Өзіңізді де БАЛАДАЙ еркелеткенде ТАБЫСТЫ әрі БАҚЫТТЫ боласыз

0
3 034

Барлық отбасылық, қаржылық қиындықтар сол кішкентай баланы елеусіз қалдырғандықтан пайда болады екен.


Өзіңізді де БАЛАДАЙ еркелеткенде ТАБЫСТЫ әрі БАҚЫТТЫ боласыз

Неше балаңыз бар? Сіз де қазір басқалар сияқты үнемі бір балаңызды санаққа қоспайтыныңызды, оған мүлде көңіл бөлмейтіндігіңізді аңғартып отырсыз. Сізде тағы бір бала бар ғой. Ол кім?


КІМ?

Иә, ол – өзіңіз! Есімі алты құрлыққа белгілі мотиватор-жазушы, саналы ғұмырын мәселелер мен аурулардың психосоматикасын зерттеуге арнаған Луиза Хей әр адамның ішінде кішкентай бала өмір сүріп жатқанын айтады. Ондай кішкентай бала еркектің де, әйелдің де, отбасы құрмағандардың да, кәрі мен жастың да ішінде бар екен.

Бұл «кішкентай баланы» – тұлғаңыздың бір бөлігі, іргетасыңыз, бүкіл естеліктер мен ақпаратты сақтаушы флеш-картаңыз, шығармашылықтың қайнары немесе қуат көзі деп түсінуге де болады. Ішкі гормонияға тесеңіз де рұқсат.



НЕГЕ іштегі «кішкентай баламен» байланысу керек?

Адамның жетістігі, табысы мен бақыты, бәрі-бәрі де осы «кішкентай баламен» байланыста, оның психологиялық саулығына байланысты дейді адам жанын зерттеуші мамандар.

Оған бір-ақ нәрсе қажет – сіздің мейір-махаббатыңыз! Іштегі кішкентай өзіңізбен жақсы қарым-қатынаста болғанда ғана, өмірмен қарым-қатынасыңыз реттеледі. Кеудеңіздегі «кішкентай бала» көңіліндегі реніш кірін жумайынша, сізді өмір ренжіте береді. Жүрегіңіздегі кішкентай өзіңізді жақсы көрмейінше, сізді айналаңыздағылар сіз қалағандай сүймейді.

Тағы да қайталап айтамын, «кішкентай баланың» бақытты болуы үшін оған көп нәрсе қажет емес. Тек мейір-махаббат керек, ата-анасы әрқашан қасында болса және қажетті көңіл бөлсе болғаны. Ендеше, ішіңіздегі «кішкентай баланы», яғни кішкентай өзіңізді махаббатыңызбен сауықтырып, мейіріміңізбен бақытты етіңіз және оған өзіңіз ең жақсы ата-ана болыңыз.


Оны жақсы көріп, махаббатпен өсіріп, осы уақытқа дейін көңілінде жиналған ренішті мейіріммен жуу үшін алдымен онымен байланыс орнатуыңыз қажет. Ал ішкі өзіңізбен байланысу үшін мына техникалардың көмегіне жүгініңіз.



№1 ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТЕХНИКА

1-қадам: Бала кездегі фотоальбомды ақтарып, түріңіз анық көрінетін суретіңізді табыңыз. Көзіне қараңызшы. Бақытты баланы көріп тұрсыз ба? Әлде мұңды ма? Неден қорқып тұр? Осы секілді сұрақтарға жауап іздеп, онымен сөйлесіңіз.


2-қадам: Балалық шағыңызды еске түсіріңіз

- Ата-анаңыз сізбен қандай қарым-қатынаста болды?

- Сізді қалай еркелетті?

- Мектептен келгеніңізде қалай қарсы алды?

- Жиі құшақтап, маңдайыңыздан сүйді ме?

- Сізге «бақытым» деп қарады ма, әлде «бақытыма кедергі» деді ме?

- Қай қылығыңыз, қай ісіңіз үшін мақтады?


3-қадам: Ата-анаңыздан күткен сөздерді айтып еркелетіңіз

- Кішкентай кезіңізде, бастауыш сыныпта оқып жүрген шағыңызда ата-анаңыздан қандай мақтау сөздер естігіңіз келген еді? Дәл қазір сол сөздерді өзіңіз суреттегі кішкентай балаға айтыңыз.

- «Мен сенімен мақтанамын», «Өмірімнің мәні, бақытысың сен», «Сені өте қатты жақсы көремін» деп, суретті құшақтаңыз, маңдайынан сүйіңіз.

- «Сенің армандарыңды орындаймын», бақытты етемін» деп уәде беріңіз.

ЕРЕЖЕ: Ата-анаңызды кінәламаңыз, айыптамаңыз, оларға ренжімеңіз. Жаттығу барысында жылағыңыз келсе немесе кейбір естеліктер еске түсіп күлкіңіз келсе, өзіңізге рұқсат беріңіз. Жаттығудың 3-қадамын күнде (шамамен 2-5 минут), бір ай бойы қайталайсыз.



№2 ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТЕХНИКА

Бала кездегі өзіңізбен хат арқылы «сөйлесуге» де болады. Бұл әдіс балалық шағындағы суретін таба алмағандарға арналады. Ал суретпен диалог құрғандар жасаса, нәтиже жылдамдай түседі.


1-қадам: Екі түсті қаламсап және бірнеше таза парақ қажет. Мысалы, көк түсті сиямен ересек өзіңіз, ал «кішкентай бала» (өзіңіз) қызыл түсті сиямен хат жазады.

