Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жарнасын есептеу шегін 50 ең төменгі жалақыға дейін көтеруді ұсынып отыр.
ERNUR.KZ. Қазақстанда жоғары жалақы алатын азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне бұрынғыдан көбірек жарна аударуы мүмкін, деп жазады baq.kz.
Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жарнасын есептеу шегін 50 ең төменгі жалақыға дейін көтеруді ұсынып отыр.
Аталған өзгеріс туралы Мәжілісте "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша" заң жобасын талқылау кезінде айтылды. Құжаттың бірінші оқылымы өтіп жатыр.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, ұсынылып отырған өзгеріс 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі мүмкін. Қазір жарна есептеу 10 ең төменгі жалақы шегімен шектелсе, жаңа өзгеріске сәйкес бұл көрсеткіш 50-ге дейін ұлғайтылмақ.
Бұл түзету шамамен 508 мың жалдамалы қызметкерге немесе барлық жұмыс істейтін азаматтардың 9 пайызына әсер етеді. Себебі қазіргі жүйеде жоғары табысы бар адамдар МӘМС-ке табысына сай емес, аз мөлшерде жарна төлеп отыр, — деді министр.
Министр сондай-ақ халықаралық тәжірибеде табыс көлеміне шек қою іс жүзінде қолданылмайтынын айтты. Осылайша, ведомство жарна салу тәртібін әділетті ету үшін регрессивті жүйеден бас тартып, біркелкі мөлшерлемеге көшуді жоспарлап отыр.