АРМАН орындалу үшін ҮШ СҰРАҚТЫҢ жауабын білуіңіз қажет

0
20 465

Ол қай сұрақтар?


АРМАН орындалу үшін ҮШ СҰРАҚТЫҢ жауабын білуіңіз қажет

1 қыркүйек – білім күні! Бұл күні біреудің кеше ғана былдырлап сөйлеп жүрген тұңғышы мектеп табалдырығын аттады, ал, бір үйдің кенжетайы студент атанды. Әне, тағы біреудің қызы, екінші біреудің келіні мектептегі алғашқы мұғалімдік жұмысын бастады.

Бұның бәрі де де бір кездері ерлі-зайыптылардың, ата-ананың, оқушының, студенттің қиялындағы «армандар» ғана еді. Орындалды!


Армандар орындалады! «Орындалмайды» дейтін пессимистерді тыңдамаңыз! Бұл сөзді теледидардан да, инстаграм парақшасындағы психологтардан, коуч-мотиваторлардан да күнде естіп жүрген боларсыз?! Тіпті, бірер жыл бұрын ойындағы арманын айтқан досыңыз бүгін соған қол жеткізіп отырғанына өзіңіз куәсіз. Ал, неге сіздің армандарыңыз орындалмай жатыр?

Мүмкін орындалған шығар, байқамаған боларсыз?! Серік те солай деген. Жә, жарайды. Себебін бірге іздеп көрейік.


НЕ керек?


Арманы туралы сұрасаңыз, «көп қой арман» деп жауап беретіндер бар. Нақты атап берші десеңіз, ойланып қалады. «Өзіңе не керек екенін білесің бе?» деп көріңізші, «Неге білмейді екенмін, әрине білем», «Осындайда сұрақ бола ма екен?» дейді де нақты ешнәрсе айта алмай мүдіреді. Ал, сіз нақты бір арманыңызды айтыңызшы.

«Байлық» дейсіз бе? Не ол? Байлық – денсаулық, бастың амандығы, балалар, ақша...

«Бақыт», - дейді мұнда біреу. Ол не? Байлық секілді бақыттың да ауқымы кең ғой, ол біреу үшін – отбасы, екінші біреу бақыт деп баланы айтады, үшінші адам жоғары қызметті, шетелге саяхататуды, енемен тату тұруды бақытқа балайды.

Байлық, бақыт, жақсы өмір, мықты денсаулық ... – бұлар «Арманым көп қой» дегенмен бірдей. Нақтылық жоқ.

Байлықтың қайсысы керек? Нақты атаңыз. Сіздің түсінігіңізде бақыт деген – бала ма, онда «Балалы болу» дегеніңіз дұрыс. Нақты емес нәрсенің орындалуы да нақты емес. Әрине, бұл арман орындалмайды деген сөз емес. Орындалады, бірақ басқа формада орындалып, сіз оны түсінбеуіңіз де мүмкін.

Мысалы, Айнаш математика факультетін қызыл дипломға аяқтады, мектепте жұмыс істеуді армандады. Мектепке жұмысқа тұрды, бірақ мұғалім боп емес, хатшы боп. Директор қазірше бос орын жоқ екенін айтып, келесі жылы орын босап жатса мұғалімдік жұмыс тауып беруге уәде етті.

Айнаштың арманы орындалды ма? Орындалды. Мектепте жұмыс істеп жатыр ғой. Ия! Ал, сіз болсаңыз "арман орындалмайды" дейсіз. Түсінікті болу үшін, тағы бір мысал келтірейін.


МЫСАЛ: Әнші Бүркіттің (Айбек Сейітов) комедия жанрында түсірілген «Загадай желания» атты фильмінде басты рөлдегі бойжеткен (әнші Индира Еділбаева) қиналып жүрген кезінде армандарды орындайтын періштеге тап болады. Періште оған сиқырлы қаламсап сыйлайды, онымен жазылған арман-тілектің қай-қайсысы да мүлтіксіз орындалады... Фильмнің мына тұсына назар аударыңызшы:

Бойжеткен «Қазақстандағы ең бай адам болғым келеді!» деген арманын жазады. Сол мезетте-ақ ол түрмедегі камерадан табылады. Неге?

«Forbes» журналындағы мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылдағы көрсеткіш бойынша қазақстандық байлардың көшін Владимир Ким бастап тұр. Одан кейінгі орында АТФ Банкінің негізін қалаушылардың бірі Болат Өтемұратов. Құрамында жүзге жуық компания бар АЛМЭКС-тің иесі – Тимур және Динара Құлыбаевтар да еліміздегі ең бай адамдар қатарында. Бұлар тек қазақстандық ғана емес, әлемдік байлардың тізімінде де бар. Бұдан да өзге бай адам көп елімізде. Ал, расында, Қазақстандағы ең бай адам кім екенін нақты ешкім білмейді. Өйткені, ешкім табысын нақты көрсетпейді. Мүмкін расында Қазақстандағы ең бай адам түрмеде отырған шығар. Белгісіз. Нақтылық жоқ.


