайғысымен қоса, жиендерді де қатты уайымдағанымыз рас. Өйткені, күйеуі әйтеуір бір күні басқа әйел алады, сол кезде балалардың жайы қалай болар екен деп алаңдадық.
Бізден алыстап кетпесін деген ниетпен жиендерді жиі қонаққа шақырып тұрамыз. Жездеммен де сөйлесіп, сырласып, бұрынғыдан да жақсы сыйласып кеттік.
Жақында мүлде ойыма кіріп-шықпаған ұсыныс жасады. «Білесің, Индираны қатты жақсы көрдім. Өте қатты. Ешқашан опасыздық жасаған жоқпын. Бірақ қазір ол бізбен бірге емес. Балалар қатты сағынады. Осында келсе, қыңырлықтары басылып, жылауды да азайтады. Сенен, нағашы апасынан мамаларының махаббатын сезінетін сияқты... Мен жалғыз, сен де жалғызсың. Біз екеуміз үлкен адамдармыз, неге бірге өмір сүрмеске?» дейді. Келіссем, әйел ретінде сыйлап-аялайтынын, бақытты болуымыз үшін қолынан келгеннің бәрін жасайтынын жеткізді.
Басында мұнысын мүлде қабылдай алмай, абдырап қалдым. Кейін ойланып қарасам, шынында орынды сияқты көрінеді. Анама айттым. «Өзің қарсы болмасаң, мен ештеңе демеймін. Екеуің де ересек адамсыңдар. Өмірдің ащы-тұщысын татып көрдіңдер. Ел не дейді деп алаң болма. Өз жағдайыңды ойла. Сүйем-күйем деп тиген адамың ақыр соңында өзіңе жау боп, балаларынан бас тартып, басы ауған жаққа кеткен жоқ па? Оның қасында Ақжолдың мінезі жақсы, жайлы адам. Осындай ер-азаматтар нағыз әке, жақсы күйеу болады. Марқұм Индирам өмірден ерте кетпегенде, ең бақытты әйелдердің бірі боп жарқырап-жайнап жүрер еді» деп көзіне жас алды.
Анамның сөзінің жаны бар. Бұрынғы күйеуіммен кезінде «сенсіз өмір сүре алмаймын» деп үйленген едік. Отбасылық өмірде оның мүлде басқа адам екенін көрдім. «Ауыр сөзін көтеріп, ұрып-соққанына шыдаймын, балаларым әкесіз қалмаса болды» деп шыдағанымды қайтейін. Басқаға көңілі ауған ол бәрінен бас тартып, «өзің бірдеңе ғып күн көрерсің» деп кетті де қалды. Одан бері де он жылдай уақыт өтіпті.
Жездем – жеңіл ойлы, алып-ұшпа адам емес. Жасы қырыққа жақындаған, ақыл тоқтатқан кісі. Бұл ұсынысты айтпас бұрын әбден ойланғаны анық. Ақыр соңында осыны бірінші кезекте балалары, одан кейінгі орында өзі үшін дұрыс шешім деп тапқаны шығар.
Енді ол жауап күтіп жүр. Ал мен нақты шешімге келе алар емеспін. Әзірге асықпауын, мені де асықтырмауын сұрадым. Жанымда арқасүйер азамат болғанын қалаймын. Балалар да әке мен ананың жылуын қатар сезініп өссе екен деймін. Бірақ, мұнымыз қате боп шықпай ма деген қауіп те бар..."