Меморандум баспанасы жоқ азаматтарды пәтермен қамтуға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен «Отбасы банк» АҚ-ның төрайымы Ляззат Ибрагимова ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Екі жақты меморандум негізінде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, энергетика және БАҚ саласының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жеңілдетілген несие беру мақсатында «Qamqor» өңірлік бағдарламасы әзірленді.
Айта кетейік, қалада 50 мыңға жуық азамат баспана кезегінде тіркелген. Олардың қатарында 1941 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 10 524 көпбалалы отбасы, 17 330 халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, 20 147 мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер, 28 жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар бар. Өткен жылы тұрғын үй кезегіне тіркелгендерге 3 мыңға жуық пәтер берілді. Оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, көпбалалы отбасыларға және жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға 748 пәтер табысталды. 1276 пәтер - «Отбасы банк» АҚ-ы арқылы «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ», «5-20-25» бағдарламалары бойынша несие негізінде берілді. Ал, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 324 арендалық, 1621 несиелік және жұмыс істейтін жастарға 888 пәтер беріледі деп жоспарлануда.