30 білім ұясында орын тапшылығы байқалады.
Шымкент қаласында 2025 жылға дейін инвесторлардың көмегімен 85 мектеп салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкентте 2025 жылға дейін 85 мектеп салынады. Оның кем дегенде 70 пайызы жеке инвесторлардың қаржысына бой көтермек. Бұл туралы әлеуметтік инвесторлармен кездесу барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мәлімдеді.
Оның айтуынша, Шымкентте 13 мектеп үш ауысым бойынша жұмыс істейді. Тағы 30 білім ұясында орын тапшылығы байқалады. Мектептер көптеп салынбаса, болашақта бұлар да үш ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр болуы мүмкін. Жалпы, қаладағы мектептердегі орын тапшылығы 22 мыңды құрап отыр. Сондықтан, мемлекет білім саласына жеке инвесторларды көптеп тартуға мүдделі.
—Биыл Шымкентте оқушылардың саны 20 мыңға көбейіп, 224 мыңға жетті. Өткен жылы 31 мың бала туған. Барлығын мектеппен қамту мемлекеттік бюджетке салмақ түсіруі мүмкін. Сол себепті мемлекеттік-жекеменшік аясында жан басына қаржыландыру жүйесімен жұмыс істейтін жекеменшік мектептерді көптеп ашу жоспарланып отыр. Мемлекет білім мен медицина саласына инвестиция құятын кәсіпкерлерге барынша тиімді жағдай жасап отыр. Алайда, бұл тек қыруар ақша табатын бизнес емес, оның ойнында зор әлеуметтік жауапкершілік бар. Сіздер бұл салаларға қаржы құйғанда ұрпақтың білімді, ұлттың дені сау болуы үшін жұмыс істейсіздер. Яғни, Сіздер кәсіптеріңізді жүргізе отырып ел дамуына үлес қосасындар. Әлеуметтік салаға келетін инвесторлар осы жауапкершілікті толық сезінсе, жұмыс сапалы болмақ, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Кездесуде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе жұмыс істеп жатқан инвесторлардың жобалары таныстырылды. Атап айтқанда, бүгінде Шымкентте қолға алынған 19 жоба көрсетілді. Оның 4-еуі емхана болса, қалған 15-і мектеп. Осы жобаларға жалпы 36 млрд теңге инвестиция тартылады.