Оңаша бөлмеде отырып хат жазуды бастаңыз. Бұдан былай онымен бірге өмір сүретініңізді, оған ең жақсы ата-ана болатыныңызды, әрқашан қорғап-қолдайтыныңызды жазыңыз. Хатыңызды сұрақпен аяқтаңыз. Мысалы, «Сенің бақытыңа не жетіспейді деп ойлайсың?», «Арманың не?», «Көздеріңнен бақыт нұрын көруім үшін не істеуім керек?» т.б.


2-қадам: Балалық шағыңызды еске түсіре отырып, кішкентай бала боп жауап хат жазыңыз. Мүмкін әкеңіз күнде ішіп келіп, сабақ оқи алмаған шығарсыз. Мүмкін мектепте балалардан жиі таяқ жеген боларсыз. Анаңыз кешкіқұрым балалармен ойнауға рұқсат бермей, бала тәрбиесінде қатал болса, оны жазыңыз. Осы күнге дейін ешкімге айтпаған бала кезде қалған жан жарақаты болса, оны да жазыңыз. Сізден басқа ешкім оқымайды ғой, «жарақаттың» сөзбен немесе жазу арқылы сыртқа шығуы маңызды. Қателіктері үшін ата-анаңыз қолданған жазалардан іштегі кішкентай бала әлі де қорқатын болса, қорқыныштарын жазуы керек.

Жаттығудың 2-қадамында жазылған жазбадан 1-қадамда жазған сұрақтарыңызға нақты жауап таба аласыз. Тіпті «оның» жауабын іштей біліп отырмын дегеніңізбен, сіз күтпеген жауап алуыңыз да мүмкін.

ЕРЕЖЕ: Жаттығу барысында іштегі «кішкентай бала» реніштерін сыртқа шығарады. Реніш толық шығуы үшін бұл техниканы бір ай бойы үзбей жасау керек. Күнде бір-екі сөйлем болса да ішіңіздегі «кішкентай балаға» хат жазасыз, ол да жауап ретінде шағын болса да хат жазуы міндетті. Хаттарды күнде өртеп отырыңыз. Күлді қоқысқа тастаңыз немесе суға ағызып жіберіңіз (құбыр суына ағызсаңыз да болады).



№3 ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТЕХНИКА

Бұл жаттығу бала кездегі суреті мен хат жазуға мүмкіндігі (денсаулығы, көзі нашар көреді т.б.) жоқ адамдарға арналады. Ал екі техниканы да жасағандар бұл психологиялық жаттығуға да уақыт тауып жатса, тазару процесі жылдамдайды.


1-қадам: Терең тыныс алыңыз. Ойыңызды, денеңізді босаңсытыңыз. Басыңыздан аяқтарыңыздың ұшына дейін ойша асықпай шолып шығыңыз. Көзіңізді жұмып, 5-6 жасар кездегі өзіңізді елестетіңіз. Қарсы алдыңызда отырған оған қолыңызды созып «Мен сенің болашағыңмын. Мен сені сүю үшін, бақытты ету үшін осындамын» деп айтыңыз. Оның кішкентай қолдарынан ұстап өзіңізге тартып, құшақтаңыз. Құшақтап отырып, өміріңіздегі маңызды кезеңдерді еске түріңіз: алғаш рет мектепке барғаныңызды, мектепті бітірген сәтті, студент атанғаныңызды, отбасы құрған уақытты, тұңғышыңыздың өмірге келгенін (т.б. жағымды сәттерді ғана) еске алып, өткен шақтың әр сәтінен қазіргі өзіңізге махаббат жолдаңыз.


2-қадам: Сосын ойша қолынан жетектеп үлкен айнаның алдына ертіп әкеліңіз. Қатар тұрып айнадағы бір-біріңізге махаббатпен қараңыз. Ол айнаға еніп, есейді, қазіргі өзіңізге айналды.


3-қадам: Көзіңізді ашып, айнаға жақындап барыңыз. Одан іштегі «кішкентай баланың» есейгенін, өзіңізді көрдіңіз. Оның көздеріне қарап, «Мен сені жақсы көремін», «Сенің мінезіңді, сымбатыңды, ойларыңды жақсы көремін» деп махаббатқа толы сөздеріңізді айтыңыз.

ЕРЕЖЕ: Жаттығудың 3-қадамын бір ай бойы, күнде айнаға қараған сайын қайталаңыз.


Осы үш жаттығудың өзіңізге қолайлысын, ұнағанын таңдап, бүгіннен бастап бір ай қайталаңыз. Үшеуін де жасауға болады.


Балалық шағыңыз бақытсыз өтсе, оған ата-ана кінәлі. Олар сізге уақыт пен көңіл бөлмеген, тиісті махаббатын бермеген шығар? Бірақ оны психологиялық осы үш техника көмегімен реттеуге болады. Бүгіннен бастап өзіңізге өзіңіз ең жақсы ата-ана болыңыз. Ересек сіз қазір ішіңіздегі «кішкентай өзіңізге» уақыт пен көңіл, махаббат бөлмесеңіз, онда бақытсыздықтан, сәтсіздіктен, мұңнан құтыла алмайсыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Жазира СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ҮЛКЕН проблеманың КІШКЕНТАЙ ғана шешімі бар (психологиялық тест)

ОСЫНЫ жасаған ҰЛ үйленіп, ҚЫЗ тұрмысқа шығады