Карантин кезінде дөрекі полиция қызметкерінің үстінен қайда шағымдануға болады

0
1 317

8 (7252) 21-43-23 сенім телефонына полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз іс-әрекеттер мен әдепсіз мінез-құлықтар орын алған жағдайда қоңырау шалып, тиісті шара қолдана аласыз.


Карантин кезінде дөрекі полиция қызметкерінің үстінен қайда шағымдануға болады

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасында 8 (7252) 21-43-23 сенім телефоны жұмыс істейді, оның көмегімен азаматтар полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз іс-әрекет жайттары туралы хабарлай алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сондай-ақ, "WhatsApp" мессенджері арқылы жүгінуге болады 8-702-371-55-66.

Осындай жағдайларды болдырмау үшін ӨҚБ-ның қызметкерлерімен Шымкент қ. ПД-нің жеке құрамы арасында заңдылық пен тәртіптің бұзылуының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар мен іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі.

Карантин кезеңіне арнайы жоспар әзірленді. Төтенше жағдай кезінде азаматтармен дөрекі қарым-қатынас жасамау және құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында қала периметрі бойынша блок-бекеттерде, карантиндік аймақ шегіндегі бөгеу бекеттерінде, жұқтыру ошақтарында және басқа да объектілерде жұмылдырылған полиция қызметкерлері ерекше бақылауда.

Оған қоса, қызметкерлердің жұмысын бақылаудың бірнеше түрі бар. Мысалы, бейнетіркеуіштер патрульдік полицейлердің жұмысын тексеріп қана қоймай, кейбір даулы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Өзіндік қауіпсіздік басқармасы мүдделі қызметтермен бірлесіп, полиция қызметкерлеріне қатысты сыни жарияланымдарды анықтау үшін әлеуметтік желілер мен БАҚ-на мониторинг жүргізеді. Мұндай жарияланымдар анықталған жағдайда әрбір жайт бойынша қызметтік тексерулер жүргізіледі.

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз іс-әрекеттер мен әдепсіз мінез-құлықтар орын алған жағдайда, Шымкент қ. ПД-нің ӨҚБ бастығының орынбасары Альмахан Темірхановтың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жүгінуге болады.