Қарапайым, бірақ тез әсер етеді
фото: ibpf.org
Ең жақын адамыңыздан немесе сүйікті жұмысыңыздан, я болмаса денсаулығыңыздан айырылдыңыз ба? Жаныңыз қиналып, күйзелісте жүрсіз бе? Өмірде мән, қызық қалмағандай ма?
Түңілмеңіз, логотерапия әдістері көмектеседі.
Не?
Логотерапия – адамның өмірінің мағынасы мен мақсатын іздеуге негізделген психотерапияның бір түрі. Бұл әдіс адамның психикалық және эмоционалдық қиындықтарын, психологиялық дағдарыстарды мағына іздеу арқылы жеңуге көмектеседі.
Бұл терапия әсіресе, өз өмірінің мәнін жоғалтқан немесе депрессияға түскен адамдар үшін өте қажет. Бір сөзбен айтқанда, логотерапия – өмірдің мәнін іздеу арқылы емдеу.
Кім?
Психотерапияның бұл әдісін австриялық психиатр, невролог Виктор Франкл (1905-1997) енгізген.
Виктор Франкл Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік концлагерьлерде 3 жыл өмір сүрген. Ол ата-анасынан, әйелінен және бауырларынан айырылды. Осындай ауыр жағдайда ол адамдардың екі түрлі әрекет ететінін байқады:
- Біреулер үмітін жоғалтып, психологиялық күйреуге ұшырады.
- Кейбіреулер азапқа қарамастан, өмір сүрудің мәнін тауып, рухани күшін сақтады.
Франкл осы айырмашылықтың себебін зерттей келе, адамды өмірде алға жетелейтін ең басты нәрсе – оның өмірінің мәні екенін түсінді. Осы ойлар оны концлагерьден шыққаннан кейін "Адамның мән іздеуі" кітабын жазуға итермеледі.
Кітапта ол өзінің концлагерьдегі тәжірибесін баяндап, логотерапия әдісін түсіндіреді. Логотерапия әдісінің басты идеясы:- Адам қандай жағдай болмасын, өмірінің мәнін таба алады.
- Азап шеккеннің өзінде мағына бар.
- Адамның соңғы еркіндігі – қандай жағдай болмасын, оған қалай қарау керектігін өзі таңдау мүмкіндігі.
Пайдасы қандай?
- Адамның өміріндегі мақсат пен мәнді табуға көмектеседі.
- Күйзеліс пен депрессияны жеңуге ықпал етеді.
- Өмірдегі қиындықтарға төзімділікті арттырады.
- Адамның өз іс-әрекетіне жауапкершілігін күшейтеді.
- Өмірдің мәнін тек жетістіктер мен жеңістерден емес, қиындықтар мен сынақтардан да табуға болатынын түсіндіреді.
- Адам кез келген жағдайда өзінің өмірлік мағынасын тауып, өмірін жалғастыра алатынын көрсетеді.
1-мысал: Бір адам көп жылдық тәжірибесі бар маман болғанына қарамастан, кенеттен жұмысынан айырылды. Ол өзін қажетсіз сезініп, күйзеліске түсті. Бірақ логотерапия принциптері бойынша ол өзінің өмірінің мәнін басқа жақтан іздеуге тырысады. Ол жастарды оқытуға, өз кәсібін бастауға немесе бұрын қызықпаған жаңа салада дамуға мүмкіндік ретінде қарайды. Нәтижесінде, ол жаңа өмірлік мағына тауып, күйзелістен шығады.
2-мысал: Көп жыл бақытты некеде болған әйел кенеттен ажырасады. Бұл оған ауыр соққы болып тиеді, ол өзін жалғыз әрі өмірдің мәнін жоғалтқандай сезінеді. Бірақ логотерапия арқылы ол өзінің жеке дамуына, балаларына көбірек көңіл бөлуге, жаңа мақсаттар қоюға тырысады. Уақыт өте келе, ол ажырасуды жаңа мүмкіндіктер ретінде қабылдап, жаңа өмір бастауды үйренеді.
3-мысал: Бір адам ауыр дертке шалдыққанын біледі. Басында ол үмітсіздікке беріледі, өмір сүрудің мәнін жоғалтқандай күй кешеді. Бірақ логотерапия көмегімен ол өзінің осы жағдайдағы миссиясын ойлайды: отбасына сүйіспеншілік сыйлау, өз тәжірибесін бөлісу, шабыт беру. Осылайша, ол ауруына қарамастан, өз өмірін мәнді әрі құнды өткізуге шешім қабылдайды.
Терапия әдістері
Логотерапия адамға өзінің қиындықтарын жеңуге көмектесетін психологиялық әдістерді ұсынады. Соның ішінде мына 5 әдісті өз бетіңізше пайдаоанып психологиялық сауыға аласыз.
