НЕГЕ жұмысыңды жақсы көру керек?

1
6 502

Психолог мамандардың айтуынша, табысты болу үшін ғана емес, бақытты болуы үшін де істеп жүрген жұмысыңды жақсы көру маңызды екен.


НЕГЕ жұмысыңды жақсы көру керек?

Фото: avatars.mds.yandex.net

«Жұмысым ұнамайды», «Жұмыстан шаршадым», «Менің жалақым аз, пәленшенікі көп», «Құрғыр кредитім болмағанда жұмыс істемес едім», «Осы жерде жұмыс істеп жүргенімді басқаларға айтуға ұяламын» дегенге ұқсас сөздерді жиі айтасыз ба?


Егер бұл сөздерді үнемі айтатын болсаңыз, сонымен бірге жұмысқа амалдың жоқтығынан, өзіңізді өзіңіз сүйреп алып келіп жүрсеңіз, ауыстырыңыз немесе жұмысыңызға қарым-қатынасыңызды өзгертіп, жақсы көруге себептер іздеңіз.


Психолог мамандардың айтуынша, жұмысыңызды жақсы көрмесеңіз:

  • Үнемі шаршап-шалдығып жүресіз;
  • Қызметтік сатыда өсе алмайсыз;
  • Табысыңыз көбеймейді;
  • Жаңа киім алмайсыз;
  • Кәсіби біліміңіз артпайды, жаңармайды;
  • Ашуланшақ, ұрысқақ боп кетесіз;
  • Отбасында бақытты сезіне алмайсыз;
  • Шын қуанып күлу қиын;

Ең жаманы, бұл жағдайлар жүйке жүйесіне теріс әсер етіп, бірте-бірте торығуға, күйзеліске түсіреді. Ал стресс пен депрессияға түскен адамның қайта қалпына келуі ұзақ уақытты қажет етеді. Сондықтан да өзіңізге ұнайтын жұмысқа ауысу керек немесе қазіргі істеп жүрген жұмысыңызға қарым-қатынысты, көзқарасты өзгерткен жөн. Әйтеуір бір өзгеріс жасамайынша, көңіл күйіңіз де, өміріңіз де өзгермейді.

Фото: i.ytimg.com


МЫСАЛ: Бір кісі жұмысына бара жатып, жолда үш адамды жолықтырады. Үшеуі де жақын маңдағы үлкен мешіттің құрылысын салып жатқан жұмысшылар.

Тас тиелген ауыр арбаны итеріп бара жатқан жұмысшының бірін тоқтатып, «Сен не істеп жатырсың?» деп сұрайды. Жұмысшы: «Көрмей тұрсың ба, маңдайыңдағы көз бе, без бе? Қарғыс атқыр арбаны сүйреп бара жатқанымды келеке етіп әдейі сұрап жатырсың-ау?!», - деп ашуланады. Ары қарай өмірге наласын айтып жатқанда, бұрылып кетіп қалады.

Алдынан екінші арбаны сүйреген жұмысшы шығады. Ол да құрылыс материалдары тиелген үлкен арбаны әрең сүйреп келеді. Бұдан да «Сен не істеп жатырсың?» деп сұрайды. Екінші жұмысшы: «Ойнап жүрген жоқпын. Бала-шағамды асыраудың қамы ғой», - деп күрсінеді.

Дәл сондай арбаны итеріп бара жатқан үшінші жұмысшының қасына келіп, бұған да сол сұрақты қояды: «Ал сен не істеп жатырсың?».

Маңдайынан шып-шып етіп шыққан терді сүртіп, көздері күлімдеп: «Мен анау тұрған қасиетті мешітті салып жатырмын», - деп жауап беріпті.

Барлығының да салып жатқаны бір мешіттің құрылысы. Бәрінің жұмысы да бірдей, бірақ істеп жатқан еңбекке қарым-қатынасы, көзқарасы әр түрлі.

Бұл мысалда үшінші адам өз жұмысын жақсы көреді. Ол халыққа пайдалы, ал өзі екі дүниеде де сауабын көретін жұмыс істеп жатқанына қуанады. Сондықтан ауыр жұмыстан аса шаршамайды, қиын жұмыс оның көңіл күйіне әсер ете алмайды. Мұндай адам кешке үйіне барғанда «Мен жұмыстан шаршап келдім», «Мен сендерді асырап жатырмын» деп міндет етпейді.