ЕСТЕ ҰСТАҢЫЗ: Арманыңызды ой көзімен көре білуіңіз қажет, яғни оны ойша елестете алуыңыз керек. Ойша елестете алған арманды «нақты» деуге болады. Ол үшін не керек екенін білу аз, көлемін, санын да нақтылаңыз.


ҚАНША?


«Сізге дәл қазір қанша ақша керек?» Қаржы сауаттылығы туралы психологиялық бір тренингте тренер осы сұрақты қойды. Қатысушылардың 80 пайызы бұл сұраққа «көп» деп жауап берсе, 20 пайызы ғана белгілі бір сомманы атады. Ал, сіздің жауабыңыз қандай?

Егер сіз де «көп» деп жауап берсеңіз, онда өзіңізге не керек екенін білмейтін адамдардың бірісіз. Сондай-ақ, арманыңыздың қашан, қай уақытта орындалғанын, орындалатынын ешқашан аңғармайсыз.

Көп деген қанша? Біреуге 100 мың теңге көп, ал біреуге 100 мың доллар да аз.


МЫСАЛ: Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» деген әңгімесін есіңізге түсіріңізші. Онда мынандай тұсы бар:

Кең жазық далаға ертіп келген старшын Пахомға «Қанша жер керек, беремін. Тек мынандай шартым бар. Кешке дейін осы жерге қайтып келуің керек. Жүріп өткен әр шақырым жерге белгі қалдыруың керек. Ол сенің расында да сол жерлермен жүргеніңді білдіреді. Ал, сен жүріп өткен жердің бәрі сенікі» дейді.

Пахом қалай қарай жүрерін білмей састы. Қолына күрегін алып шығысқа қарай жүрді. Жүріп келеді. Бір шақырым жүргеннен кейін күрекпен шұңқыр қазып белгі қалдырды да, кері қайтпақ болды. Бірақ, әріректен шөбі майса жер көрінді. Бұл жерді де ала салайын деп алға жүрді. Осындай қызығушылықпен ол 4-5 шақырым жерді жүріп, шұңқыр қазып белгі де қойып үлгерді. Артына бұрылып, кері қайтпақ болып тұрды да «Тағы да бес шақырымдай жерді жүрсем қайтеді?» деп ойлады. Осылай ол тоқтаусыз жүре берді. Әбден шаршады. Бір уақытта күн ұясына батып бара жатқанын көріп, кері қайтуға асықты. Шарт бойынша, кешке дейін ол бастапқы жеріне қайтып оралуы керек. Әйтпесе, еңбегінің бәрі зая кетеді.

Жүрісін тездетті, бірақ аяқтары талып, әрең жүріп келеді. Жете алар емес. Ал, уақыт аз қалды. Жүгірмесе болмайтын сияқты. Біраз жүгіріп еді, алқынып қиналып кетті. Етігін, желеткесін шешіп тастап жүгірді.

Жүгіріп келеді. Тынысы тарылды. Аяғы да икемге келмей тәлтіректей бастады. Өзі де әбден зорықты. Ұясына тақаған Күнге бір, екі шақырымдай жерде тұрған старшын жаққа бір қарап, бар күшімен өзін-өзі алға сүйрелей түсті.

Сәл қалды. Тағы да бес-алты қадам... Күн батып, айналаны қараңғылық жайлап үлгерген бе, әлде Пахомның көзі қарауытып ешнәрсені көрмей қалды ма? Қап-қараңғы. Пахом құлады.

«Жарайсың! О-о, енді үлкен жердің иесі болдың», - деп старшын құлап жатқан Пахомға жақындады. Қасына жетіп келіп, көтерейін деп еді, аузынан қан кетіп, жан тәсілім етіпті...


КЕҢЕС: Қанша керек екенін нақты біліңіз. Әйтпесе, арманыңыз өміріңіздің соңына дейін тек ой формасында қалады немесе қалтаңызда үнемі көп 5 теңгелік тиын ғана болуы мүмкін. Иә, ақша ма керегі, қанша және қандай ақша (теңге, доллар т.б.) нақтылаңыз.


ҚАНДАЙ?


Кешкі тамақ пісірмек болып асүйге кіріп едіңіз, майдың таусылғанын көрдіңіз. Балаңызды екі-үш аялдамалық жердегі дүкенге май әкелуге жұмсадыңыз. Бос қол келді. «Сатушы қандай май деп сұрады. Сары май мен өсімдік майын көрсетті. Нақты қайсысын алу керектігін білмедім» дейді балаңыз. Ұрысасыз ба, ұрасыз ба?