1-әдіс: дереализация
Парадоксальды ниет тәсілі. Бұл әдіс адамның қорқынышын немесе мазасыздығын жеңуге көмектеседі. Оның мәні – адам өз қорқынышын керісінше күшейтуге тырысып, оны саналы түрде қабылдайды.Мысал: Егер бір адам көпшілік алдында сөйлеуден қорықса, ол өзінен әдейі "мен қатты қобалжып, бәріне көрінетіндей дірілдейін" деп талап етуі керек. Осылайша, ол қорқынышты бақылауына алып, ол күткендей әсер болмайды.
Өзін-өзі ұмыту тәсілі деуге келеді. Бұл әдіс адамның шамадан тыс өзін-өзі талдауын тоқтатуға бағытталған. Яғни, адам өз мәселелеріне емес, басқаларға көмектесуге немесе өзіне маңызды істерге назар аударуы керек.
Мысал: Депрессияға түскен адам өз қайғысына үнемі назар аудара бермей, еріктілікпен айналысып, басқа адамдарға көмектесуге күш салса, ол өзінің өмірінің мәнін таба алады.
3-әдіс: мағынаға жетелеу
Бұл әдіс адамның өмірінде мағыналы мақсат табуына көмектеседі. Франкл "адамға мотивация беру үшін міндетті түрде қандай да бір қиындық немесе мақсат қажет" деп санаған.Мысал: Бір адам өмірінің мәнін жоғалтқандай сезінсе, оған жаңа мақсат қою ұсынылады: саяхаттау, кітап жазу, жаңа мамандық меңгеру немесе қоғамға пайдалы бір іс жасау. Осылайша, ол ішкі вакуумды толтырып, қайта жанданады.
4-әдіс: экзистенциялық вакуумды еңсеру
Кейде адам өмірден мән жоғалтқандай сезінеді, яғни "экзистенциялық вакуумға" түседі. Бұл күйден шығу үшін Франкл адамның үш негізгі жолмен мән таба алатынын ұсынды:
- Шығармашылық (жасаушы әрекет) – жазу, сурет салу, өнермен айналысу, ғылыммен шұғылдану.
- Тәжірибе (қабылдау және сүйіспеншілік) – табиғатты тамашалау, жақсы қарым-қатынастар құру, өнерден ләззат алу.
- Қайғы-қасірет арқылы мән табу – өмірде қиындыққа кезіккенде одан жаңа мағына көру.
Мысал: Бір адам өмірде өз орнын таппағандай сезінсе, ол жаңа қабілеттерін дамытып, өнер немесе ғылыммен айналысып, өз мағынасын табуға тырысуы керек.
5-әдіс: өмірлік мақсатты анықтау
Франкл адамның өмірінде белгілі бір мақсат болуы керектігін айтқан. Егер мақсат болмаса, адам өзін бос әрі мазасыз сезінеді. Бұл орайда Франкл "Мақсатқа жетелейтін сұрақтар" әдісін қолдануды ұсынады.
- Менің өмірімдегі ең маңызды нәрсе не?- Мен қандай құндылықтарға сенемін?
- Мен не үшін оянамын?
- Басқа адамдарға қандай пайда әкелемін?
Мысал: Егер адам өзін ешкімге керек емес сияқты сезінсе, ол өз тәжірибесімен бөлісіп, жастарға тәлімгер бола алады немесе қайырымдылық жұмыстарымен айналысып, өзін пайдалы сезінеді.
6-әдіс: өзін-өзі дистанциялау
Бұл әдіс адамның өзін эмоцияларынан немесе жағымсыз ойларынан бөлек қарастыра алуын үйретеді. Яғни, адам өз проблемасына сырт көзбен қарап, жағдайды басқа қырынан көре алады.
Мысал: Адам үнемі күйзеліс пен негатив ойлардың әсерінде жүрсе, ол өзінің жағдайына сырттан қарап: "Егер менің орнымда досым болса, мен оған не айтар едім?" деп сұрауы керек. Осылайша, ол мәселені бейтарап қарастыра бастайды.
7-әдіс: өмірдің өткіншілігін түсіну
Франкл өмірдің шектеулі екенін түсінген кезде адам өз уақытын бағалай бастайды деп есептеген. Оның бұл тәсілінде адамға "егер менде тек бір жыл өмір қалса, не істер едім?" деген сұрақ қойылады.Осылайша, ол өмірінде не маңызды екенін анықтайды.
Мысал: Егер адам өмірін бос өткізіп жатқанын сезсе, ол осы әдісті қолдану арқылы маңызды нәрселерге көбірек уақыт бөле бастайды.
Жалпы логотерапияда осы секілді қарапайым, бірақ дереу әсер ететін әдіс көп. Оның барлығы да депрессия және өмірлік дағдарыстарды жеңуге бағытталған.Жазира Смағұлова,
Тағы да оқыңыз