Тіркелген өрттердің негізгі бөлігін тұрғын үйлер (39 өрт немесе 45,9%) мен көліктердегі (27 өрт немесе 31,8%) өрт оқиғалары құрап тұр.
Бүгін Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Жақсыбаевтың қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Баспасөз мәслихатында Департамент бастығы Мадияр Есенгелдіұлы Шымкент қаласы аумағында жыл басынан бері ТЖД тарапынан атқарылған жұмыстар туралы сөз қозғады.
– Жыл басынан бері Департаменттің жедел қызметтері 1 092 рет жедел шақыртуға шықты. Осы ретте 126 адам құтқарылып, төтенше жағдай аймағынан 32 адам эвакуацияланды. Сондай-ақ, 1 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Тіркелген өрттердің негізгі бөлігін тұрғын үйлер (39 өрт немесе 45,9%) мен көліктердегі (27 өрт немесе 31,8%) өрт оқиғалары құрап тұр. Департамент өзіне жүктелген міндеттер аясында тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу жұмыстарына көп көңіл бөлді. Халықпен жұмыс жасауға жергілікті атқарушы органдардың және «ҚазТрансГазАймақ» филиалының қызметкерлері тартылды. Сонымен қатар, Шымкент қаласының «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты қатарынан еріктілердің әлеуеті белсенді пайдаланылды, – деді М.Жақсыбаев.
Спикердің сөзінше, орман, дала өрттерінің алдын алу бойынша БАҚ-та 84 үгіттеу шарасы ұйымдастырылған. Телеарнадан 14 сұқбат (бейнеролик), радиодан 58 сұқбат, баспа басылымдарынан 12 мақала шығарылған. Ал «Өрт қауіпсіздігі және улы газдан уланудың, дала-орман өрттерін алдын алу» тақырыбында жыл басынан бері 30 520 үй аулаларын аралап, тұрғын үйлерде 139 405 адамды, 85 жиын өткізіліп, 7 098 адамды қамтыған. Баспа басылымдарынан 268 мақала шығарылып, телеарналардан 199 сұқбат, ал радиоарналардан 669 түсіндірме берілген.
Сонымен қатар, биылғы көктемгі су тасқынының залалын азайту бойынша бірқатар іс-шара өткізілген. Алайда еріген қар суының, жаңбыр түрінде жауын-шашынның және кей жерлерде ирригациялық жүйелері ақаулығы салдарынан 33 мекенжай бойынша аула мен көше аумақтарын су басқан. Қаладағы төтенше жағдайларды жою үшін Департаменттен 38 бірлік техника, 41 мотопомпа, 153 бірлік жеке құрам жұмылдырылған. Осы ретте 8 мың текше метр су сорылған.