Республика бойынша Шымкент қаласында азық-түлік бағасы ең көп қымбаттаған

0
2 984

Шымкент қаласы экономиканың бірнеше саласы бойынша республикамызда төменгі көрсеткіштерді көрсетіп отыр.


 Республика бойынша Шымкент қаласында азық-түлік бағасы ең көп қымбаттаған

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазақстан бойынша Шымкент қаласында азық-түлік бағасының қымбаттауы жағынан алдыңғы орында, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Шымкент қаласы республикамызда бірнеше көрсеткіштер бойынша төменгі орында тұр. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен отырыста ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өз баяндамасында айтты.

Нақтырақ айтсақ, Қазақстанда құрылысы төмен көрсеткішке ие сегіз аймақ қазірде төртке дейін қысқарған. Өкінішке орай, сол құрылысы кенжелеп тұрған өңірлер арасында Шымкент қаласы бар. Сонымен қатар, бұл тізімде Шымкенттен өзге Нұр-Сұлтан, Ақмола облысы, Маңғыстау облыстары да тұр.

"Өткен жылғы құрылыс жұмыстары мен ірі обьектілерді реконструкциялау көлемін есептемегенде Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылыс ағымдағы жылдың қаңтар, наурызында 1,9 пайызға өсті", - дейді министр Р.Дәленов.

Ал, негізгі капиталға инвестиция серпінінің едәуір бәсеңдеуі Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысында байқалады.

"Шымкент қаласындағы инвестициялардың елеулі қысқаруы негізінен мұнай өңдеу зауытын жаңартудың аяқталуына байланысты. Инвестицияларды тартуда озық серпінді Қызылорда облысы 2,3 есеге өсуімен көрсетуде", - деді ол.

Биылғы жылдың 1 тоқсаны бойынша аймақтарға жүргізілген талдаудың негізінде бірнеше көрсеткіштері төмендеген өңірлер айқындалған. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру және инвестициялар төмендесе, Шымкент қаласында да құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру және инвестициялар көрсеткіші көңілді көншітпейді. Ақмола облысының да құрылыс және инвестициялар бойынша жағдайы мәз емес екен.

"Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында азық-түлік тауарларына бағаның жоғары өсуі байқалады", - деді ҚР Ұлттық экономика министрі.

Жоғарыдағы суретте байқағандарыңыздай, азық-түлік бағасының ең жоғары қымбаттағаны Шымкент қаласында екен. Яғни, Шымқалада баға 8,5 пайызға өскен.

Сондай-ақ, Руслан Дәленов жыл басынан бірнеше көрсеткіш бойынша жақсы серпін көрсеткен 5 өңірді де атап өтті. Олар:

1) Атырау облысы

2) ШҚО

3) Қостанай облысы

4) Павлодар облысы

5) Қызылорда облысы