Өзін-өзі құрметтейтін әйелдің 3 ережесі

0
1 206

Сіз үшін өзін-өзі құрметтеу деген не?


Өзін-өзі құрметтейтін әйелдің 3 ережесі

Фотолар: ашық дереккөзден алынды

Кез келген гормониялық қарым-қатынаста құрмет жатыр. Өз-өзімен, яғни жаны мен тәні үйлесім тауып, бақытты өмір сүргісі келген әйел де осы басты ережені ұстануы қажет. Яғни, өзін-өзі құрметтеу. Ал ол негізгі үш ережеден тұрады.


1-ереже

Қай құрметтің түбіне үңілсеңіз де онда өзгеше бір сүйіспеншілік, махаббат жатқанын байқайсыз. Мысалы, ата-анаңызға деген құрмет, алғашқы ұстазға, ағаға, әпкеге құрмет т.б.

Әке-шешеңіз бай болмаса да, лауазымды қызметте істемесе де, сізге қымбат сыйлық жасамаса да, тіпті ренжісіп қалсаңыз да оларға деген құрметіңіз ешқашан аласармайды. Қашанда құрақ ұшып қарсы алып, төріңіз бен дәмді асыңызды ұсынасыз. Өзіңізге деген қарым-қатынасыңыз да әрқашан солай болуы керек.

Ажырассаңыз да, бала сүйе алмасаңыз да, отбасы құрмасаңыз да, семіріп кетсеңіз де, дос-жаран теріс айналса да, тіпті қатарыңыздың соңы болсаңыз да өзіңізді жақсы көріңіз.

Өзіңізді бүкіл кемшіліктеріңізбен, қателіктеріңізбен, проблемаларыңызбен бірге қабылдаңыз. Бұл – өзін-өзі сүю. Ал басыңызға нендей жағдай түссе де сүюді тоқтатпау – құрмет. Бұл ең бірінші және маңызды ереже.



2-ереже

Өзін-өзі құрметтейтін әйел қарбалас тірліктің арасынан өзіне, өз денсаулығына уақыт таба алады. Ол тісі түсіп қалса, кетік тіспен жыл бойы жүре бермейді. Бір жері ауырса, шыдап келесі айды, оңтайлы сәтті күтіп отырмайды. Есік алдындағы дүкенге, қоқыс төгуге тізесі шығып кеткен киіммен бармайды. Үйінде де тозығы жеткен киіммен жүрмейді. Арзан болса да таза, бүтін киімге ескі киімдерін, бұйымдарын жаңалап отырады.

Ол шеті кетілген ыдыспен тамақ ішпейді. Шаруасы көп, шаршап тұрса да жуынуды, тісін жууды ұмытпайды. Зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстайды.

Бір сөзбен айтқанда, өзін-өзі құрметтеудің бір белгісі – өзіне күтім жасау, тәнді, киім мен ұйықтайтын көрпе-төсекті таза ұстау, салауатты өмір салтын ұстану.


3-ереже

Өзін құрметтейтін әйел – ешкімнің, тіпті ең жақын адамының да физикалық және моральдық қорлауына, адамның құлы, жағдайдың құрбаны болуға жол бермейді. Ол өзін қорғай алады.


Есте ұстаңыз, өзін-өзі құрметтемейтін адамды басқалар да сыйламайды. Ал өзіңізді құрметтеуді үйрену осы үш ережеден басталады.

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Қыз баланы зорлық-зомбылықтан қорғайтын 4 кеңес

Бір жасар БАЛАДАН мына 7 ЖАҚСЫНЫ үйренуге болады