Мердігер ұйым өкілдеріне сапаға ерекше назар аудара отырып, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданы тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді.
Азаматтар толғандырған сауалдарын жолдап, мегаполисті дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Қала әкімі мен сала басшылары барлық сұрақтарға жауап беріп, азаматтар қозғаған бірқатар мәселені шұғыл шешіп, қосымша уақытты қажет ететін мәселелер қала әкімінің жеке бақылауына алынды.
Сонымен қатар, көшпелі кездесу барысында Ғабит Сыздықбеков Ю. Сареми көшесіндегі жол құрылысымен танысты. Мердігер ұйым өкілдеріне сапаға ерекше назар аудара отырып, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Онымен қоса Сайрам тұрғын алабының ішкі орам көшелерінің жағдайын тексерді. Салалық басқарма басшылығына орталық көшелерді асфальттеу, сондай-ақ келесі жылға арналған жоспарға жергілікті көшелерді қосуды тапсырды.
Мегаполис басшысы Таскен шағынауданы тұрғындарының өтініштерін де назарға алды. Кездесу барысында көшелерді абаттандыру және жарықтандыру, кәріз жүйесін жүргізу және қоғамдық көлік бағыттарын ұзарту мәселелері талқыланды.
Қала басшысы көшпелі кездесу соңында жауаптыларға азаматтармен кері байланысты күшейтіп, мәселелерді шешуде нақты тапсырмалар берді.