Иә, не, қанша және қандай нәрсе керек екенін нақты білмей құр армандай беретін Серік секілділер тағдырына налиды, «ұрысады».


МЫСАЛ: Серік көз жұмды. Арғы дүниеге барғаннан соң оның қолына «тағдыр кітабы» тапсырылды. Серік «Тағдыр кітабын» оқып шыққан соң «Өтірік. Бәрі өтірік» деп ашуланды. «Менің тағдырыма атақты әнші әйелің, екіқабатты коттедж үйің, лексус автокөлігін болады деп жазылыпты, сондай-ақ, Жетісай ауданының әкімі болуым керек екен. Ал, мен өмірімде лексус машинасына отырып та көрмедім. Менде ескі сары Жигулиден басқа көлік болды ма? Өмірімнің соңына дейін әкемнен қалған екі бөлмелі қоржынтамда тұрдым ғой. Әкім болу да тағдыр кітабымда жазылған, ал мен... Бәрін қойшы, әншілердің тойда ән айтып табатын табыстарын естіп, менің де әйелім жұлдыз болса екен деп армандағанымнан не пайда? Орындалмады» дей бергенде періште Серікті тоқтатып: «Машинам болса деп армандадың, бірақ қандай машина екенін айттың ба? Жоқ. Кімге үйлендің? Әлімнің Жұлдыз есімді қызына, солай емес пе?! Сен сахнадағы жұлдыз қызға үйленуді бір рет болса да тіледің бе? Жоқ. «Басымда баспанам болсын» дегеннен басқа не сұрадың? Басыңды күннен қорғайтын қалпақ па, әлде жаңбыр жауғанда қорған болар қолшатыр ма, не сұрап жатқаныңды білмедік. Кім болмадым дейсің, ал сен әкім болуды армандадың ба? Тым болмаса ауыл басшысы демедің бе, ауыл әкімі етер едік. Ал, сен «басшы болсам екен, басшы болайын» деп армандадың. Сосын вацаптағы «Кластастар» деген группаның админі болдың бір күні» дейді.

Сонда Серік армандарында нақтылық болмағанына өзін ғана кінәлап, сосын «Шүкір. Кейбір сыныптастарымның бала кезінде ойыншық машинамен ойнағаны болмаса, оларда менікі секілді Жигули де болмады ғой. Рульде көлік жүргізіп жатқанымды армандағаным қандай жақсы болған» деп өзіне-өзі риза болып, езу тартты...


Әлі де балаңызға ұрысатын ойыңыз бар ма? Оның теріге жағатын косметикалық май алып келмегеніне қуаныңыз. Кінә өзіңізде екенін мойындасаңыз, келесіде балаңызды дүкенге жұмсарда «Тамақ пісіретін, 1 литрлік «Шедевр» өсімдік майын алып кел» деп айтатыныңыз анық. Ал, интернеттен суретін тауып көрсетсеңіз, ол жаңылмайды.

Армандар түпсананың көмегімен орындалады. Бірақ, түпсана да – бала секілді екенін есте ұстаңыз. Оған не, қанша, қандай екенін нақты айтпасаңыз, бұл жолы өсімдік майының орнына жанармай әкеп шатасар. Сосын «Неге осы жұрттың арманы орындалады да, ал менікі орындалмайды?» деп тағдырға өкпелейсіз.

Өкпелей бермей, асықпай өміріңізге шолу жасап көріңізші, армандарыңыздың бәрі орындалған, иә, тек басқа формада! Неге? Өйткені, Серіктікі секілді сіздің де армандарыңызда нақтылық жоқ.


Нақтылау үшін, түпсанаға ненің (кімнің) керек екенін, оның түр-түсін, көлемі мен мөлшерін (бойы, салмағы) сыр-сипатын, сапасын бәрі-бәрін анық «айтуыңыз» қажет. Айтыңыз, эмоцияңызбен сездіріңіз, қағазға жазып дауыстап оқып беріңіз, ұқсас суретті «ұстатыңыз», я болмаса ойша бейнелеп беріңіз. Қалай болса да түпсанаңызға нақты түсіндіруге тырысыңыз. Сонда ол да аттай шауып, адаспай табады.


Ал, арман жылдам орындалу үшін ше, не істеу керек? Бұл туралы келесі аптада "Психология" айдарынан оқи аласыз.

(Суреттер ашық дерекөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«Жақсы әйел» болуға тырыса бермеңіз! НЕГЕ?

Сіздің бақытсыздығыңыздың себебі ОСЫНДА жатыр