​Марадонаны өлер алдында емдеген дәрігерлер 25 жылға дейін сотталуы мүмкін

0
134

Марадона 2020 жылы 25 қарашада 60 жасында қайтыс болды.


​Марадонаны өлер алдында емдеген дәрігерлер 25 жылға дейін сотталуы мүмкін

Фото: Sven Simon / Global Look Press

ERNUR.KZ. Аргентинаның аты аңызға айналған футболшысы Диего Марадонаның өлер алдында қамқоршысы болған 8 медицина қызметкерінің жетеуінің ісі сотта қаралады. Оларға «өз ісіне немқұрайды қарады, соның салдарынан әйгілі футболшы көз жұмды» деген айып тағылып отыр, деп жазады inform.kz.

ВВС-дің хабарлауынша, дәрігерлер ісі байқаусызда кісі өлтіру бабы бойынша қаралады.

Марадона 2020 жылы 25 қарашада 60 жасында қайтыс болды. Бұған дейін оған миындағы қан ұйығын алып тастау үшін ота жасалған. Оның ішімдік пен нашақорлықтан емделгені де белгілі болды.
Прокуратура футболшы қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай дәрігерлер мен медбикелерге қатысты тергеу амалдарын бастады. 2021 жылы Марадона өлімінің мән-жайын зерттеген 20 сарапшыдан тұратын комиссия медициналық топтың әрекетін «орынсыз, жеткіліксіз және жауапсыз» деп тапты.
Сарапшылар (сот атап өткендей) аңызға айналған футболшы тиісті медициналық мекемеде дұрыс емделгенде (Марадона үйінде қайтыс болды — BBC) оның «тірі қалу мүмкіндігі бар еді» деген қорытындыға келді.
Айыпталғандардың арасында Марадонаның нейрохирургы Леопольдо Луке (оның жеке дәрігері болған), психиатр және медбикелер бар. Олардың барлығы футболшының өліміне кінәлі екенін жоққа шығарып отыр.
Айыпталушылар өлімге әкелетінін біле тұра, абайсызда адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылса, олар сегіз жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Диего Марадона футбол тарихындағы ең ұлы ойыншылардың бірі болып саналады. ФИФА ресми сайтындағы дауыс беру қорытындысы бойынша ол ХХ ғасырдың үздік футболшысы танылды.