Сонымен, сіз қайсысын таңдайсыз: жұмысты ауыстыруды ма, әлде істеп жатқан жұмысты жақсы көруді ме? Екеуі бір-біріне ұқсайды, бірінде орын ауыстырсаңыз, екіншісінде көзқарасыңызды ауыстырасыз.

Әрине біріншісі оңай. Қазір жұмыс көп. Бірінен шықсаңыз, екіншісін тауып істеп көру, келесісіне орналасу қиын емес. Ал екіншісі – жұмысты жақсы көру үшін, өзіңізбен жұмыс істеп, көзқарасты өзгертуге тура келеді. Бұл үшін психолог мамандардың ең оңай кеңесін орындап көріңіз.



1. ҮЙРЕНІҢІЗ

Мамандықтың жаманы болмайды. Тек заман талабына қарай білімді жетілдіріп, жаңартып отырмаса қызығушылық кемиді. Бірсыдырғы жұмысқа өзгеріс енгізу үшін оған қазіргі заман талабымен қараңыз. Интернетті меңгеріп, мамандығыңызға қажетті жаңа бағдарламаларды үйреніңіз. Бұл туралы интернетте кітап та, онлайн курстар да жетерлік.

Бұл кәсіби біліктілікті жетілдіру деп аталады. Жаңа нәрсені үйренгенде жұмысыңызға басқа қырынан қарай бастайсыз, көзқарасыңыз да жаңарады. Өз салаңыз бойынша білетініңіз артқан сайын өзіңізге сенімділігіңіз жоғарылайды. Бұл кезде сізге жалақысы жоғары жұмыс ұсынатындар да көбейеді. Немесе өзіңіз-ақ жалақысы жоғары жұмыс іздей бастайсыз. Бастығыңызға «жалақымды көтеріңіз» деп те айта алатын боласыз. Жұмысыңыздан айырылып қалудан да, мүмкіндігі көп мекемелерге резюме жіберуден де қорықпайсыз.

Жаңа нәрсені үйрену, білу адам бойынан түрлі қорқыныштарды жойып, сенімділікті арттырады.


2. ҮЙРЕТІҢІЗ

15-30 жыл тәжірибесі бар маманның білетіні көп-ақ. Тәжірибеңізбен бөлісіңіз. Ол үшін әлеуметтік желілерде өз парақшаңызды ашып, жүргізуді бастаңыз.

Мысалы, бухгалтер болсаңыз, жалақыны есептеудің формуласын парақшаңызға қысқа-нұсқа етіп жазыңыз. Еңбек демалысы қалай есептелетіні туралы видео түсіріп жүктеңіз. Декреттік демалысқа шығатын әйелдің бір реттік жәрдемақысын есептеудің жолдарын көрсетіп, мысалдар жазыңыз. Жұмыстан шыққан маманға жалақысынан бөлек қосымша қандай ақы төленетіні жайлы жазыңыз.

Бұлар сізге оп-оңай, өйткені сіз 15-20 жылдан беріп күнде осы формулалармен жұмыс істеп келесіз. Ал көпшілікке бұл қарапайым формулалар мен жазбаңыздың көп пайдасы тиеді. Әсіресе жұмысқа енді орналасқан жас маман сіздің парақшаңыздағы пайдалы жазбаларыңыздан көп нәрсе үйренеді. Ол үшін сізге алғыс айтады. Ал алғыс есту, басқаға пайдаңыздың тигенін білу адамға шабыт береді.

Сізді іздеп жүріп оқитын оқырмандар көбейген соң бір айлық, екі күндік ақылы курстар жүргізуге көшсеңіз болады. Басқаларға пайдаңыз тиіп, сауап іс жасап жатқаныңыз үшін жаныңыз рақат табады.


Үйрену де, үйрету де адамды ізденіске түсіреді. Бойына, ойына қуат береді. Сонымен бірге бір нәрсені үйрену мен үйрету істеп жүрген жұмысыңызға махаббатыңызды ашады.


Ж. СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Өкінбес үшін ҚАЙ уақытта ҚАНДАЙ іске, КІМГЕ көңіл бөлу керек?

Сіз неден ЗАРЯД аласыз? (тест)