Өмірді өзгертудің ЕҢ ЖЫЛДАМ ЖОЛЫ

0
6 038

Не нәрсенің болса да ең жылдам жолын іздейтін пендеміз ғой. Бірақ, жылдам жол – қиын әрі ауыр, ал оңай жол – ұзақ болатынын есте ұстағанымыз абзал. Егер, сіз қиын да болса жылдам жолды таппай жүрсеңіз, бұл кеңес сізге арналады.


Өмірді өзгертудің ЕҢ ЖЫЛДАМ ЖОЛЫ

Канадалық жазушы, әлемге белгілі бизнес-тренер Брайан Трейси «егер адам үздіксіз өзімен жұмыс істейтін болса, аз уақытта-ақ өмірін өзгерте алады» дейді. Ол небәрі 25 жасында алпауыт компанияның президенті болған, бірнеше тілде еркін сөйлей білген. Бұндай жетістікке небәрі 2-3 жылда жеткен Брайан Трейси секілді болмасаңыз да, 2019 жылы өміріңізге өзгеріске қадам жасауды бастағыңыз келетін шығар. Олай болса, Брайан Трейсидің мынандай қарапайым кеңестерін бұлжытпай орындаңыз!

Б. Трейси «Жайлы аймақтан шығып өз өміріңді өзгерт» деп аталатын кітабында былай дейді:


Маңызды екі шаруаның ҚИЫНЫНАН БАСТАҢЫЗ!

Егер, сізге бүгін екі шаруаны тындыру керек болса, сіз қайсысынан бастар едіңіз: жеңілінен, әлде қиынынан?

Көбісі «бірінші оңай істі атқарып тастайын, сосын қиынына кірісемін» дейді. Жоқ, алдымен көлемді әрі қиын шаруаны жылдам қолға алып, оны бітіргенше ешнәрсеге алаңдамаңыз. Соңына дейін жеткізгеннен соң ғана келесі іске кірісуге болады.

Әр күні атқарылуы тиіс жұмыстың ішінде «бастысы» болатыны белгілі. Ол қаншалықты қиын болса да, ең бірінші басты істі атқаруды өмірлік күн тәртібіңізге енгізіңіз. Жетістікке жеткен белгілі адамның бәрі де ең бірінші маңызды әрі басты шаруаны атқарып тастайтын болған. Ауыр жұмыс орындалған соң, қалғандарын еңсеріп тастау түк қиындық тудырмайды.

1-КЕҢЕС: Ешқашан жеңіл істен бастамаңыз! Неге? Алдымен, қиын істі бітіргеннен соң, адамда ерекше күш, энтузиазм, өзіне деген сенімділік артады. Ал, өмірін өзгерткісі келетін адамға бұл үшеуі өте қажет!


Жұмысты СОҢЫНА ДЕЙІН ЖЕТКІЗІҢІЗ!

Көпшілігіміз бастаған істі соңына дейін орындамаймыз. Орта жолда аяқсыз қалып кеткен жоспар да, шаруа да көп. Ал, сіз бүгіннен бастап қолға алған кез келген істі соңына дейін жеткізуге дағдыланыңыз. Иә, осы дағдыны бойыңызда қалыптастыруға бар күшіңізді салыңыз.

2-КЕҢЕС: Бастама, бастаған соң тастама! Бастаған жұмысты аяқтау арқылы ұқыптылыққа үйренесіз. Біртіндеп өміріңізді реттеуге үйренесіз. Бұл тәніңізді, уақытыңызды және өміріңізді басқаруға көмектеседі.


Қағазда «ОЙЛАУДЫ" ҮЙРЕНІҢІЗ!

Стивеном Кови: «Баспалдақпен көтерілерде оның мақсатыңыз орналасқан қабатқа алып баратынын анықтап алыңыз» дейді. Иә, кез келген істі алдымен қағаз бетінде жоспарлап алған дұрыс. Әйтпесе, уақытыңызды босқа жоғалтасыз.

Мақсат қағазға түсіріліп, парақ бетінде жазылмайынша, ол жай арман, фантазия ғана. Онда қуат жоқ.

Қуаттандыру үшін, қағаз бетіне түскен мақсатыңызды бірнеше қадамға бөліп қарастырыңыз. Әр қадамның басталуы мен орындалып аяқталуы тиіс мерзімді жазыңыз. Осы мақсатқа жетуіңіз үшін қажет іс-әрекет пен құралдарды т.б. рет-ретімен жазып шығыңыз. Енді мақсатыңыз жоспарға айналды.

3-КЕҢЕС: Жоспар арқылы алыстағы немесе үлкен көлемдегі мақсатыңызды қағаз бетінде кішкентай масштабта көре аласыз, бұл қиын істі оңайлатады.


Брайан Трейси ұсынған осы үш кеңеспен үш-ақ қадам жасасаңыз, өміріңізге өзгеріс енетініне 100 пайыз сене беріңіз.


СОНЫМЕН, Брайан Трейсидің кеңесін орындауды дәл қазір бастаңыз. 2019 жылдың соңына дейін жеткіңіз келетін 10 мақсатыңызды тізіп шығыңыз. Оның арасынан ең бастысын таңдап алыңыз. Оған жету үшін сізге не қажет, жоспар құрыңыз.

Жоспарда мақсатыңызға барар оңай әрі қиын жолды қарастырыңыз. Қайсы жолмен жүресіз? Әрине, Брайан Трейсидің 1-кеңесіне сүйеніп, қиын жолды таңдаймыз, ал бұл жолмен мақсатыңызға жылдам жете аласыз. Ол үшін Б.Трейсидің 2-кеңесін күнде орындауыңыз керек. Яғни, мақсатыңызға апарар іс-әрекетті күндерге бөліп, әр күні орындалуы тиіс жұмысты аяқтап отырасыз. Сонда жыл соңына дейін мақсатыңызға міндетті түрде жете аласыз. Іске сәт!

(суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Сізге ҚАНДАЙ кітап оқыған ДҰРЫС?


Адамды АРМАНЫНА жеткізбейтін ЕКІ-АҚ СЕБЕП бар