Елордада Дэвис кубогының іріктеу кезеңі өтеді

0
805

Дэвис Кубогы - жүз жылдан астам тарихы бар ерлер теннисіндегі ірі халықаралық командалық жарыс.


Елордада Дэвис кубогының іріктеу кезеңі өтеді

ERNUR.KZ. Қазақстан теннис федерациясы 6-7 наурызда Ұлттық теннис орталығында Қазақстан мен Нидерланд командалары арасында 2020 жылғы Дэвис кубогының іріктеу матчын өткізеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Дэвис Кубогы - жүз жылдан астам тарихы бар ерлер теннисіндегі ірі халықаралық командалық жарыс. 1900 жылдан бері жыл сайын өткізіледі, 1979 жылдан бастап Халықаралық теннис федерациясының қамқорлығымен ұйымдастырылады. 2019 жылдан бастап - 18 құрамадан тұратын Әлемдік топ маусымның соңында бір апта бойы бас олжаны сарапқа салатын жаңа форматта өткізіліп келеді. Кубоктың қазіргі иегері - Испания құрама командасы.

Қазақстан ерлер құрамасы осы беделді турнирдің ширек финалына бірнеше рет шығып, атақты командаларды жеңді: Чехия (2011), Австрия (2013), Бельгия (2014), Италия (2015), Швейцария (2018).

2019 жылы Португалия командасын жеңгеннен кейін, біздің құрама 18-24 қарашада жаңа форматта Мадридте өткен Дэвис кубогының финал кезеңіне шықты. Испания астанасында Қазақстан құрамасы бірінші ойын күні Нидерланд командасын 2:1 есебімен жеңді, бірақ Ұлыбританиядан 1:2 есебімен ұтылып, плей-оффқа шыға алмады.

6 және 7 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін іріктеу ойындарында Қазақстан құрамасы тағы да Нидерланд құрамасымен кездеседі. Бұл Дэвис кубогының ақтық кезеңіне өтіп, қазақстандық теннисшілер әлемнің үздік командаларының қатарында болуға лайықты екенін дәлелдеуге мүмкіндік береді.